• RUB:
    4.81
  • USD:
    498.51
  • EUR:
    522.84
Басты сайтқа өту
Экономика 09 Қаңтар, 2023

Тыйым мерзімі ұзарады

226 рет
көрсетілді

Энергетика, Ішкі істер министрліктері және Ұлттық қауіпсіздік комитеті бірлесе отырып жанар-жағармайдың ішкі нарығында мұнай өнімдерінің жетіспеушілігінің туындауына жол бермеу үшін автомобиль көлігімен бензин, дизель отыны және мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерін әкетуге тыйым салған еді. Енді сол бұйрықтың мерзімін ұзарту көзделіп отыр.

Тыйым ұлттық экономиканы дамытудың тұрақтылығы мен орнықтылығын қамтамасыз ету және ішкі нарықта мұнай өнімдері тапшылығының пайда болуына жол бермеу мақ­са­тында енгізілмек. Бірлескен бұйрықтағы өзгерістер мұнай өнім­дерін шекара арқылы әке­ту­ге жол бермеуге ықпал ететін болады.

«ҚазМұнайГаз» басшысы Мағзұм Мырзағалиевтің айтуынша, биыл елімізде 17 млн тонна мұнай өнімі өндірілмек. Бұл – рекордты көлем. Сарапшылар сөзіне қарағанда, мұнай өнімдері халықаралық саудадағы үлесі тұрғысынан бүкіл тауарлық топтар ішінде 4-орында тұр. Өйткені мұнай өнімдері көптеген салада, әсіресе, өнеркәсіптің түрлі секторында шикізат ретінде пайдаланылады.

Экономикалық зерттеулер институтының ақпараты бо­йынша, мұнай өнімдерін экспорттауда талассыз жетекші ел – АҚШ. Олар жаһан экспортының 20 пайыздан астамын беріп отыр. Екінші орында – 10 па­йыз үлеспен Ресей мемлекеті. Бұдан бөлек, нарықтағы ірі ойыншылар ретінде Сингапур, БАӘ, Оңтүстік Корея, Қытай, Үндістан, Сауд Арабиясы елдері аталады.

«Әлемдік сұраныстың жартысынан көбі дамушы елдерге тиесілі. Бұл ретте олардың үлесі тұрақты өсіп келе жатыр. Ал дамыған елдер үлесі біртіндеп төмендеуде. Алайда қазір ядролық энергетикадан бас тарту тенденциясына байланысты қайта ұлғаюға көшті. Қазақстан үшін де мұнай өнімдері нарығын дамыту, бұл саладағы бәсекелестікті күшейту маңызды басымдық болып саналады. Бізде үш мұнай өңдеу зауыты бар – Атырауда, Павлодарда және Шымкентте. Сарапшылардың айтуынша, осы үшеуінің бірігіп берген ауқымды көлемінің өзі әлемнің алдыңғы қатарлы кәсіпорындарындағы көрсеткішті тіпті де маңай­ла­­­майды.

«Қайта өңдеу қуаты тапшы­лығының негізгі себебі эконо­ми­калық өсу және мұнай өнімдерін тұтынудың ұлғаюымен қатар, жаңа қуатты құруға жоғары күр­­­делі шығындар, инвестиция­ларды өтеудің ұзақ мерзімі және эко­логиялық талаптарды қа­таң­дату болып саналады», дейді сарапшылар.

2022 жылдың 9 айының қоры­тындысы бойынша Қазақ­стан­ға 431,8 млн доллар сомасына 326 062 тонна мұнай өнімдері әкелінген. Қазақстанға мұнай өнімдерін экспорттау бойынша Ресей (257 049 тонна – 274,4 млн доллар), Бельгия (7 953 тонна – 21,2 млн доллар), Түркия (6 198 тонна – 20,2 млн доллар), Германия (4 802 тонна – 19,8 млн доллар), Оңтүстік Корея (5 923 тонна – 14,2 млн доллар), Қырғызстан (12 914 тонна – 11,7 млн доллар), Финляндия (3 129 тонна – 11,7 млн доллар), Франция ( 4 302 тонна – 11,2 млн доллар), Нидерланд (2 203 тонна – 6,3 млн доллар), Жапония (1 461 тонна – 5,4 млн доллар) елдері үздік ондыққа кіреді.