Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев СҚО әкімі Айдарбек Сапаровпен кездесті. Күн тәртібінде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынатын мектептердің құрылысы талқыланды, деп хабарлайды Egemen.kz ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жобада облыс орталығы Петропавлда 4 мектеп салу көзделген. Білім ордаларын төрт шағын ауданда, атап айтқанда, Жас-Өркен, Орман, Қопай және Береке аудандарында салу жоспарланып отыр. Екі мектептің құрылысы биыл, тағы екеуі келесі жылы, яғни 2024 жылы басталады. Оқу-ағарту министрі құрылыстың уақытылы басталып, дер кезінде аяқталуына баса назар аударды.
«Барлық мәселені дер кезінде және сапалы орындау қажет. Мектептердің уақытылы тапсырылуына әкімдердің жауапкершілігі бекітілгенін білесіздер. Жаңа мектептерде балалардың сапалы білім алуына барлық жағдай жасалуы қажет. Сонымен қатар Мемлекет басшысы өскелең ұрпақ тәрбиесіне де ерекше көңіл бөлуді тапсырды. Білім беру ұйымдарында балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету де маңызды», деді Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев.