Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, 2025 жылға дейін медициналық жоғары оқу орындары студенттерінің жыл сайынғы шәкіртақысы 20 пайызға дейін ұлғайтылмақ. Осы ретте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасын іске асыру мақсатында биыл республикалық бюджет есебінен резидентура гранттарының саны 2 500-ге дейін көбеймек.
Денсаулық сақтау министрлігі Ғылым және адами ресурстар департаментінің мәліметінше, былтыр республикалық бюджет есебінен 4 700 білім беру гранты бөлінсе, оның 1 500-і резидентура үшін бөлінді. 2022 жылдың шілдесінде бекітілген медициналық білім берудің қабылданған мемлекеттік стандарты 2023 жылдан бастап дәрігерлік кадрларды даярлаудың үздіксіз интеграцияланған моделін енгізуге жол ашады. Бұл дәрігерлерді даярлаудың жалпыға бірдей қабылданған халықаралық қағидаттарына сәйкес келеді. Сондай-ақ университеттерді өз клиникалық базаларымен қамтамасыз етуде 6 университеттік аурухананың құрылыс жұмыстары басталғаны, денсаулық сақтауды дамытудың драйвері болуға мүмкіндік бермек.
«2025 жылға дейін шәкіртақыны жыл сайын 15%-20%-ға ұлғайту жоспарлануда. Бұл жақсы оқуға қосымша серпін береді және біздің жоғарғы оқу орындарына мықты талапкерлерді қосымша тартады», деді ведомствоның Ғылым және адами ресурстар департаментінің директоры Дәулет Алдынғұров.
Денсаулық сақтау министрлігі 2021 жылдан бастап өңірлердің өтінімдері негізінде резидентурада гранттарды бөлуді енгізген. Бұл денсаулық сақтау жүйесінің кадрлық саясатын сапалы жүргізуге серпін береді. Былтыр 8 ақпанда салалық біліктілік шеңбері бекітілсе, осы оқу жылынан бастап санитариялық-эпидемиологиялық қызмет мамандарын даярлаудың 5 жылдық бағдарламасы енгізіліп отыр. Сондай-ақ 21 кәсіби стандартты әзірлеу бойынша жүргізілген жұмыстар да биыл жалғасын табады. Яғни 36 кәсіби стандартты әзірлеу және өзектендіру жоспарлануда. Осылайша, министрлік медицина қызметкерлерінің біліктілігін арттыруға ерекше көңіл бөліп келеді. Еліміздегі 9 облыстың деректері бойынша биыл жергілікті бюджет қаражаты есебінен 2 500-ге жуық дәрігерді, оның ішінде 43-і шетелде және 9 мыңнан астам мейіргерді оқыту жоспарланған. Ал медицина қызметкерлерінің кәсіби жауапкершілігін сақтандыру бойынша әзірленген заң жобасы Парламент Мәжілісінің қарауына енгізіліп, бүгінде сараптамалық қоғамдастықтың талқылауына шығарылған. Бұл жөнінде ведомствоның Кадр департаментінің басшысы, биыл аталған заң қабылданып, 270 мыңнан астам медицина қызметкері сақтандырылады деп күтілетінін, сондай-ақ келесі жылы маманның функционалдық мүмкіндіктерін және кадр тапшылығы кезінде қосымша еңбек функцияларын жүзеге асыруға мүмкіндік беретін сертификаттау курстарының тізбесін кеңейтуде жоспар құрылып жатқанын жеткізді.
Айта кетелік, Германияның Денсаулық сақтау саласы – Федералды дәрігерлер палатасының вице-президенті Эллен Лундерсхаузеннің пайымдауынша, кейінгі үш жылда Германияда пандемия кезінде науқастардың 90 пайызына тек амбулаториялық-емханалық көмек көрсетілген. Сондай-ақ қазір елде басталған тұмау толқынының өзінде науқастарды емдейтін дәрігерлер тапшы. Расында, дағдарыс пен пандемия жалғыз біздің елге ғана емес, әлемге сабақ болды. Елімізде кәсіби дәрігерлердің тапшы екені де байқалды. Енді алдағы уақытта Президент тапсырмалары жоғарыда аталған жоспарлар аясында жүйелі орындалса, отандық медицинадағы өзекті мәселелер бірте-бірте оң шешім табары сөзсіз.