• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
11 Маусым, 2014

Конституциялық сәйкестігі қаралды

311 рет
көрсетілді

Еліміздің Конституциялық Кеңесі қарауы­на Қарағанды облыстық сотының Азаматтық кодекстің 218-бабының 6-тармағын консти­туциялық емес деп тану туралы ұсынымы түскен болатын. Алдын ала зерттеулер көрсеткендей, ұсыным тиісті субъектіден жолдануына сәйкес, онда көрсетілген мәселелер Конституциялық Кеңестің қарау құзырына жататын болып табылған. Осыған орай аталған ұсыным консти­туциялық іс жүргізуге қабылданған еді. Міне, енді кеше осы мәселеге сай Конституциялық Кеңесте Қарағанды облыстық сотының 1994 жылғы 27 желтоқсандағы №268-XIII Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің (Жалпы бөлім) 218-бабының 6-тармағын конституциялық емес деп тану туралы ұсынымын қарау бойынша отырысы өтті. Қарағанды облыстық сотының өкілі Аза­маттық кодекстің 218-бабының 6-тармағының ережелеріне сілтеме жасаған, онда мүлікті мәжбүрлі жарияға салып сату туралы мәселе қойылған. Сондықтан да Азаматтық кодекстің 218-бабының 6-тармағын конституциялық емес деп тану туралы ұсыным берген. Өйткені, аталған 6-тармаққа сәйкес осы баптың 3-5-тармақтарында баяндалған ережелер бойынша ортақ мүлікті бөлу ісін жүргізудің, не одан үлесті бөліп шығарудың тиімсіздігі айқын болған жағдайда сот мүлікті жария саудаға салып сатып, кейін одан түскен соманы ортақ меншікке қатысушылар арасында олардың үлестеріне сәйкес бөліп беру туралы шешім шығаруға құқылы көрінеді. Алайда, сот Азаматтық кодекс арқылы мұн­дай құқық беру еліміздің Конституциясы 26-бабының 2-тармағына және 39-бабының 1-тармағына қайшы келетіндігін, сөйтіп, ақыр соңында аталған Конституцияда баянды етілген адамның және азаматтың құқықтарына нұқсан келетінін байқапты. Бұл, әрине, келеңсіз жағдай. Өйткені, қай кезде де ең алдымен адамның құқы бұзылмауын қарау қажет. Осылайша, табылған бұл қарама-қайшылықтар орталық мемлекеттік органдардың өкілдері қатысқан ашық отырыста талқыға салынды. Оған жоғарыда өтініш берген субъектінің өкілі – Қарағанды облыстық сотының азаматтық және әкімшілік істер жөніндегі апелляциялық сот алқасының төрағасы Ж.Сейдалина, Парламент Сенатының Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің төрағасы С.Ақылбай, Парламент Мәжілісінің депутаты Р.Сәрпеков, Әділет министрінің орынбасары З.Баймолдина, Жоғарғы Соттың судьясы Ж.Архарова, Бас Прокурордың орынбасары Ж.Асанов, Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары М.Қолқабаев, Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің аппарат басшысы М.Сексембаев және т.б. қатысты. Ұсыным бойынша баяндама жасаған Конс­титуциялық Кеңестің мүшесі А.Жайылғанова сарапшылардың, яғни – Каспий қоғамдық университетінің жеке құқық ғылыми-зерттеу инсти­тутының директоры, Ұлттық ғылым академия­сының академигі, профессор М.Сүлей­меновтің, бас ғылыми қызметкер, профессор К.Ілиясованың, жетекші ғылыми қызметкер, доцент С.Скрябинаның, Қазақ гуманитарлық заң университетінің С.Зиманов атындағы іргелі және қолданбалы ғылымдар академиясының азаматтық-құқықтық зерттеулер ғылыми-зерттеу институтының директоры, профессор Т.Қаудыровтың, «LexAnalitikЗаң фирмасы» ЖШС әріптесі, заң ғылымдарының кандидаты Ph.D. Д.А.Братустің, Бремен университетінің (Германия Федеративтік Республикасы) профессоры Р.Книпердің, Халықаралық ынтымақтастық жөніндегі Герман қоғамының (GIZ) «Орталық Азия елдеріндегі құқықтық мемлекеттілікке көмектесу» өңірлік бағдарламасының директоры Й.Пудельканың, Ресей сот төрелігі академия­сы Шығыс-Сібір филиалының азаматтық құқық кафедрасының меңгерушісі, заң ғылымдарының кандидаты, доцент У.Филатованың және әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті ғалымдарының пікірлері ескерілгенін атап өтті. Осылайша ортаға салынған мәселе бойынша Конституциялық Кеңес құрамы жоғарыда аталғандай, көптеген сарапшылар мен ғалымдардың, мемлекеттік орган өкілдерінің пікірлерін тыңдап, сондай-ақ конституциялық іс жүргізудің өзге де материалдарымен танысып, тіпті, жекелеген шетелдердің заңнамасы мен тәжірибесіне де талдау жасады. Осыдан кейін Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңестің құрамы шешім шығаратын болды. Бірақ бұл ұсыным бойынша Конституциялық Кеңестің нақты шешімі кейін жарияланатын болып белгіленді. Александр ТАСБОЛАТОВ, «Егемен Қазақстан».