2022 жыл банктер үшін аса жайлы бола қойған жоқ. Олар тегеурінді сын-қатерлермен бетпе-бет келді. Үш ресейлік еншілес банктің шаруасы шатқаяқтап қалды. «Сбербанк Қазақстанды» қазақстандық «Бәйтерек» холдингі сатып алып, «Береке банк» деген жаңа атау берді. «Банк ЦентрКредит» ресейлік еншілес «Альфа-Банкті» санкция тұзағынан алып шығып, Eco Center Bank деп ребрендинг жасап, кейінірек біржола жұтып алды. Ал «ВТБ Қазақстан» жұмыс істеп тұр. Ресейдегі негізгі банк қазақстандық ВТБ-ны қосымша капиталдандырды.
Банк белсенділігі күшейді
2022 жылдың қорытындысы бойынша елде 21 екінші деңгейлі банк жұмыс істейді. Банк секторының активтері 2022 жылғы қарашада 1,6%-ға немесе 0,7 трлн теңгеге ұлғайып, 2022 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша 43,1 трлн теңгені құрады (жыл басынан бері өсім – 14,4% немесе 5,4 трлн теңге). 2022 жылғы қарашада активтердің өсуі несие портфелінің 3,3%-ға немесе 759 млрд теңгеге ұлғаюы нәтижесінде орын алды.
Өтімділігі жоғары активтер 13,1 трлн теңгені немесе активтердің 30,5%-ын құрады. Бұл банктерге клиенттер алдындағы өз міндеттемелеріне толық көлемде қызмет көрсетуге мүмкіндік береді.
Экономикаға кредиттер 2022 жылғы қарашада 3,4%-ға өсіп, 22,2 трлн теңгені құрады (жыл басынан бері өсім – 20,1% немесе 3,7 трлн теңге). Ұлттық валютадағы кредиттер 3,5%-ға 20,4 трлн теңгеге дейін, шетел валютасындағы кредиттер 2,5%-ға 1,8 трлн теңгеге дейін ұлғайды. Заңды тұлғаларға кредиттер 2022 жылғы қарашада 2,7%-ға ұлғайып, 8,3 трлн теңгені құрады. Бұл ретте 2022 жылдың басынан бері осы көрсеткіштің өсуі 7,3%-ды құрап отыр (2021 жылғы осындай кезеңде – 5,6%-ға өсті).
Бизнеске несие мол беріле бастады
Жеке кәсіпкерлерді қоса алғанда, бизнес субъектілеріне жиынтық кредиттер 2022 жылғы қарашада 2,9%-ға 9,3 трлн теңгеге дейін өсті (2022 жылдың басынан бастап 9,5%-ға өсті).
ШОБ субъектілеріне қарыздар 3,7%-ға, 5,9 трлн теңгеге дейін (2022 жылдың басынан бастап 12,1%-ға өсті); Ірі бизнеске қарыздар 1,6%-ға, 3,4 трлн теңге дейін өсті (2022 жылдың басынан бастап 5,4%-ға өсті). Жыл басынан бері қарыз алушы – ШОБ субъектілерінің саны 77%-ға, 293 мың қарыз алушыға дейін өсті. 2022 жылғы қарашада бизнес субъектілеріне 1,2 трлн теңге сомаға жаңа қарыздар берілді. 2022 жылдың басынан бері бизнеске 11,2 трлн теңге сомаға жаңа қарыздар берілді, бұл 2021 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 7,4%-ға артық (10,5 трлн теңге). Салалар бойынша заңды тұлғаларға берілген кредиттердің негізгі үлесі өнеркәсіпке (34,7%), саудаға (21,5%), құрылысқа (7,5%) және көлікке (6,2%) тиесілі.«Жеке тұлғаларға кредиттер 2022 жылғы қарашада 3,8%-ға ұлғайып, 13,9 трлн теңгені құрады (2022 жылдың басынан бері 29,4%-ға өсті). Жеке тұлғаларға кредиттердің өсуіне жеңілдетілген мемлекеттік ипотекалық бағдарламаларды іске асыруды жалғастыру нәтижесінде ипотекалық кредиттеудің 2,1%-ға 4,5 трлн теңгеге дейін ұлғаюы, сондай-ақ тұтынушылық қарыздардың 4,4%-ға 7,6 трлн теңгеге дейін өсуі себеп болды. 2022 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша банк секторы бойынша 90 күннен астам мерзімі өткен берешегі бар қарыздардың (NPL90+) деңгейі жалпы несие портфелінің 3,6%-ын немесе 850 млрд теңгені құрады (2022 жылғы 1 қаңтарда – 3,3% немесе 669 млрд теңге). ШОБ-ты ескере отырып заңды тұлғалардың портфелінде NPL90+ деңгейі 3,3%-ды немесе 344 млрд теңгені, жеке тұлғалардың портфелінде 3,9%-ды немесе 506 млрд теңгені құрады. Жұмыс істемейтін қарыздарды провизиялармен өтеу жоғары болып қалуда және 76,1%-ды құрайды», делінген Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің хабарламасында.
Банктердің меншікті капиталы 2022 жылғы қарашада 3,4%-ға, 5,2 трлн теңгеге дейін өсті. 2022 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша негізгі капиталдың жеткіліктілік коэффициенті (к1) 18,3%-ды, меншікті капиталдікі (к2) – 21,5%-ды құрады. Бұл заңнамада белгіленген нормативтерден едәуір асып түседі және банк секторындағы ықтимал тәуекелдерді жабуды қамтамасыз етеді.
Банк секторының міндеттемелері 2022 жылғы қарашада жеке тұлғалардың салымдарының 3,7%-ға, 15,7 трлн теңгеге дейін ұлғаюы нәтижесінде 1,4%-ға, 37,8 трлн теңгеге дейін өсті (міндеттемелер құрылымындағы үлесі – 41,5%). 2022 жылдың басынан бері банктердің міндеттемелері 14,3%-ға көбейген.
Жеке тұлға депозиттері көбейді
Резиденттердің депозиттік ұйымдардағы депозиттері 2022 жылғы қарашада 1,6%-ға, 29,5 трлн теңгеге дейін азайды (жылдың басынан бері 8,9%-ға өсті).
– Заңды тұлғалардың депозиттері 5,9%-ға, 14,9 трлн теңгеге дейін азайды, жеке тұлғалардың депозиттері 3,1%-ға, 14,6 трлн теңгеге дейін ұлғайды.
– Ұлттық валютадағы депозиттер 2022 жылғы қарашада 0,1%-ға, 19,4 трлн теңгеге дейін ұлғайды;
– Шетел валютасындағы депозиттер 4,8%-ға, 10,1 трлн теңгеге дейін төмендеді.
– Нәтижесінде, 2022 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша долларлану деңгейі 2022 жылдың басындағы 36,0%-бен салыстырғанда 34,2%-ды құрады.
Банктік емес заңды тұлғалардың ұлттық валютадағы мерзімді депозиттері бойынша орташа алынған сыйақы мөлшерлемесі 2022 жылғы қарашада 13,8%-ды (2021 жылғы желтоқсанда – 7,4%), жеке тұлғалардың депозиттері бойынша 13,1%-ды (2021 жылғы желтоқсанда – 8,0%) құрады.
Бөлшек займ портфелі өсіп жатыр
Тағы бір атап өтерлік дерек, бөлшек займ портфелінің жоғары қарқынмен өсіп жатқандығы. Ұлттық банк мәліметі бойынша, халықтың жиынтық несиесі 13,4 трлн теңгеге жетті. 2022 жылдың басынан бергі өсім көрсеткіші – 2,6 трлн теңге немесе 25 пайыз.
Jusan Analytics сарапшыларының хабарлауынша, тұтынушылық займдар ішіндегі ең танымалы – бөліп төлеу. 2022 жылдың үшінші тоқсанында тұтынушылық кепілсіз займдар 10 пайызға өсіп, көлемі 12 млн теңгені құраған. Бұл – тарихи максимум. Сарапшылар бұл өсімді халықтың тұтынушылық шығындарының көбеюімен және несие тетігі есебінен қаржыландырудың артуымен түсіндіреді.
«Өтінімдер санының көбейгеніне қарамастан мақұлдау көрсеткіші 38 пайыз деңгейінде қалды. Былай айтқанда, банктер келіп түскен 10 өтінімнің 3-4-еуін ғана мақұлдайды. Тұтынушылық кепілсіз займдардың орташа сомасы 17 пайызға өсіп, 669 мың теңгені құрады», делінген Jusan Analytics зерттеуінде.
Соңғы екі жыл көлемінде ипотекалық займдар портфелі 2 есе өскен, тиісінше мұндай займдарға деген сұраныс та 2 есе артқан. Бұл сегменттегі мақұлдаудың орташа көрсеткіші 43 пайыз болса, 2021 жылы 76 пайызды құраған екен. Тұрғын үй бағасының өсіп жатқанына және халықтың нақты табысының азайып жатқанына байланысты мақұлдау деңгейі де құлдырау бермек деп топшылайды сарапшылар.
2022 жылдың үшінші тоқсанында автонесиеге деген қызығушылық та қатты артты. Бірақ ипотека және тұтынушылық займ секілді мұнда да мақұлдау деңгейі төмен, шамамен 11 пайыз деңгейінде.
«Қорытындысында бөлшек несие өсімінің басты драйвері тұтынушылық займдар болып қала бермек. Халықтың инфляцияны одан әрі өсе түседі деген болжамы және банктердің жарнамалық кампаниясы тұтынушылық несиенің одан әрі ұлғаюына алып келеді. Нәтижесінде, бөлшек займ портфелі өсуін жалғастырады», деп қорытады банк сарапшылары.