2022 жылдың қаңтар-қазан айларында мемлекеттік басқару, қорғаныс және міндетті әлеуметтік қамсыздандыру салаларына салынған инвестиция 93,3 млрд теңгеге жетіп, бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 2,4 есе асып түскен.
Өңірлік бөліністе сектордағы инвестицияның басым бөлігі Түркістан облысына тиесілі болып шықты: 24,5 млрд теңге, жылдық ақшалай өсім – 5,4 есе көп. Көш басында 23,3 млрд теңге инвестицияны иеленген (жылдық өсім – 2,4 есе) елорда мен бір жылда 15,9 млрд теңге қаржы құйылған Алматы қаласы (жылдық өсім – 4,3 есе) бар. Ең төмен көрсеткіш былтыр ғана құрылған Ұлытау облысында – 16,7 млн теңге.
Қаржыландыру көзі бөлінісіне келер болсақ, күрделі салымдардың 62,1 пайызы республикалық бюджет есебінен берілсе, 28,4 млрд теңге – жергілікті бюджеттен, 5,6 млрд теңге – банктік емес қаражаттан, 1,4 млрд теңге кәсіпорынның жеке қаражатынан түскен.
Экономиканың өркендеуінде тікелей шетелдік инвестицияның үлесі де жоғары. Сыртқы істер министрлігінің мәліметі бойынша, 2005-2010 жылдары тікелей шетелдік инвестицияның 70 пайызы мұнай-газ саласына құйылған. Ал соңғы үш жылда үрдіс өзгеріп, мұнай-газ саласына жіберілген инвестиция көлемі 45 пайызды құрап отыр. Оның есесіне инвестиция үшін таласта сауда, ақпарат, байланыс, өңдеуші сектор алға шыға бастады. Қазақстанға инвестиция салып отырған үздік 10 ел қатарына Нидерланд, АҚШ, Швейцария, Бельгия, Сингапур, Қытай, Оңтүстік Корея, Франция, Ұлыбритания және Ресей кіретінін де айта кетейік.
«Инвестициялық саясатты жүзеге асыру туралы айтар болсақ, біз инвестиция тартуға қатысты үш деңгейлі жүйе бойынша жұмыс атқарамыз. Шет елдерде біздің 108 институтымыз экономикалық дипломатия саясатын жүргізеді. Жыл қорытындысы бойынша 3 мыңнан астам жаңа компаниямен жұмыс жүргіздік», дейді Сыртқы істер министрінің орынбасары Алмас Айдаров.
Жалпы алғанда, былтыр жыл басында болған қаңтар оқиғасына, оған іле-шала басталған ауқымды геосаяси дағдарысқа қарамастан инвесторлардың Қазақстанға қатысты ниеті түзу. 2021 жылмен салыстырғанда тікелей шетелдік инвестиция көлемі 28 пайызға өскен. Тартылған сома көлемі – 23,7 млрд доллар. Мемлекет басшысы алдағы 7 жылда 150 млрд доллар инвестиция тартуды Үкімет алдына үлкен тапсырма етіп қойып отыр.