Белсенді жастар жаңа жылды игі іспен бастады. Қаңтардың қалың қары мен ақтүтек бораны елді мекендердегі қатынасты қиындатып, біраз әбігерге салғаны баршаға белгілі. Осыны ескерген жастар көмекке мұқтаж жандарға қолұшын созуды жөн санаған.
«Жастар рухы» Жастар қанатының орталық және аймақтық белсенділері күн сайын қарттардың ауласын қалың қардан тазартуға көмек көрсетіп жүр. Олар мұны міндетіміз деп санайды. Бұл үрдіс жыл сайын дәстүрлі түрде қайталанып отырады. Мәселен, Ақтөбе облысының жастары екі-үш күнде 300-ге жуық қарттың ауласын қардан тазалап берген. Сонымен қатар өңірлердегі жастар қала көшелерін қардан тазартуға үлестерін қосып келеді.
Ал Қарағанды жастары осы күндері «Кел, шай ішейік» іс-шарасын қолға алып, аязды, боранды күндері далада жұмыс істеп жүрген коммуналдық қызметкерлерге ыстық шай мен тәттілер ұсынып жүр. Қайырымды іске барлығы 500-ден астам белсенді қатысқан. «Суық күндері бір-бірімізге жылу сыйлайық, достар!», деп «Жастар рухы» ЖҚ Қарағанды облыстық филиалының өкілдері барлық жас буынды игі іске қатысуға шақырды.
Осындай қайырымдылық іс-шарасы шеңберінде жастар тіл саясатын жүргізуге де үлес қосуды жөн көріп, «Менің елім – менің тілім» республикалық жобасы аясында «Сөйле» тілдесу үйірмесін іске қосты. «Жобаның мақсаты – жастарды қазақ тілін үйренуге дәріптеу және оның әлеуетін арттыруды насихаттау арқылы қоғам арасында тілдің қолданыс аясын кеңейту», дейді ұйымдастырушылар.
Еліміздің 12 аймағынан (Астана, Алматы қалалары; Абай, Ақмола, Ақтөбе, Алматы, ШҚО, БҚО, Қарағанды, Қостанай, СҚО, Павлодар облыстары) жоба аясында қазақ тілін оқуға құлшынысы бар кез келген азамат «Сөйле» тілдесу үйірмелеріне қосыла алады. Аптаның демалыс күндері үйірмелер аймақтардағы коворкинг орталықтарда жұмыс істейді. Тілдесу үйірмесі барысында сондай-ақ домбыра үйірмелері және әдеби-рухани кештер, түрлі челлендждер ұйымдастырылмақ.