• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
Экономика 11 Қаңтар, 2023

Біржолғы зейнетақы төлемі

133 рет
көрсетілді

БЖЗҚ 2021 жылдың қаң­тарынан 2023 жылдың қаң­тарына дейінгі аралықта салымшылардың тұрғын үй жағдайын жақсарту үшін берген 1 345 400 өтінішін орындаған. Уәкілетті оператор-банктерде ашылған қазақстандықтардың арнайы шоттарына БЖЗҚ шамамен 3,2 трлн теңге аударды. Тиісінше, уәкілетті операторлардан салымшылардың жеке зейнетақы шоттарына 460,4 млрд теңге қаражат қайтарылған.

Себебі сұраным иесінің өтініші және өзге де себептермен қазақ­стандықтар біржолғы зейнет­ақы төлемдерін белгіленген мерзімде тұрғын үй жағдайын жақсартуға пайдаланбаған.

«Салымшылар өздерінің жинақ­тарын пайдаланатын мақсаттарды талдай отырып, келесі негізгі бағыт­тарды атап өтуге болады. Көбі­несе (барлық орындалған өтініш­тердің 35,7%-ы немесе аударылған сома­лардың 64,3%-ы) – бұл азаматтық-құқықтық мәмілелер бойынша мен­шікке тұрғын үй сатып алу (түпкі­лікті есеп айырысу) және жеке тұр­ғын үй салу (меншігінде жер учас­кесі болған жағдайда). Өті­ніш­тер­дің шамамен 21%-ы (және аударылған соманың 8,2%-ы) одан әрі жинақтау үшін тұрғын үй құрылыс жинақ ақшасына салымды толықтыру мақсатында орындалды. Өтініштердің осы мәнге жақын мөлшері (20,87%) салымшылардың зейнетақы жинақтарын тұрғын үй құрылыс жинақтары жүйесі бо­йынша пайдалануы үшін берілген. Бұған барлық аударылған біржолғы төлемдердің шамамен 13%-ы жіберілді. Өтініштердің шамамен 20%-ы (біржолғы төлемдердің шамамен 13%-ы) алғашқы жарнадан бастап қайта қаржыландыруға және толық өтеуге дейінгі ипотекалық тұрғын үй қарызын пайдалану мақсатында орындалды», делінген қор хабарламасында.

2022 жылы БЖЗҚ зейнетақы жинақтарын тұрғын үйге пайда­лануға берілген 610 283 өтінішті орындап, арнайы шоттарға 703 млрд теңге аударылған. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 3,5 есеге аз. Біржолғы зейнетақы төлемдерінің орташа сомасы да азайған – 1,2 млн теңге. Салыстырар болсақ, 2021 жылы орташа сома 3,4 млн теңге болған. 

2021 жылдың қаңтарынан 2022 жылдың 31 желтоқсанына дейін БЖЗҚ жалпы сомасы 318,9 млрд теңгеге емделуге 401 975 өтінішті орындапты. Ал 2022 жылы емделуге берілген 262 117 өтініш орындалды. Бұл 2021 жылмен салыстырғанда 2 есе көп. БЖЗҚ денсаулыққа қатысты мәселелерді шешу үшін қазақстандықтардың арнайы шоттарына 192,4 млрд теңге жіберді. 2021 жылмен салыс­тырғанда 1,5 есеге көп. Емдеуге төленетін орташа сома 2022 жылы 0,7 млн теңгені, 2021 жылы 0,9 млн теңгені құрады.

Көбінесе (өтініштердің 96%-дан астамы) қазақстандықтар өздерінің жинақтарын медициналық мақсатта стоматологиялық қызметтерге пайдаланады. Өтініштердің тек 2,8%-ы офтальмологиялық қызметтерді алу мақсатында орындалды.