*Ауғанстанның оңтүстігінде НАТО-ның 5 әскери қызметкері қаза тапқан. Альянстың баспасөз қызметі хабарлағандай, олар қарулы жасақ шабуылының құрбандары болған. Солдаттардың ұлты мен олардың қандай жағдайда қаза тапқаны туралы нақты мәлімет жоқ. Тұтастай алғанда, жыл басынан бері НАТО-ның 41 әскери қызметкері құрбандыққа айналған.
*Ресейде 2013 жылы капиталы 1 миллион АҚШ долларынан асатын отбасылар саны 213 мыңға жеткен. Жалпы дүниежүзі бойынша долларлы миллионер отбасылар саны 16,3 миллионды құрайды екен. Миллионерлері ең көп ел – АҚШ-та ондай отбасылар саны 7,1 миллионды құрайтын көрінеді. Ал Қытайда 2,4 миллионер отбасы бар екені анықталған. Үшінші орында 1,5 миллионер отбасы бар Жапония тұр.
*НАТО-ның екі барлаушы кораблі Ресейдің Қара теңіз флотының әскери нысандарына радиоэлектронды барлау жүргізу үшін жақында Қара теңізге енетіні белгілі болып отыр. Монтре конвенциясына сәйкес Қара теңізге жатпайтын елдердің әскери корабльдері Қара теңізде тек 21 күнге дейінгі аралықта ғана бола алады.
*Жапонияда үшінші бала туған отбасына материалдық көмек айтарлықтай қомақтандырыла түсетін болды. Әйтпесе енді 50 жылдан кейін ел халқының саны қазіргі 127 миллион адамнан 86 миллион адамға дейін азайып кетуі ықтимал екен. Бүгінде Жапонияда орташа есеппен бір әйел өмірге 1,43 баладан ғана әкелетін көрінеді.
*Американың Оклахома штатындағы жаңашылдар оқ өтпейтін жамылғы жасап шығарды. Жұмсақтығына қарамастан, мұндай жамылғылар өзінің қорғаныш қабілеті жөнінен бронды жилеттерден кем түспейді екен. Енді мұндай жамылғыларды мектептерде торнадо кезінде немесе атыс болған жағдайда қолдану көзделіп отыр.
*Сүнниттердің қарулы жасағы Ирактың солтүстігіндегі Мосул қаласының батыс бөлігін басып алған. Исламшылардың аталған тобы Ирак пен Сирия аумағының белгілі бір бөлігін бақылауында ұстайды. Олар шиитерге, Бағдат пен Дамаск үкіметтеріне және басқа исламистерге қарсы күрес жүргізеді.
*Бішкектегі Ақ үй жанында тезек жағып, флэшмоб ұйымдастырмақ болған жастар ұсталды. Олар «Қырғызгазды» Қырғызстанның газ үшін Ресейге қарызы тым өсіп кеткен соң сол елге беруге байланысты өздерінің наразылықтарын осылай білдірмекші болыпты. Ал келісімшарт мерзімі біткендіктен «Узтрансгаз» Қырғызстанның оңтүстігіне газ беруін тоқтатса керек.
*Ресейдің Иркутск облысындағы Усолье-Сибирское қаласында мектеп бітіруші қыз бала мемлекеттік қорытынды аттестаттаудан жаман баға алғаннан кейін өзіне өзі қол салған. Емтиханнан соң оқушы қыз орманға кетіп, қайтып оралмаған. Іздеу нәтижесінде оның ағашқа асылып қалғаны белгілі болған. Өлерінің алдында ата-анасына мынадай қолхат жазып қалдырыпты: «Сіздердің үміттеріңізді ақтамағаным үшін кешірім өтінемін».
*Дағыстанда жергілікті тұрғындардан заңсыз сақталып келген атыс қаруларын ерікті түрде сатып алу науқаны басталды. Жергілікті биліктің пікірінше, сатып алу құны тұрғындарды ынталандыруы тиіс. Мәселен, Драгуновтың мергендік винтовкасы мен пулеметі 25 мың рубльге бағаланбақ екен.
Ақпарат агенттіктері материалдарының негізінде әзірленді.