• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Білім 12 Қаңтар, 2023

Ақылы оқимын десеңіз...

204 рет
көрсетілді

Соңғы кездері сақтандыру жүйесінің адам өмірін қауіп-қатерден арашалайтын ғана емес, сонымен бірге инвестициялық сипаты да басым болып келе жатқаны белгілі. Соның бірі – Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі (МБЖЖ). Аталған бағдарлама аясында кез келген ата-ана баласына арнап елімізде немесе шетелде кәсіптік-техникалық және жоғары білім ақысын төлеуге жеткілікті қаражат жинай алады.

Қазір МБЖЖ бағдарламасына екінші деңгейдегі 4 банк қатысады, жалпы сомасы 33,5 млрд теңгеге 22 мың білім беру депозиті ашыл­ған. Енді сақтандыру ұйымдары банк­термен қатар халыққа осы ин­вес­тициялық өнімді ұсына алады. 2022 жылғы 12 қыркүйек­те сақтандыру ұйымдарының Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесіне қатысуына мүмкіндік беретін заңнамалық түзетулер күшіне енген болатын.

МБЖЖ шеңберінде сақ­тандыру шартын жасасу арқылы ата-аналар сақтандыру ұйымы есептейтін инвестициялық кіріске қосымша жылдық 5 пайыздан 7 пайызға дейінгі мөлшерде мемлекет сыйлықақысын ала отырып, өз балаларын оқытуға қаражат жинақтай алады.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің мәліметінше, сақтандыру өнімінің басқа да артықшылықтары бар:

Біріншіден, депозитке қара­ғанда (8 пайыздан 10 пайызға дейін) кірістілік мөлшерлемесіне сақтандыру шартының бүкіл қолданылу мерзімінде кепілдік беріледі.

Екіншіден, Сақтандыру төлем­деріне кепілдік беру қоры­ның кепілдігі толық жинақтал­ған соманы өтейді, ал Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорының кепілдігі 20 млн теңгеге дейінгі соманы ғана өтейді.

Үшіншіден, ата-анасы еңбек ету қабілеттілігінен айырылған немесе қайтыс болған жағдайда, жинақталған сомаға қарамастан оқудың толық құны төленеді.

Бүгінде агенттік «мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі шеңберінде өмірді сақтандыру» ерікті нысанында сақтандырудың қосымша сыныбын енгізе отырып, «өмірді сақтандыру» саласы бойынша сақтандыру (қайта сақтандыру) қызметін жүзеге асыру құқығына мынадай сақтандыру ұйымдарына лицензиялар берді:

«Қазақстан халық банкінің өмірді сақтандыру бойынша «Халық-Life» еншілес компания­сы» АҚ; «Freedom Finance Life» өмірді сақтандыру компаниясы» АҚ; «Евразия» өмірді сақтандыру компаниясы» АҚ.

Өмірді сақтандыру компа­нияларының МБЖЖ-ға қатысуы ата-аналардың көпшілігіне балаларын оқытуға қаражат жинауға мүмкіндік береді. Бұл – мемлекет субсидиясы бар алғашқы сақтандыру өнімі.