Премьер-министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Қазақстанның 2022 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары және Халықтың шамадан тыс кредит алуын азайту жөніндегі шаралар туралы екі мәселе қаралды.
Тұрақты өсімге қол жеткізді
Бірінші мәселе бойынша баяндаған Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыровтың айтуынша, теріс сыртқы факторларға қарамастан, 2022 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан экономикасы 3,1% деңгейінде тұрақты өсімге қол жеткізді. Нақты сектордағы өсім 3,2%-ды, ал қызмет көрсету саласында 2,5%-ды құрады.
Оң өсу қарқыны құрылыс (+9,4%), ауыл шаруашылығы (+9,1%), ақпарат және байланыс (+8%), сауда (+5%), көлік және қоймалау (+3,9%), өңдеу өнеркәсібі (+3,4%) салаларында тіркелді.
Негізгі капиталға салынған инвестициялардың өсу қарқыны 7,8%-ды құрады. Экономиканың негізгі салалары бойынша инвестициялар көлемі жылжымайтын мүлікпен операцияларда – 15,4%-ға, ауыл шаруашылығында – 6,9%-ға, көлік және қоймалауда – 5,5%-ға, сондай-ақ өнеркәсіпте 5,6%-ға ұлғайды.
2022 жылғы қаңтар-қарашада сыртқы сауда тауар айналымы 33,4%-ға өсіп, 122,2 млрд долларды құрады. Оның ішінде экспорт бойынша көрсеткіш 42,4%-ға өсіп, 77,6 млрд долларға жетті. Тауарлар импорты 44,6 млрд долларға жетіп, 20,1%-ға өсті. Жалпы, республиканың оң сауда балансы 33,1 млрд долларды құрап, 89,7% өсті.
Премьер-министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев есептік кезеңде республикалық бюджеттің атқарылуы туралы баяндады. Оның айтуынша, мемлекеттік бюджетке 15 трлн 668 млрд теңге сомасында кірістер түсті (жоспар 104,4%-ға орындалды), оның ішінде республикалық бюджетке 10,5 трлн теңге шамасында кірістер түсті (103%), жергілікті бюджеттердің кірістері 5,2 трлн теңгені (107,3%) құрады. Мемлекеттік бюджет шығыстары 98%-ға, республикалық бюджет шығыстары – 98,6%-ға (18,5 трлн теңге), жергілікті бюджеттер шығыстары 96,4%-ға (10,8 трлн теңге) атқарылды.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев өз баяндамасында атап өткендей, 2022 жылдың қорытындысы бойынша жалпы сомасы 2 трлн теңгеге 160-қа жуық инвестициялық жоба пайдалануға берілді, олар экспорттық әлеуетті ұлғайта отырып, өндеуші өнеркәсіп салаларының өндіріс көлемін одан әрі арттыруға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар транзиттік контейнерлік тасымалдар 6%-ға ұлғайтылды, оның көлемі жиырма фунттық баламада 1 млн 129 мың контейнерді құрады. 15,4 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді (жоспар – 15,1 млн шаршы метр).
Энергетика министрі Болат Ақшолақовтың мәліметінше, есептік кезеңде мұнай және конденсат өндіру көлемі 84,2 млн тоннаны құрады, оның ішінде Теңіз кен орнында 29,2 млн тонна, Қарашығанақ кен орнында 11,3 млн тонна, Қашағанда 12,7 млн тонна мұнай өндірілді. Мұнай экспорты 64,3 млн тоннаны құрады.
2022 жылы газ өндіру көлемі 53,3 млрд текше метр газды, тауарлық газ өндірісі 27,8 млрд текше метрді, ішкі тұтыну 19,3 млрд текше метрді, экспорт 4,6 млрд текше метрді құрады.
Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеевтің хабарлауынша, ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 9,1%-ға ұлғайып, 9,3 трлн теңгені құрады. Атап айтқанда, өсімдік шаруашылығында өнім өндіру 15%-ға, мал шаруашылығында 0,9%-ға өсті.
Аталған кезеңде тамақ өнімдерін өндіру көлемі 3,9%-ға өсіп, 2,9 трлн теңгені құрады: өсімдік майы – 49,5%-ға, қант – 34,4%-ға, жаңа ауланған, салқындатылған немесе мұздатылған балық – 15,5%-ға, жарма – 11,5%-ға, ұн – 10,2%-ға, шұжық өнімдері – 5%-ға, макарон 3,8%-ға, өңделген күріш 3,1%-ға өсті.
Міндет – инфляцияны төмендету
Баяндамашыларды тыңдаған Премьер-министр өткен жылдың қорытындысы бойынша ел экономикасы қалыпты даму қарқынын сақтап қалғанын атап өтті.
«Былтыр экономиканың нақты өсімі 3,1%-ды құрады. Нақты сектор, оның ішінде өңдеу өнеркәсібі, құрылыс және ауыл шаруашылығы салаларындағы оң көрсеткіштер тұрақты өсудің негізгі факторы болды», деді Ә.Смайылов.
Оның айтуынша, ішкі және сыртқы инвестицияларды тарту – экономикалық өсудің маңызды факторы. Бұл ретте өндірістің шикізаттық емес секторына инвестиция тарту белсенді жүрді.
Барлық негізгі макрокөрсеткіш бойынша Ақмола, Алматы, Батыс Қазақстан, Жетісу, Қостанай, Қызылорда, Павлодар, Шығыс Қазақстан облыстары мен Шымкент қаласында өсім байқалды. Ал ең төмен көрсеткіш Ұлытау, Маңғыстау, Атырау және Абай облыстарында тіркеліп отыр.
Әлихан Смайылов биыл мемлекеттік органдар мен әкімдіктер Президенттің сайлауалды бағдарламасын іске асыруға бар күшін жұмылдыруға тиіс екенін атап өтті.
«Мемлекет басшысының барлық тапсырмасы мен бастамасы қоғамның сұранысына және ағымдағы сын-тегеуріндерді еңсеруге негізделген. Осы міндеттерді орындау үшін әрбір министрлік пен өңірдің қосатын үлесі аса маңызды», деді ол.
Оның айтуынша, ең кемі 4% экономикалық өсімді қамтамасыз ету үшін үйлесімді әрі тиімді жұмыс жүргізу керек. Сондықтан ішкі нарықты отандық тауарлармен толықтыру, экономиканы одан әрі әртараптандыруға және тұрақты жұмыс орындарын құруға бағытталған жұмыстарды жандандыру қажет. «Халықтың әл-ауқаты, ең алдымен, тұрақты өсімге байланысты», деді Ә.Смайылов.
Сонымен қатар Премьер-министр инвестиция тарту және инвестициялық жобаларды сүйемелдеу жұмыстарын күшейту маңызды екенін атап өтті. Әр инвестормен жұмыс істеп, әрқайсысына бөлек жағдай жасап, қарсы міндеттемелер белгілеу қажет. «Біз әр жобаның экономикалық нәтижесін көруіміз керек», деді ол.
Сондай-ақ Ә.Смайылов бағаның өсуін ұстап тұру жұмыстары басты назарда болуға тиіс екенін атап өтті. Инфляцияға, ең алдымен, азық-түлік бағасының өсуі себепші болып отыр.
«Біздің міндетіміз – биыл инфляцияны 2 есеге төмендету. Ол 9,5% шегінде болуы керек. Бұл – өте күрделі міндет. Сондықтан кез келген проблеманың алдын алу шараларына баса мән беріп, жұмыла әрекет етуіміз қажет», деді Премьер-министр.
Үкімет басшысының пікірінше, бизнеске қатысты жаңа реттеушілік саясат түсінікті әрі әділ болуға тиіс. 2023 жылы тәуекелдерді басқару жүйелерін автоматтандыру арқылы бақылаудың тиімділігін қамтамасыз ету, сондай-ақ шағын және орта бизнесте жұмыспен қамтылғандар санын 3,8 млн адамға дейін арттыру қажет.
Экономикалық саясаттағы басымдықтардың бірі – мемлекеттің экономикадағы үлесін біртіндеп қысқарту және барлығына тең мүмкіндіктер беру. Бұл кешенді жекешелендіру және мемлекетке тән емес функцияларды бәсекелес ортаға беру арқылы іске асырылуға тиіс.
«Біз мемлекеттің экономикадағы үлесін Жалпы ішкі өнімнің 14,4%-ына дейін қысқартуымыз керек. Биыл Жекешелендірудің кешенді жоспарының 90%-ын орындау қажет», деді Ә.Смайылов.
Премьер-министр ТКШ инфрақұрылымын жаңғырту бойынша ауқымды жұмыс күтіп тұрғанын айтты. Тозығы жеткен электр, жылу және сумен жабдықтау желілерін азайту үшін түпкілікті шаралар қабылдап, «Инвестиция орнына тариф» бағдарламасын сапалы іске асыруды қамтамасыз ету қажет.
Сондай-ақ биыл Үкімет алдында жаңа Салық кодексін дайындау міндеті тұрғанын атап өтті. Ол салық заңнамасын жеңілдетіп, өндіріс көлемі мен инвестицияларды ұлғайтуға, инновацияларды енгізуге, жұмыспен қамтуды ынталандыруға тиіс. Салықтық әкімшілендіру толығымен тәуекелдерді басқару жүйесіне негізделуі керек.
Премьер-министрдің айтуынша, алда тұрған тағы бір маңызды міндет – жаңа Бюджет кодексін әзірлеу. «Біз биыл қаржылық тәртіпті күшейтіп, бюджет жүйесінің ашықтығын кеңейтуге тиіспіз. Сонымен қатар мемлекеттік шығыстардың тиімділігін арттыру керек. Бюджеттеу тәсілдерін жетілдіру шеңберінде орталық және жергілікті атқарушы органдардың бірінші басшыларының жедел әрі дербес әрекет етуін қамтамасыз ету қажет», деді Ә.Смайылов.
Сонымен қатар ол экономиканы цифрландыру жұмыстарын күшейту керек екенін атап өтті: ақпараттық жүйелердің бірыңғай платформаға интеграциялануын қамтамасыз ету қажет, мемлекеттік қызметтерді барынша электрондық форматқа көшіріп, оны халыққа ұсыну үдерісін жеңілдету керек.
Отырысты қорытындылай келе, Премьер-министр Қазақстанда мемлекеттік басқару жүйесін қайта құру жалғасатынын айтты. Әкімшілік реформа шеңберінде саяси қызметшілердің дербес жауапкершілігін арттырып, өкілеттіктерді орталықсыздандыруға баса назар аударылады.
«Әріптестер! Мұның барлығы – осы жылы іске асырылатын маңызды міндеттер. Министрлер мен әкімдер әлеуметтік-экономикалық дамудың барлық жоспарланған көрсеткішін ерекше бақылауда ұстап, олардың орындалуын қамтамасыз етуге тиіс», деп түйіндеді сөзін Ә.Смайылов.
Банкроттық туралы жаңа заң қолданысқа енеді
Үкімет отырысында қаралған екінші мәселе халықтың шамадан тыс кредит алуын азайту жөніндегі шаралар туралы болды.
Бұл мәселе жөнінде Премьер-министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев халықтың шектен тыс кредит алуын азайту жұмыстары аясында «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» заң қабылданғанын мәлімдеді.
Осы заңның аясында халықаралық тәжірибені ескере отырып, бірқатар тиісті рәсім қарастырылған. Мәселен, соттан тыс банкроттықты тек банктер, микроқаржы ұйымдары және коллекторлық агенттіктер алдындағы қарыздар бойынша қолдануға болады. Бұл орайда борыш 5,5 млн теңгеден аспауға тиіс.
Екінші рәсім – сот банкроттығы, оның мақсаты банкроттың мүліктік массасы есебінен кредиторлардың талаптарын барынша қанағаттандыру. Үшінші рәсім – төлем қабілеттілігін қалпына келтіру, онда сот арқылы борышты бөліп төлеу (5 жылға дейін) мүмкіндігі көзделеді.
Банкроттықтың салдары: 5 жыл ішінде қарыздар мен кредиттер алуды шектеу (ломбардтардың микрокредиттерін алудан басқа); банкроттықты 7 жылдан кейін ғана қайта қолдану мүмкіндігі; 3 жыл бойы қаржы жағдайының мониторингі.
Сонымен қатар осы мәселе бойынша Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова баяндама жасады.
Мәселені қорытындылаған Премьер-министр «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттық туралы» заң биылғы наурыз айынан бастап қолданысқа енетінін атап өтті.
«Бұл құжат кредитін төлей алмай, қиындыққа тап болған жеке тұлғалардың құқықтарын қорғауға бағытталған. Жоғарыда айтылғандай, заңда рәсімдердің үш түрі қарастырылған – соттан тыс банкроттық, сот арқылы банкроттық және төлем қабілеттілігін қалпына келтіру. Мұндай рәсімдерге қарыз алушының өзі ғана бастамашы бола алады», деді Ә.Смайылов.
Үкімет басшысы азаматтардың міндетті түрде қаржылық сауаттылықты арттыру курстарынан өтуі көзделіп отырғанын да айтты. Осыған орай аталған Заң күшіне енгеннен кейін азаматтардың да жауапкершілігі артатын болады.
«Алдағы уақытта жылдам қарыз алу үшін кредиттік тарихының дұрыс болуына азаматтардың өздері мүдделі болуға тиіс. Банкрот деп мойындау қарыздарды төлемей кету емес, тек шарасыз жағдайдағы көмек екенін әркім білуі керек», деді Премьер-министр.
Үкімет басшысы тиісті заңға тәуелді актілердің бәрін жедел әзірлеп, қабылдауды, сондай-ақ онлайн-режімде қадағалап отыруға мүмкіндік беру үшін азаматтардың өтініш беру және оларды электрондық түрде өңдеу үдерісін автоматтандыруды қамтамасыз етуді тапсырды.
Сонымен қатар Премьер-министр Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі екінші деңгейдегі банктермен бірге жеке тұлғаларға кредит берген кезінде қазіргі талаптардың сақталуын қамтамасыз етуі қажет екенін айтып өтті. «Тұтынушылық кредит алудағы тәуекелдерді азайту және халықтың шамадан тыс кредит алуын төмендету үшін шаралар қабылдау қажет», деді ол.
Сөз соңында Үкімет басшысы халық арасында заң нормалары мен заңға тәуелді актілер бойынша кең ауқымды түсіндіру жұмысын қамтамасыз етудің маңызды екенін атап өтті.
«Қажетті ақпарат барлық платформада және әлеуметтік желілерде қолжетімді әрі ашық болуға тиіс», деп түйіндеді сөзін Премьер-министр.