Күнделікті өмірде жол-көлік оқиғалары туралы ақпараттарды көріп те, естіп те жүрміз. Оған тіпті, жұрттың еті үйреніп кеткендей. Ал, әрбір оқиғаның артында адамдардың өмірі мен денсаулығы, тағдыры тұр емес пе? Кейбір жантүршігерлік көріністерді көрсеткенде денең дір ете қалады. Көлік апаттарының статистикасы да сұмдық. Соңғы он жылда елімізде көлік апаттарынан 32 мың адам қаза тапса, жарақат алғандардың саны 166 мың адамға жеткен. Жағаңды ұстатар жайсыз деректер. Қаншама отбасы қара жамылды, талайлар мүгедек болып қалды. Жарақатынан азап шегіп жүргендер қаншама?
Апат айтып келмейді. Оны жазым деп, құдайдың ісі деп Жаратқанға жаба салуымыз қаншалықты әділеттілік? Мұндай оқиғалар бір не бірнеше жүргізушінің, я болмаса жаяу жүргіншінің кінәсінен, тиісті заңдылықтарды сақтамауынан, жол ережесін өрескел бұзғандықтан орын алады. Соның ішінде, апатты жағдайларға көбінесе жүргізушілер себеп болатыны жасырын емес. Оған дәлел болар мысалдар да жетерлік. Осы жолдардың авторы да сондай жайтты бастан кешті.
Таңғы сағат 8-ге жақын күндегі мініп жүрген қалаішілік бағыттағы жолаушы көлігіне отырдым. Кәдімгі бір есікті “Мерседес”. Жүргізуші жас жігіт пен оның кассирі түсіп мінген адамдарды “тез-тез” деп асықтырумен болды. Көліктің есігі жабылар-жабылмастан бірден жоғары жылдамдыққа басып, зымырай жөнеледі. Көшедегі көліктердің бәрінен басып озып отырды. Жүргізушінің қатты айдағаны соншалық, жолаушылардың ашу-ызасын туғызды. Бәріміздің “Жай жүрсеңші, бізді, не, өлтірейін деп пе едің?!”, “Адам алып келе жатырсың ғой” дегенімізге құлақ асқан жоқ. Жүргізуші жылдамдықты одан сайын асыра түсті. Екі аялдамадан соң түсемін, ақшамды дайындай берейін деп қолымды қалтама сала бергенмін. Сол сәтте “тарс” еткен дауысты естідім және бір жағымызға аударылып бара жатқанымыз, “ох, авария!” деген ой санамды шарпып өткені ғана есімде. Одан әрі ештеңе білмеймін. Есімді төрт-бес сағаттан соң, аурухана төсегінде бір-ақ жинадым. Бұл аралықта аударылған көліктен шығарып, жедел жәрдеммен алып кеткенін, рентгенге, компьютерлік томографияға түсіргенін еш сезген жоқпын. Бұл 2013 жылдың 9 тамызында Қызылорда қаласындағы Астана даңғылында орын алған № 22 көпшілік көлігінің апаты болатын. Жедел жәрдем көліктері аударылған “Мерседестен” он бір адамды ауруханаға жеткізген. Әйтеуір, адам өлігі жоқ, әйтсе де...
“Мерседес” көлігі сол күні жолаушы тасымалдауға шыққан жас жігіттің атында емес екен және оған көлікті басқару жөніндегі сенімхат берілмеген болып шықты. Әкесі он бес күн жолаушы тасымалдағаннан кейін вахталық жұмысқа кетісімен, өзі мініп шыққан. Бұған дейін жол ережелерін бұзғаны үшін жол полициясы жүргізуші куәлігін алып қойып, уақытша куәлікпен жүріпті. Апат кезінде жоғалып қалды деп оны да көрсетпеген. Ең басты өрескел кінәсі – жолаушылар тасымалдауға рұқсат беретін “Д” санаты жоқ болып шықты. Рұқсатсыз алып шыққан көлігі сақтандырылмаған. Оған қоса қатты жылдамдықпен жүрді. Кейінірек сотта куәгерлер берген түсінiктемеден апат болар сәтте көліктің спидометрі 100 км/сағаттан түспегенін білдік.
Апаттан кейін ауруханаға жеткізілгендердің екеуі жансақтау бөліміне жатқызылса, бес-алтауы нейрохирургия бөліміне орналастырылады. Олардың арасында аяғы ауыр келіншек те болған. Травматология бөліміне жатқызылған тек мен ғана. Екі-үш апта өткен соң олардың барлығы ауруханадан шықты. Менің он бір қабырғам мен төс сүйектерім сынған болатын. Одан бөлек, жауырыным және үш омыртқам жарылған. Тағы екі омыртқамның қанатшалары сынған еді. Тек шалқамнан ғана жатамын. Он тәуліктей еш ұйықтай алмадым. Жетінші күні ғана дәрігерлердің көмегімен тұруға талпыныс жасадым. Қабырғалар сынғанда өкпені жарақаттайды екен. Содан өкпеге ұйыған қан, сарысу толып қала беретін көрінеді. Оны жауырынның астынан тесіп, тартым алып (пункция) тұрды. Үш айдан астам корсет киіп жүрдім, бұл уақытта отыруға рұқсат етпеді. Иә түрегеліп жүресің, болмаса жатуың керек. Апаттан үш ай өткен соң МРТ аппаратына түсіріп, бір омыртқаның қисық тұрғанын анықтады. Осыдан кейін дәрігерлер пікірі екіге жарылды. Олардың басым бөлігі ота жасатып, қисайған омыртқаны түзету керек десе, енді бірі артық қыламыз деп тыртық қылып алармыз, осылай тұра берсін дегенді айтты. Жарайды, ер жігіттің басына нелер келіп, нелер кетпейді. Егер бізбен бірге апатқа ұшырап, жансақтау бөліміне түскен екі жас жігіт болмағанда, осының бәрін жазбай-ақ қояр едім және бұл тақырыпты қозғамас та едім. Олар – 21 жастағы Сағатбек Сүйінов пен 29 жастағы Эльдар Адырбаев. Бүгінде екеуі де төсекке таңылған, бірінші топтағы мүгедек жандар. Апат салдарынан екеуінің де 4-5 омыртқасы мыжылып, күл-талқаны шыққан. Оларға ота жасауға сол кезде шұғыл түрде Астанадағы орталықтан маман алдыртады. Дәрігерлер уатылған омыртқаларды қолдан келгенше жинап, келмеген жерінде металдан құрастыруға мәжбүр болады. Жансақтау бөлімінде он тәуліктен аса жатқаннан кейін палатаға шығарады. Міне, сол уақыттан бері олар өзгелердің көмегінсіз ештеңе атқара алмайды.
Сағатбек отбасында балалардың үлкені. Өзінен кейін студент қарындасы мен інісі бар. Інісі жас кезінен мүгедек ретінде есепте тұрады. Әкелері ерте қайтыс болған. Анасы Гүлсім Ақпарова жедел жәрдем бөлімшесінде тазалықшы болып жұмыс істейді. Отбасы екі бөлмелі жер үйде тұрады екен. Сағатбек колледжді қызыл дипломмен бітіргеннен кейін анасына қолғабыс жасамақ ниетпен жұмысқа кірісіп кетеді. Институтқа құжаттарын сырттай тапсырған. Сол кезде құрылыс бригадасында жұмыс істеп жүрген екен. Анасына “мама, уайымдама, алдағы төрт-бес жылда ішінде ваннасы, туалеті бар бес-алты бөлмелі үй салып бiтiремiн, келін түсіріп беремiн” деп үнемі көңілін бір демдеп қояды екен. Ол жай айтылған сөз емес, үй салатын жерді көтеріп, тегістетіп қойыпты. Келер жылы іргетасын құямын, одан кейінгі жылы қабырғасын көтеремін, қалған жұмыстарын бітіруге тағы екі жыл кетеді деп жоспарлап жүрген.
Эльдар жоғары білімді маман дәрігер. Ақтөбе медициналық институтының түлегі. Астанадағы №2 балалар емханасында педиатр болып жұмыс істеп жүрген оны облыс басшылығы Қызылордаға шақырады. Себебі, бізде де неонатолог маманы жетіспейтін. Сол шақыртуды қабыл алып, облыстық медицина орталығының перинатальдық бөлімінде дәрігер неонатолог болып істеп жүргеніне екі ай болған екен. Оған жақын арада облыстық медициналық орталықтың жас мамандарына арналған үйінен пәтер беруге уәде еткен-ді. Келіншегі алғашқы нәрестесіне аяғы ауыр болып жүрген Эльдар енді үш-төрт күннен кейін отызға толғанын атап өтпекші еді.
Жастардың болашағына 2013 жылдың 9 тамызындағы көлік апаты балта шапты. Бірін інім, бірін баламдай санайтын екі жігіттің көріп жатқан қиындықтарын, тән азабы мен жан азабын, ішкі жанайқайын сөзбен жеткізіп айту мүмкін емес. Сол секілді, олардың аналарының, жұбайының, бауырларының жанкүйзелісін де ауызбен айту қиын. Олар соңғы бір-екі айда ғана мүгедек арбасына отыра алатын болды. Онда да, әрине, басқалардың көмегімен және аз уақытқа ғана.
Апаттан кейін туғандары Эльдардың келіншегі, аяғы ауыр Әсемнің жағдайына қатты алаң болып еді. Бір қуаныштысы, уақыты жетіп, аман-есен босанды. Қазір Санжар есімді сәби өсіп келеді. Эльдардың отбасы облыстық медициналық орталық берген екі бөлмелі пәтерде тұрып жатыр. Ол үшін ризашылығын білдіреді. Қолдан келген көмегін көрсеткен аурухана басшылығына, ұжымға рахметін айтады. Сол сияқты, Сағатбектің анасы да өзінің ұжымына, ұлының достарына, жақын-жуықтарына алғысын білдіреді. Осы ретте баспасөз бетін өзiм де пайдаланғым келіп отыр. Әуелі Алланың құдіретінің арқасында, содан соң дәрігерлер көмегімен аяғымнан тік тұрдым. Облыстық медицина орталығына, оның ішінде, травматология бөлімі ұжымына алғысым шексіз. Алғаш сәттен шырылдап асты-үстіме түсіп жүрген жарымды, университеттегі оқуы басталғанша ауруханадан шықпай, 21 күн жанымда болған ұлымды, “папа, жақсы болып кетесің” деп айналып-толғанып жүрген қызымды, бауырларым, ағайын-туысқан және моральдық, материалдық қолдау көрсеткен достарым мен әріптестерімді қалай атап өтпеске. Қиын сәтте қолдау көрсетер адамдардың болғаны қандай жақсы.
Сағатбек пен Эльдардың үйінде болғанымда оларға тек жақсылықтан үміттену керек екенін айттым. Әлі аяқтарыңа тұрып кетесіңдер дедім. Бұл шын сөзім, өзім солай болатынына сенемін. Қазір медицина жедел дамып келеді. Шетелдермен байланыс жақсы. Нейрохирургия саласы дамыған Израиль, Германия, Қытай секілді мемлекеттердегі емдеу орындарымен байланысқа шығып, кеңес алуға, баруға, тексерілуге болады. Қажет болса ота жасату мүмкіндіктері туып қалар. Әрине, айтуға оңай. Оған көп қаржы керек. Олардың ондай қаржы мүмкіндіктері жоқ, әрине. Мүмкін белгілі кәсіпкерлер көмек қолын созар. Біздің заңымыз Қытайдағыдай емес. Аспанасты елінде көлік апатына түсіп мүгедек болып қалған жандардың өмір бойғы шығыны, көлік апатына кінәлі адамдардың мойнына ілінеді екен. Солай болса, біздегі әпербақан жүргізушілер абайлап жүруді үйренер ме еді?
Оқырмандарды көлік жүргізушіге қандай жаза тағайындалғаны қызықтырары белгілі. Денсаулықтарына аса қауіпті залал келтірілгендер ретінде үшеуімізді жәбірленуші деп таныды. Сот жүргізушіні бір жылға бас бостандығынан айырып, екі мүгедек жігітке 1 млн. теңгеден, маған бес жүз мың теңге моральдық шығын өтеу туралы шешім шығарды. Қылмыстың әдейі жасалмағанын, бұрын сотты болмағанын және келіншегінің аяғы ауыр екенін ескерді. Бұл жазаға келіспеген Сағатбектің анасы апелляциялық арыз берді. Ол сотта “менің балам қиналып төсекте жатқанда бұл жігіт бір жыл мерзімін лезде өтеп шығады. Менің айлығым 50 мың теңге, баламның мүгедектігіне берілетін зейнетақы 30 мың теңге, ай сайынға массажы мен қажетті дәрілерінің өзіне 40 мың теңгедей кетеді. Моральдық шығын кемінде 2 млн. теңге болуы тиіс және жылдарға созбай қазір берілуі керек. Жан-жаққа апарып көрсету керек болады. Ал, жаза мерзімі 2 жыл болғанын сұраймын” деп ашынды. Ол кісіні түсінуге болады. Бұл тіптен де ақшаға құныққандық емес. Жаны күйген ананың жанайқайы. Облыстық сот жазаны бұрынғы күйінде қалдырды.
Осындайда сот алдында тек жүргізуші ғана емес, сол кездегі облыс орталығында жолаушы тасымалын реттейтін арнаулы мекеме тұруы тиіс пе еді деген ой келеді. Тіпті, қала әкімдігін сотқа берген дұрыс болар ма еді? Өйткені, әкімдікке қарасты көлік саласына жауапты, жұмыстарын үйлестіретін, бақылайтын, қадағалайтын қаншама органдар бар. Солардан еш қаймықпай құжаттары сәйкес келмесе де «Мерседес» көлігімен жолға шығуы нені білдіреді. Демек, олар өз міндеттеріне салғырт қарап, тиiстi бақылау жасамаған болып шығады. Әйтпесе, таңертең рейске шыққан жолаушы көлігі, оның жүргізушісі тексеруден өту керек емес пе?! Осылайша, қала әкімдігін жауапқа тартқанда жәбірленушілерге көмек дер уақытында тиер еді.
Міне, осылай жол көлік оқиғалары адамдарға қаншама қиындық әкелуде. Қандай адамды алмайық, оның жол апатынан қаза болған жақыны не жақсы танысы бар болып шығады. Жол үстінде өмірі қиылған халықтың сүйікті ұл-қыздары қаншама. Көлік апатының адамдарға, мемлекетке келтіріп жатқан шығындарын есептеп шығу мүмкін емес. Апатқа ұшыраған адамның отбасы қанша қиындық көрсе, апатқа кінәлі жанның жақындарына да оңай соқпайтыны түсінікті. Ал мемлекет жарақат алған жандарды емдеуге, олардың еңбекке жарамсыз уақытына ақша төлеуге, мүгедектігіне зейнетақы беріп тұруға қыруар қаржы жұмсауда. БҰҰ мәліметтеріне сүйенсек, Қазақстан жол көлік апаттарының көрсеткіштері жөнінен әлемде алғашқы орындардан табылады екен. Осы дерекке сәйкес, біздің елімізде жол-көлік оқиғаларынан 100 мың адамға есептегенде жылына 30-дай адам қайтыс болады. Бұл ТМД бойынша ең жоғары көрсеткіш. Ал дамыған елдер үшін мұндай көрсеткіш тіпті сорақы саналатыны айтпаса да түсінікті.
Осы мақаланы оқыған бір жүргізуші ойланып, жол үсіндегі жауапкершілікті бұрынғыдан да жете сезініп жатса, соның өзі жетістік болар еді. Бәріміз де аман-сау жүрейік!
Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ.
Қызылорда қаласы.