Парламенттің жоғарғы палатасының регламентінен «Құрметті сенатор» атағы алынып тасталды. Бұл туралы Сенат спикері Мәулен Әшімбаев мәлім етті, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Екі-үш апта бұрын, біз регламентті қайта қараған кезде «құрметті сенатор» атағын алып тастаған едік. Біздің мұндай шешім қабылдауымыздың себебі - маусым айында өткен референдумда бүкіл халқымыздың дауыс беруі, оның барысында Конституциядан Тұңғыш Президент - Елбасы туралы нормалар алынып тасталды. Бұл халықтың шешімі», деп түсіндірді М. Әшімбаев.
Сонымен қатар ол бұған дейін «Құрметті сенатор» атағы бір адамға ғана берілгенін атап өтті.
- «Құрметті сенатор» атағы енді заңда жоқ. Бірден айтайын, Сенат регламентіне өзгерістер енгізілді. Бұған дейін бұл атақ тек бір адамға берілген. Қазір мұндай атақ ешкімге берілмейді. Өйткені қазір бұған заңды негіз жоқ», - деп түсіндірді ол.