Жарық дүниеге шыр етіп келген бетте оған берілген есімнің Сапар аталуы тегін болмаса керек. Соғысқа кеткен үш бірдей ұлдың сол сапардан аман келуін ырымдап қойған есімнің жаңа туған нәрестенің былайғы тағдырына әсер ететінін кім білген. Жер шарындағы 6 материктің барлығында болып, оңтүстік және солтүстік полюстерге табаны тиген жиһанкез Сапар ЫСҚАҚҰЛЫ жуырда ғана дүниежүзін аралап, Астана-ЭКСПО туын 27 елдің көгінде желбіретіп қайтты.
Біздің тілшіміз 2005 жылы «Жыл адамы», 2006 жылы «Алтын адам», 2006 жылы «Жылдың іскер адамы», 2008 жылы «Жыл патриоты» атанған, 2007 жылы мәскеуліктер «Жүзжылдық меценаты» атағын берген, Ресейдің «Золотой компас» кубогының екі мәрте иегері, Ресейдің «Держава», «Рубиновый крест», Ұлыбританияның «Королева Виктория» ордендерінің, Швейцарияның халықаралық «Алтын медалінің» иегері, атақты саяхатшымен жолыққан болатын.
– Сапар аға, халқымыз «Көп жасағаннан емес, көпті көргеннен сұра» дейді. Сіз бұл жағынан ел көріп, жер көріп, әлемді көп шарлаған жансыз. Өзіңіз айтпақшы, Мачу-Пикчуді көрмеген адам жиһанкез болып саналмайды, тек саяхатшы болып қалады, деп. Сондықтан сізбен ел-жер көрген адам ретінде әңгімелескім келіп отыр. Сөзіңіздің басын өзіңіз шыққан ұя, өскен ортаңыздан бастасақ деймін. Атыңыздың Сапар деп қойылғаны саяхатыңыздың басы болғандай ма? – Біздің халқымыз ырымшыл ғой өзі. Менің әкем үш ағайынды екен, 1941 жылы соғыс басталысымен үшеуі бірдей соғысқа кететін болады. Мен сол жылы тамызда дүниеге келіппін. Содан сапардан үйіне аман оралсын деп ырымдап, есімімді Сапар деп қойып, ақырында әкем майданнан жалғыз өзі оралады. Жараланса да аман келді. Қалған екі ағасы соғыс даласында қалды. Ырым дегеннен шығады, біздің елде үйінде тұрмайтын, ел аралап, кезбелігімен аты шыққан адам болыпты. Сол кісі апыл-тапыл басып жүргенімде әдейілеп, менің аузыма түкіріпті. Және менің бабам Тілеп әйгілі бақсы кісі екен. Ал бақсылар да қалыпты адамдардай емес, өзгеше жандар ғой. Мен жастайымнан анда-мында жүргенді жақсы көретінмін, екіншіден, Қарағандыда политехникалық институттың құрылыс факультетінде оқып жүргенімде архитектурадан сабақ берген Александр Мельдің әсері болды. Ол кісі әлемдік архитектуралық шедеврлер туралы майын тамызып тұрып айтатын. Александр Николаевич қызықты етіп әңгімелеп жатқанда қиялдап кетіп, шіркін-ай, барып көрер ме еді, дейтінмін. Ол кезде жабық үкімет болғандықтан, мүмкіндік шектеулі, бірақ мен 1962 жылы Ленинградқа практикаға бардым. Оның өзінен де, маңайындағы Гатчина, Петергоф, Пушкино сынды қалалардың бәрінде патша заманында салынған керемет ғимараттарды көрдім. Осыдан бастап, менің әлемдік сәулет өнерінің өлмес туындыларына деген қызығушылығым оянды. Кәдімгідей «ауырдым» десем де болады. Дегенмен, сол кеңес тұсының өзінде мен мүмкіндігі болғанша саяхатқа шығып отырдым. 1972 жылы алыс шетелден алғаш рет Мысырға барып қайттым. Перғауындар тұрғызған пирамидалардан, әлемдегі өркениет бесігінің бірінен алған әсерімді тілмен айтып жеткізу мүмкін емес. Кеңес тұсында 4 рет, бірінде Дунай бойындағы қалаларды, Еуропаны кемемен айналып шықтым. – Иә, 1995 жылы Арқалықта сіздің үйіңізден 30 шақты елдің кішкентай ғана туларының тізіліп тұрғанын көргенім бар. Мұның мәнісі не екен дегенімде бұл сіздердің, зайыбыңыз екеуіңіздің барып қайтқан елдеріңіздің туы болып шықты. Сонда таңғалғаным бар еді. Менің ойымша, сіздер 70 шақты мемлекетті Астанаға көшіп келген соң араладыңыздар-ау деймін? – Иә, иә, Торғай облысы жабылды, жағдай қиындап кетті, сол кезде, яғни 1998 жылы Астанаға қоныс аудардық. Одан жаман болған жоқпыз. Шынымды айтсам, нарық мен есейіңкіреп кеткен тұста келді. Жас уақыттағы күллі күш-қуатым Кеңес Одағының «коммунизм» тұрғызуына кетті, оған оны салып та үлгере алмадық (күлді), не керек, Арқалыққа қазір барғанымда еңбегімнің зая кетіп, салған үйлерімнің қирап қалғанын көргенде жаным ауырады, кәдімгідей күйзелемін. 1998 жылы Астанаға келгенде 57 жаста екенмін. Содан бері де құрылысты тастаған емес едім. Биыл балама: «Сен мына билікті қолыңа ал, мен саған көмектесемін, бірақ бұрынғыдай үй салу, жүгіруді азайтайын, 73-ке келдім», – дедім. Жұмыс-жұмыс деп жүріп, немерелерімнің де қалай өсіп кеткенін байқамай қалыппын. Оларды ата болып қыдыртып, ата-бабасының, туған елінің тарихын, өз көргендерім мен білгендерімді айтып, тәрбиелеріне де араласпай келеді екенмін. Енді соның орнын толтырып жатырмын. Бірақ, еңбек істеп үйреніп қалған адам тоқтай алмайды екен. Үйде отырыңқырап қалсам, ауырамын. Қазірдің өзінде театрды жұмыс қылып отырмын. Оның да шаруасы көп. 12 адамнан тұратын «Көк түріктер» ансамблі бар, жүрген жерлерімде көрген үлкен өнер иелерін шақырып, концерттерін бергіземін. Оның сыртында көргендерімнен кітап жазамын. – Екі полюсті айтпағанда, көрген елдеріңіздің ұзын саны қанша болады? – 107 елді аралаппын. Былай қарасаңыз, рекорд деп айтуға болады. Одан кейін стратосфераға көтерілдім. Онда, тіпті, жүрегімнің ауыратынын жасырдым, әйтпесе, жүрегімде 5 стенд тұр, 3 рет Германияда қойдырған болатынмын. Оңтүстік полюске барарда да, дәрігерге: «Өмірлік армандаған, табаным тисе деген жер еді» деген соң ол кісі түсінді, жазып берді. Барып елімнің туын жердің ең оңтүстік нүктесінде тігіп қайттым. – Ал осы жолғы сапарыңыз қалай болды? Жер шарын айналып шықтыңыз ғой? – Жер шарын әркім әртүрлі әдіспен айналып шығады. Бұдан бұрын ұшақпен бір рет аралап шыққан болатынмын. Бірақ ол шын мәнінде жиһан кезу емес, оны екінің бірі жасайды. Жер шарын айналудың бір жолы яхтамен шығу, ол үшін теңізші болу керек, жас жігіт емеспін, содан кемемен Жер шарын түгел айналу қолымнан келер деп, 10-сыныпта оқитын немеремді алып, жолға шықтым. Қазіргі балалар ағылшын тілін жақсы біледі, әрі жолда дәрімді уақтылы беріп тұрады. Бұған қоса, таспаға түсіретін екі маманды алып, төртеу болып жолға шықтық. Барардың алдында неге елімізде өткізілетін ЭКСПО-2017 көрмесі жайлы жүрген жерімде айтып жүрмеймін деген ой келді. Содан комитетке хабарласып: «Біз бәрібір Жер шарын түгел аралауға шығып барамыз, егер қажет десеңіздер ЭКСПО-ның туы мен жарнамалайтын буклеттеріңізді апарайық. Бірақ, сіздер Сыртқы істер министрлігі арқылы біз барған кезде жергілікті тұрғындармен кездесу өткізетіндей жағдай жасатсаңыздар», – дедім. Екі аптаның ішінде соған дайындық жұмыстары жүргізіліп, жолға шықтық. 27 елде болып, оларда бизнес, жергілікті билік өкілдерімен, журналистермен кездесулер өткіздік. 17 елде біздің елшіліктеріміз бар екен, олардағы кездесулер жақсы өтті. Әсіресе, Малайзияда екі-үш газетке сұхбат бердік, бірнеше телеарна түсірді, Сингапурда Азияның географиясына арналған журнал бар екен, соған шығаратын болды. Біріккен Араб Әмірліктерінде біздің елші дипломатиялық корпустың 20 шақты өкілдерімен кездестіріп, олардың алдында сөйледім. Жүрген жеріміздің бәрінде ЭКСПО туралы, Қазақстан мен оның бас қаласы елорда, еліміздің табиғаты мен ресурстары, жалпы мүмкіндіктері туралы айтып беріп жүрдік, жұртшылықтың қызығушылығы енді кәдімгідей болды. Оның үстіне бізбен бірге саяхаттап жүрген кемедегі туристер бар дегендей, біраз адамға ЭКСПО көрмесін қолымыздан келгенше насихаттадық. Елге оралған соң баспасөз мәслихатын өткізіп, күллі елдің адамдарының қолтаңбасы қойылған ЭКСПО туын өздеріне табыстадық. 120 күн жүріп серік болған туға бауыр басып қалыппыз, қимай-қимай бердік. Бұған қоса, Сағадат Нұрмағамбетов атындағы қорымыз бар, соның және Қостанай облысының да туын ала барғанмын. Олардың да туын тапсырамын. – Қостанай облысы дегеніңіз түсінікті, ал Нұрмағамбетов атындағы қорға қатыстылығыңыз туралы естімеппін. – Бұл – Сағадат ағаның көзі тірісінде, өзінің рұқсатымен ашылған халықаралық қор. Ол үш жыл ішінде көп жұмыс атқарды. Алғашында Алматыда, одан кейін Шымкентте болды. Қазір Қызылордада, келесі жылға туды алуға кезекке тұрған облыстар бар. – Ол сонда жылжымалы қор болғаны ма? – Иә, о баста солай келісілген, Сағадаттай ұл халыққа ортақ болған соң, ту бір-бір жылдан әр облысқа барып, жыл аяғында ту тапсырған облыс есеп берсін деп келісілген. Есеп өзің үшін емес, халық игілігіне не атқардың деген тұрғыдан. Мысалы, Оңтүстік Қазақстан облысында Иманжүсіпке, оның әкесі мен бабасының басына үлкен ескерткіш қойылды, сол кісілер тұрған жерде стадион, мектеп, келесі ауылда балабақша ашылды. Иманжүсіптің немересі Раушан қарындасымыздың қатысуымен үлкен ас берілді. Бұл – қордың бір жылда ғана жасаған жұмысы. Енді Қостанай дайындалып жатыр, аламыз деп. Олардың жоспарында Қостанай қаласында Қобыланды батырдың ескерткішін орнату бар. Ақтөбе де, Павлодар да алғылары келеді, бір күні Астанаға да келеді ғой. Мен осы қордың Астанадағы филиалының президенті болып сайланғанмын. Бұл бір жақсы ұйым. Кәсіпкерлер кездесіп, пікірлесіп, жұртқа, халыққа, елдің игілігіне не жасай аламыз дейтін кішігірім бейресми құрылтай деуге болатын отырыс. Бір мысал келтірейін. Шымкентте ірі бизнесмен екі жігіт бар. Жағдайлары өте жақсы. Солармен кездескенде: «Сендердің ата-бабаларыңның кіндік қаны тамған жері – Торғай. Қыпшақтардың атамекені Торғай ғой. Сендердің шамаларың жетеді, Торғайда мұнай болуы әбден мүмкін. Торғайға барайық, көп болса, құдайы садақа ретінде 3 миллионың кетер (бір бұрғылаудың құны)», деп бұрынғы барланған қағаздарды көтертіп, жігіттерді алып бардым. Амандық болса, жақын арада сейсмобарлау жасалады. Міне, көрдіңіз бе, қордың жұмысы қандай, ал егер ол қор болмаса менің сөзім өте ме, өтпей ме. Егер мұнай шығып жатса, Торғайға инвестиция ағылады, жол да салынады, тіршілік те оңалады. – Сіз бұрын туристік сапарларға жеке өзіңіз шығып жүрдіңіз, ал бұл жолы белгілі бір миссия атқарып, Сыртқы істер министрлігі тарапынан ұйымдастыру мәселесінде көмек көрдіңіз. Екеуінің айырмашылығы қандай болды? – Барлық жол шығыны, түсірушілердің сапары өз қалтамнан шықты. Әрине, кеменің алдында музыкасын ойнатып, сені еліңнің сол мемлекеттегі елшілігінің ресми адамдары қарсы алып жатса, жігіттер күтіп тұрып, кісілермен таныстырып, кездесулер ұйымдастырса, өзіңді өте сенімді сезінесің. Отырған көлігің де, елшіліктің ауласы да сол елдегі Қазақстан жері саналады. Ал қанша жерден керемет болып кетсең де шетелдің аты – шетел, ендеше, жоғарыдағы сезімнің киелілігінде үлкен мән жатыр. Менің туды алып шығуымның өзі Отанымды сүйгендігім. 120 күннің жолы бар, әр елде болатын күнің есептеулі, сонда кей жерде 1 күн тоқтайтын болсақ, өзге туристер қызықтап жүргенде менің жарты күнім миссияны атқаруға кетеді. 2 күн болса, оның 1 күні соған жұмсалады. – Аға, осыншама ел аралағанда өзіңізді таңғалдырған жайттармен ортақтассаңыз. – Мексика мен Перу деген елде болдым. Мексикада мая, Перуде инктер тұрады. Мексикада 8 күн жүргенімде Юкатан түбегіндегі халықтың тіліндегі көп сөздердің менің ана тілімдегідей айтылатыны және оның мағынасының да дәл солай болуы қатты таңдандырды. Мысалы, «күн», «бір», «екі», «үш», «аққу» деген сөздер. Үңгірдің ішінде көл бар екен, соны «Қаракөл» дейді. Бұл біздің шығу тегіміздің бірлігін көрсетеді. Мұны бір деп қойыңыз. Екіншіден, Перудегі ежелгі мәдениет пен архитектура. Мачу-Пикчудегі сұмдық ірі тастарды бір-бірімен жымдастырып, кесіп салу үшін өте жоғары технология қажет. Сонда оны ертедегі адамдар қалай жасады деп таң-тамаша болмасқа шараң жоқ. Бірақ белгісіз жағдайда ол мәдениет жойылып кеткен. Ал олардың жағдайының төмендегені сонша, испандықтар ХV ғасырда өркениеттің ізін көргенде оны бұл халық жасауы мүмкін емес деген ұйғарымға келген. – Ел-елді аралап, басқа халықтарды көргенде, шіркін, біздің жұртымызда осындай қалып болса ғой деп қызыққан тұсыңыз болды ма? – Мен әр елге жеке-жеке барып жүрдім ғой. Ал барлығын бір уақытта аралағанда сен әр жұрттың ерекшелігі мен артықшылықтарын, кемшін тұстарын саралай түседі екенсің. Біріншіден, планетаны айналып өткенде бар-жоғы 120 күннің 40 күні жолға кетті, яғни біздің Жер өте үлкен емес екен. Екіншіден, қай елге барсаңыз да табиғат ерекшеліктері болмаса, халық бар жағынан ұқсас. Тек экономикалық тұрғыдан біреу ілгері, біреу кейін деген айырмашылық бар. Қай елге де барып тұра беруге болатындай. Австралияға да, Жаңа Зеландияға да қоныстанып жатқан қазақтар бар. Қазіргі заман нағыз жаһанданған әлем ғой. – Аға, жаңа биікке, стратосфераға көтерілгеніңізді айтып жатырсыз. Биік дегеннен шығады, Торғай даласында тек көк жүзінен төмен қарағанда ғана көрінетін, геометриялық фигуралар геоглифтер бар дейді. Егер зерттеліп, құпиясы ашылып жатса, туристерді нағыз тартатын орынның бірі сол болмай ма? – Дұрыс айтасың. Дәл сондай геоглифтер жер-жүзінде ешбір елдің аумағында кездеспейді. Оны зерттеу бірақ үлкен қаражатты талап етеді, ал үкіметке оның қажеті жоқ тәрізді. Бір ғалым жігіт соның ғарыштан түсірілген суреттерін жинап, маған көмектесіңізші, деп келген болатын. Содан барып көрдік. Шынында, егер ол жер зерттелсе, Англияның Стоунхенджінен артық болмаса, кем түспейді. Үкімет зер салмаған күнде, Торғайдан мұнай шығып, шаруа жүріп кетсе, сол арадан туристік бағыт ашу ниетім бар. Ол өзі Торғайдың біраз жерінде, кереметі сол, планетада күні бүгінге дейін кім салған деп бас қатыратын, туристердің легін үзбейтін геоглифтер салынған бірнеше орын бар, ал біздегі солардың ешқайсысына ұқсамайды. Биыл шама жетсе өзім ғалымдарға қаражат жағынан көмектеспекшімін. Бастаудың өзіне көп қаржы керек. – Дүниеде неден қорқасыз? – Өлімнен қорықпаймын, ол анық. Өйткені, өзімнен кіші інілерім де, қимастарым да, небір жақсы мен жайсаңдар да өтуде. 73-ке келдім, біраз жасадым, жетпейтін нәрсе бар, ол – уақыт. Ой көп, жоспар көп, соларды орындауға уақыт аз. Немерелерімнің қызығын көре тұрсам деймін. Оларға да уақыт таба алмадым, өткен жолы саяхатқа алып шыққан немерем жолда жүргенде біраз назын айтты. Ұялдым. Саяхатта жүргенде ажалмен бетпе-бет келген тұстарым да болды. Үнді мұхитының жағасында суға аяғымды малып тұр едім, үйдей толқын келіп, алып ұрып, көзді ашып-жұмғанша жағалаудан қашыққа ұзатып жіберді. Бір сағаттың сыртында жағалаудан 300 метр жерден аман шықтым. Жалпы, қатты ауырған сәттерімде бабам көмекке келеді. Инфаркт алып, жансақтау бөлімінде жатқанымда үстімнен сылдырап бұлақ ағып өткендей болды. Жазылып шықтым, артынан дәрігер қарап, сізде инфарктен ешқандай із қалмапты, бейне ауырмаған адамдайсыз, деді. – Әлі де, барсам, көрсем деп армандайтын жеріңіз бар ма? – Ол бар ғой.Тибетті бір айналып шығып, Кайлас деген үлкен тауға барсам деймін. – Сіздің балаларыңыздың есімдері қызық – Энрике, Илико, тек Жәнібектің аты ғана үйреншікті, неге олай қойдыңыз? – Мен Торғайдан Қарағандыға оқуға барғанымда таза дәптер тәрізді едім. Тобымызда 5 қана қазақ жігіті бар, оның екеуі қалада өскендер, ал мен ауылдың қара баласымын, содан намысқа тырысып, кітапханадан шықпай қойдым. Өзімді өзім тәрбиеледім, оқитын салама қатысты болмаса да әлемдік әдебиет пен өнерді де назарыма алдым. Жаспыз, кейде қыдырғың да келеді, сондайда қыздармен әңгімелесейін десең, я орысша білмейсің, я оларды еліктіретін ешнәрседен хабарың жоқ. Әңгіме етер тақырып та таппай қаласың. Сол кітапхана маған ақырында классикалық музыкаға деген махаббатымды оятты. Ұлымның атын Энрике Карузоның құрметіне қойдым. Ал Илико деп анасы қойды. Ал немерелерімнің бірі– Қобыланды, бірі – Атилла, бірі – Мүде, немере қызымның есімінің бірі– Баянсұлу, екіншісін анамның құрметіне Дәмелі деп қойдым. Дәмелі анам, расын айтқанда, менің әкем Әбдібектің туған апасы. «Құдай алдында сұраусыз», деп мені 41-жылы сол кісіге берген. Содан барып мен Ысқақов болдым. Кәмелетке толып төлқұжат аларда әкем: «Аруақтың назасына қаламыз, о баста құдай атымен апама бергенмін, тегіңді өзгертпе», – деді, содан Ысқақов болып кеттім. Негізінде, мен Омаров болуы тиіс едім. Анам мені бетімнен қақпай өсірді. Еркелетіп, айтқанымды екі еткен жоқ. Ол кісі Әліби Жангелдиннің жиені. Әкем нағашыларыңмен таныс деп Әлекеңнің балаларының үйіне алып та барған. Бірақ ешқайсының қазақы қалыбы жоқ екен. Ал Омар атам қалпе болған кісі. – Сіз сонда екі шаңырақтың үзігін жалғап отыр екенсіз ғой. – Солай деп айтуға да болады. Өзімнен кіші інім Арқалықта, оның тегі Әбдібеков. Ал мен өзімді Тілеп атамның да атын жалғастырушы деп білемін. Әңгімелескен Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан». АСТАНА.