Елімізде онкологиялық қызметті дамытудың 2025 жылға дейін кешенді жоспарын іске асыруға байланысты бірқатар өзгеріс орын алады. Бұл туралы медицина ғылымдарының докторы, ҚР ҰҒА академигі, «ҚазОРҒЗИ» АҚ Басқарма Төрағасы Диляра Қайдарова мәлімдеді, деп хабарлайды Egemen.kz Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Маманның айтуынша елімізде жыл сайын 35 мыңнан астам адам обырға шалдығады, 14 мыңнан астамы бұл дерттен көз жұмады. Қазір 200 мыңға жуық адам дәрігер есебінде тұр. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, Қазақстанда онкология - өлім-жітім бойынша үшінші орында тұрған аурулардың бірі.
«Кешенді жоспардың іс-шараларын іске асыру кезінде қатерлі ісіктерден болатын өлім-жітімді орта есеппен 5%-ға төмендетудің оң үрдісі бар. 2022 жылы Қазақстанда онкологиялық науқастар контингенті 205 042 науқасты құраған. 2022 жылдың 11 айында қатерлі ісіктерден болатын өлім- жітім көрсеткіші 100 мың тұрғынға шаққанда 65,7%-ды, яғни 11 806 жағдайды құрады, бұл өлім-жітім көрсеткішінің 8,3%-ға төмендегенін көрсетеді», деп атап өтті Диляра Қайдарова ведомствоның алқалы отырысында.
Аты жаман дерт арасында өкпе обыры (16,5%, 1 945 жағдай) көш бастап тұр. Екіншісі – асқазан обыры (11,8%, 1 411 жағдай) болса, үшіншісі – колоректалдық обыр (10,7%, 1 242 жағдай) және төртіншісі - сүт безі обыры (8,2%, 959 жағдай) екен.
Диляра Қайдарованың айтуынша, онкологиялық қызмет бағдарламасы техникалық қайта жарақтандыруды көздейді. Сондай-ақ қолда бар диагностикалық жабдықты жаңартуға, ескірген апппараттарды ауыстыру есебінен сәулелік емдеуді дамытып, мықты мамандарды даярлауға септігін тигізеді.
Гүлшахра САНСЫЗБАЙ