Бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев шетел көліктерін заңдастыру мәселесіне байланысты Үкімет жұмысын сынға алып, көпшіліктің әлі күнге дейін ақпаратпен толық қамтамасыз етілмегенін айтқан болатын. Ішкі істер министрлігінің дерегіне сүйенсек, бүгінде ел аумағында заңдастыру тізіміне іліккен 300 мыңнан астам автокөлік жүр. Жүйеде нақтылық болмаған соң, темір тұлпар иелерінің алаңдайтын жөні бар.
Президенттің сын-ескертпесінен кейін бұл бағытта сең қозғалған сияқты. Кеше Орталық коммуникациялар қызметінде аталған мәселе бойынша арнайы жиын ұйымдастырылып, Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха журналистердің сауалына жауап берді. Ол елімізге 2022 жылдың 1 қыркүйегіне дейін әкелінген шетелдік автокөліктерді біржолғы заңдастыру биыл 23 қаңтарда басталатынын мәлімдеді. Автокөліктерді бастапқы мемлекеттік тіркеу үшін 200 мың теңге алым төлеу қажет.
Естеріңізге салсақ, Үкімет биыл 11 қаңтарда Қазақстан аумағына 2022 жылғы 1 қыркүйекке дейін әкелінген көліктердің жекелеген санаттарын бастапқы тіркегені үшін алым мөлшерлемесін қолданудың және осындай көліктерді әкелуді жүзеге асырған жеке тұлғаларды өндірушілердің (импорттаушылардың) кеңейтілген міндеттемелерінен босатудың қағидаларын, шарттары мен мерзімдерін бекіткен болатын. «Ережелер алғашқы ресми жарияланған күннен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі. Сәйкесінше, 2023 жылдың 23 қаңтарында (дүйсенбіде) күшіне енеді және сол күннен бастап біз шетелдік автокөліктерді заңдастыруға кірісеміз», деді И.Лепеха.
Шетелдік көліктерге қойылатын талаптар: елге 2022 жылдың 1 қыркүйегіне дейін әкелінуі керек; іздеуде болмауы шарт; басқа мемлекетте бұрынғы тіркелген жері бойынша есептен шығарылуы қажет; кедендік тазартудан өтуі тиіс. Ережелер 2023 жылдың 1 шілдесіне дейін күшінде болады және жеңіл автокөліктерге, шағын, орта автобустарға (толық салмағы 5 тоннаға дейін) және шағын жүк автокөліктеріне (толық салмағы 3,5 тоннаға дейін), оның ішінде рулі оң жақта орналасқан көліктерге қолданылады. Тіркелетін шетелдік автокөліктерге «жасына» және экологиялық сыныбына талаптар қойылмайды. Заңдастыруға өтінішті «Электронды үкімет» порталы немесе арнайы халыққа қызмет көрсету орталықтарына жеке жүгіну арқылы беруге болады. Мамандандырылған ХҚКО-ларда арнайы секторлар ұйымдастырылады. Олар тек автомобильдерді заңдастыруға құжат қабылдайды. Яғни темір тұлпар иелері халыққа қызмет көрсету орталықтарында өзге қызмет алушылармен бірге кезек күтіп отырмай, уақыттарын үнемдей алады. Көлік иесі 4 құжатты ұсынуы керек: өтініш; өтініш берушінің жеке басын куәландыратын құжат (жеке басын сәйкестендіру үшін); көлік құралының паспорты және (немесе) көлік құралын тіркеу туралы куәлік; көлік құралына меншік құқығын растайтын құжат (оларға: осы мүлікті сатып алу-сату, айырбастау, сыйға тарту немесе иеліктен шығару туралы өзге де мәміле шарттары, мұрагерлік құқығы туралы куәлік жатады. Бұл ретте, азаматтық заңнамаға сәйкес берілген сенімхат, егер мұндай құқық сенімхатпен берілген жағдайда, көлік құралына меншік құқығын үшінші тұлғаға беру үшін негіз болып табылады).
– Өтініш пен құжаттарды тапсырғаннан кейін көлік құралы арнайы ХҚКО жанындағы тексеру пункітіне нөмірлік агрегаттарды салыстыру үшін ұсынылады. Салыстыруды ішкі істер органдарының сарапшы-криминалисі жүргізеді (азаматтар ағыны ұлғайған кезде олардың санын көбейтеміз). Екі күнге дейінгі мерзімде салыстырып тексеруден өткеннен кейін біз шешім шығаруымыз керек. Яғни, көлік құралы заңдастыруға жататыны немесе жатпайтыны анықталады. Көрсетілген мерзім ішінде көлік құралы қағидаларда бекітілген талаптардың сәйкестігіне, яғни 2022 жылғы 1 қыркүйекке дейін елге әкелу, іздестіруде болу, кедендік тазартудан өту, соңғы тіркелген жері бойынша есептен шығару мәніне тексерілетін болады.
Кіру күні ҰҚК Шекара қызметінің немесе мемлекеттік кірістер органдарының дерекқорлары бойынша айқындалады, бүгінде бұл үдеріс толығымен автоматтандырылған және автомобиль шекарасынан өтуді есепке алу оның коды бойынша жүргізіледі. Сонымен қатар шекара қызметінде немесе мемлекеттік кірістер органдарында көлік құралын әкелу туралы мәліметтер болмаған кезде (мысалы, егер автомобиль Қазақстан аумағында жеткілікті ұзақ уақыт болса), автокөлікті Қазақстан Республикасында нақты тұрған күні автосақтандыру полисінің алғашқы рәсімделген күні бойынша айқындалады. Автокөлік Интерпол және ТМД базалары бойынша тексеріледі. Еуразиялық экономикалық одақтың Бірыңғай кедендік базасы бойынша кедендік тазартудан өту үдерісі де толық автоматтандырылғанын атап өткен жөн. Шетелдік автомобильдерді нақты заңдастыру бір реттік акция екенін ескерткім келеді, дейді Игорь Лепеха.
Белгілі болғандай, тексеруден сәтті өткен жағдайда өтініш берушінің ұялы телефонына оң нәтиже және көлік құралын тіркеу үшін мамандандырылған ХҚКО-ға келу қажеттілігі туралы қысқа хабарлама жіберіледі. Көлік құралын тіркеуге мамандандырылған ХҚКО-ға қайта келген кезде иесі бастапқы тіркеу үшін 200 000 теңге, техқұжат үшін мемлекеттік баж (4 313 теңге), сондай-ақ мемлекеттік нөмірге (9 660 теңге) алым төлейді және құжаттардың түпнұсқаларын ХҚКО қызметкеріне тапсырады (шетелдік техқұжат, меншік құқығын растайтын құжат). Тіркеу бекітілгеннен кейін автомобиль иесіне тіркеу құжаты және Қазақстан Республикасының мемлекеттік нөмір белгілері беріледі.
Брифингте Әкімшілік полиция комитеті төрағасының міндетін атқарушы Қайсар Сұлтанбаев «конструктор» көліктердің заңдастырылмайтынын айтты. Мұндай автокөліктер елімізге жүріп тұрған күйінде кіргізілмеген. Олар бөлшектеліп әкелініп, кейін Қазақстанда құрастырылған. Ведомство дерегінше, қазір елімізде мұндай 5 мыңға жуық көлік бар.
– «Конструктор» деп танылған автокөліктерді заңдастыру кезінде тіркеуге алмаймыз. Неге десеңіз, бұл көліктердің ешқандай құжаты жоқ. Бұл көліктер әу баста шекара арқылы Қазақстанға заңсыз кіргізілген. Сондықтан мұндай көліктер тіркеуге жатпайды. Көліктерді әкелген және оны әрі қарай сатқан кісілер бұл көліктердің заңсыз екенін біледі, – деді Қайсар Сұлтанбаев.
Көлік мәселесі халық үшін өзекті. Оған қатысты әрбір жаңалық қоғамда қызу талқыланады. Бірнеше жылдық талқылаудан кейін ақыры елімізде жүрген шетелдік нөмірдегі көліктерді тіркеу ісі жандана бастады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында шетелдік көліктерді заңдастыруда утилизация және алғашқы тіркеу үшін төленетін қаржы көлемін 200-250 мың теңгеден асырмай, бәріне бірдей және бір реттік алым алуды ұсынған еді. Президент тапсырмасын орындау үшін заңға өзгерістер енгізілді. Сең қозғалды. Жаңашылдық жүйелі жүзеге асады деген сенім мол.