• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Экономика 13 Қаңтар, 2023

Биржаның мүмкіндігі мол

205 рет
көрсетілді

«Астана» халықаралық қаржы орталығының биржасы (Astana International Exchange – AIX) өткен жылғы қызметінің нәтиже­лерін жариялады.

2022 жылғы желтоқсандағы сауда-саттықтың айлық көлемі «ҚазМұнайГаз» ұлттық компания­сы IPO-сының нә­тижесінде айтарлықтай өсіп, 35,4 млн долларға жетті. Бұл 2021 жылғы желтоқсанмен салыстырғанда екі жарым есе көп. Жалпы, 2022 жылы сауда-саттық көлемі 173 млн долларды құрады. AIX ресми тізіміне 85 түрлі эмитенттің 129 бағалы қағаз шығарылымы, соның ішінде 19 биржалық нота (ETN) енді. Тартылған борыштық капиталдың жалпы көлемі шамамен 2,39 млрд долларға, тартылған үлестік капиталдың көлемі 348,9 млн долларға тең. Қазақстан, Ресей, Қытай және еуропалық елдер­дің брокерлерін қоса алғанда, сауда мүшелерінің саны 30-ға жетті. AIX Орталық депозитарийінде 500 мыңнан астам шот ашылған.

Биржа үшін өткен жылдың басты оқиғаларының бірі «ҚазМұнайГаз» IPO-сы екені анық. Ұлттық ком­панияның жай акцияларының AIX-тегі сауда-саттығы 8 желтоқсанда басталды. Акциялардың 96 пайызға жуығы қазақстандық бөлшек және институционалдық инвесторларға тиесілі. Тabys мобильдік қосымшасы және «Қазпоштаның» филиалдық желісі арқылы тікелей жазылу арқылы бөлшек инвесторлардың қатысуын зор жетістікке балауға болады. Олардан 1 млрд теңгеден астам сомаға 6 мыңға жуық өтінім келіп түсті. IPO аясында мобильді қосымша арқылы бөлшек инвесторлардан тікелей сатушы акцио­нерге сатып алуға өтінім беру құралы Қазақстанның қор нарығының тарихында алғаш рет пайдаланылға­нын еске сала кетейік. «ҚазМұнайГаз» акциялары 2023 жылғы 4 қаңтар­дан бастап AIX-тің Qazaq Index-іне енгізілді. Өйткені барлық қажетті өлшемшарттарға сәйкес келген әрі IPO сәтінен бастап жоғары өтімділікті көрсетті.

2022 жылы бірқатар компания AIX-ке акцияларын орналастырды. Олардың қатарында Halyk Bank те бар. Банк өзінің еншілес ұйымы «Халық Банк Грузия» АҚ-ның номиналды көлемі 15 млн долларды құрайтын 3 жылдық дебюттік облигацияларын орналастырды. CNYA акциялары бар iX China Equities BR-дың юаньдағы алғашқы биржалық ноталары биржаға қойылды. CNYA – Қытайдағы қор нарығының көрсеткіштеріне қол жет­кізуді қамтамасыз ететін ең ірі бир­жалық инвестициялық қорлардың бірі. Шариғат нормаларына сәйкес инвестицияларды жүзеге асыратын ірі ислам қорларының бірі ISDW базалық активі саналатын iX Islamic Exchange Traded Notes-тің биржалық ноталарын орналастырды. VNQ акциялары бар iX US Real Estate Exchange Traded Notes те АІХ-ке шықты. VNQ биржалық қорының АҚШ, Канада, Еуропа және Азияда жылжымайтын мүлікке иелік ететін 160-тан астам компанияда үлесі бар. Сондай-ақ ірі, орта және шағын капиталдандырылған жылжымайтын мүлік инвестициялық қорларын қамтиды. Бұған қоса сомасы 6 млрд теңге құраған NEF Qazaqstan дебюттік облигациялары AIX ресми тізіміне енгізілді. NEF Qazaqstan облигациялары бойынша төлем міндеттемелері­не жаһандық өсу стратегиясы бар Түркияның ірі девелоперлерінің бірі кепілдік береді.

«2022 жыл бойы біз AIX Орталық депозитарийінде шоттарын аш­қан бөлшек инвесторлар санының күрт өсуін байқадық. Инвесторлар шоттарының саны 2021 жылмен салыстырғанда 3 есе өсіп, 505 мың­ға жетті. Оның ішінде 50 мыңнан астам шот «ҚазМұнайГаз» IPO-сы қарсаңында ашылды. 2022 жылдың желтоқсан айының соңында Tabys мобильді қосымшасы арқылы инвес­тиция көлемі 2021 жылдың желтоқсан айының соңындағы 2,7 млн доллармен салыстырғанда 3 млн доллардан асты. Ал соңғы 12 айдағы сауда-саттық көлемі 2021 жылғы 4,7 млн доллармен салыстырғанда 3,5 млн долларға тең болды. Tabys қосымшасындағы белсенді инвесторлардың жалпы саны 11 мыңға жетті», деп хабарлады «Астана» халықаралық қаржы орталығының биржасы.

Былтыр биржада жаңа құрал­дар мен қызметтер де іске қосылға­нын атап өткен жөн. Мәселен, AIX «Самұрық-Қазына» қорын жекеше­лен­діру бағдарламасы шеңберінде «ҚазМұнайГаз» листингіне орайлас­тырып тікелей жазылу құралын іске қосты. Сол арқылы ел азаматтары үшін IPO-ға тең қолжетімділікті қамтамасыз етті. Тікелей жазылу – қағазбастылық­тан құтқаратын және ел азаматтарына ұлттық компаниялардың акцияларына жазылу үшін кең мүмкіндіктер беретін жаңа цифрлық шешім. Тікелей жазылым Tabys мобильді қосымшасы және «Қазпошта» желісі арқылы қолжетімді.

Сондай-ақ AIX репо нарығын іске қосты. Repurchase agreement – сату және кері сатып алу туралы мәмілелер. Нарық қатысушылары енді АҚШ долларында көрсетілген акциялармен сауда жүргізіп, репо мәмілелерін жасаса алады. Репо нарығы ең алдымен бір күннен төрт аптаға дейінгі кезеңмен Kaspi, Kazatomprom және Halyk Bank бағалы қағаздары үшін қолжетімді. Репо жергілікті бөлшек инвесторлар мен сауда мүшелеріне зор мүмкіндіктер ұсынады және AIX биржасындағы жалпы өтімділік пен ашықтықты арттыра отырып, ірі ойын­шылардың кеңейтілген саны үшін капитал нарығын ашады. Биржа бөл­шек клиенттердің сұранысын қана­ғат­тандыруға тырысып келеді және репо нарығының құрылуы оның одан әрі дамуы мен өсуіне ықпал етпек.

AIX биржасы қазақстандық бизнеске айналым капиталын тартудың тағы бір жылдам әрі үнемді әдісін – коммерциялық қағаздарды ұсынды. Осыған орай биржаның листинг қағи­даларына тиісті өзгерістер енгізіл­ді. Коммерциялық қағаздар – қысқа мерзімді айналым капиталына деген қажеттіліктерін (жалақы төлеу, жеткізушілермен есеп айырысу, тауар­лық-материалдық қорларды толықтыру, эмитенттің негізгі қызметіне байла­нысты басқа операциялық шығыс­тар) қаржыландыру үшін кредиттік қабілеттілігі расталған компания­лар шығаратын кепілдендірілмеген қысқа мерзімді қарыз міндеттемелерінің кең таралған түрі. Коммерциялық қағаздар кез келген номиналмен кәсіби (аккредиттелген) инвесторларға ұсынылуы мүмкін. Ұсыныстар тек аккредиттелген инвесторларға арналғанын ескере отырып, олар кем дегенде 100 мың доллар сомасындағы лоттармен сатылады. Коммерциялық қағаздарды сатып алушылар корпорациялар, қаржы инс­титуттары, ауқатты жеке тұлғалар мен қысқа мерзімді инвестициялық қорлар болуы мүмкін.

2022 жылдың 1 желтоқсанынан бастап AIX комиссиялары өзгерді. Акциялармен сауда-саттық және есеп айырысу операциялары үшін комиссия (биржалық қорларды (ETF) қоса алғанда) әрбір мәміле бойынша 0,01 пайызға (бұрын 0,05 па­йыз) тең болды. Сонымен қатар 2022 жылғы 8 желтоқсаннан 2023 жылғы 7 наурызға дейінгі кезеңде инвесторлар «ҚазМұнайГаз» акцияларының қайталама нарықтағы сауда-саттықтары мен есеп айырысулары үшін комиссиялардан босатылады. Ұлттық компания жай акцияларының сыртқы аударымдары үшін AIX CSD комиссиясы 2022 жылғы 7 желтоқсаннан 2023 жылғы 6 наурызға дейін 3 айға тоқтатылды.