• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
12 Маусым, 2014

Тегіне тартқан тарлан

667 рет
көрсетілді

Арамызда жүрген ардақты аға, ортамызда жүрген атанжілік азамат Амангелді Ермегияевтің 70 жасқа толуына орай жазбақшы болған осы естелікті ойластыру үстінде онымен қашан, қалай танысқанымды есіме түсірейін десем, нақты бір күн қаперіме келер емес. Әйтеуір, талай заманнан бері тонның ішкі бауындай жақын болғаныммен, жолымыз бір күні келіп тоғысқаны анық қой. Талай сапарларда бірге жүріп, талай күндер мен түндерді бірге өткізгеніміздің арқасында ма екен, мен оны жүз жылдан бері білетін сияқтымын. Ал нақтылай келсем, Амангелді Дінұлымен араласа бастағаныма сонша көп те болмаған екен. Өйткені, ақындар айтысының жаңа кезеңін бастап кетуге бел буып, 1997 жылдың күз айларында Алматының бай-манаптарының табалдырығын тоздырып, демеуші іздеп жүргенімде, мен оны танымайтын болатынмын. Әйтпесе, Мұхтар Құл-Мұхаммед айтысқа қолұшын созған сол кезде арманымды айтып, алдына бара қалсам, Амангелді Ермегияев та айтыстан қалыс қалмас еді ғой. Ал 2002 жылы Балқашта Ағыбай батырдың 200 жылдық мерейтойы атап өтілгенде, екі жақтан жанашыр болып атсалысқанымыз анық есте. Демек, жаңа мың жылдықтың бас кезінде, мен Хасен Мұсаұлының зияткерлік клубына мүше болып, атты-тондылармен араласа бастаған кезімде, жолымыз түйіскен ғой. «Алматықұрылыс» холдингі төрағасының бірінші орынбасары болған марқұм Мекеш Утин бауырымыз да өнер десе елең ететін елгезек көңілімен мені іш тартып, ол кезде тасы өрге домалап тұрған құрылыс холдингіне мені жиі баурай беретін. А. Ермегияевтің 60 жылдық мерейтойына да қоярда қоймай қолқалап алып барған сол Мекеш еді-ау. Ақыры Амангелді Дінұлы ақындар айтысының негізгі қолдаушы – демеу­шісіне айналды. «Отан» партия­сының басшысы болып сайланған соң, біраз уақыт айтысты тікелей қолға алды десе де болады. Айтысты қайда, қалай өткізу, кімдерді қатыстыру, қандай жүлде тағайындау мәселелері Амангелдісіз шешілмейтін. Ең жақсысы, Әбекең айтысқа келгенде «түйе үстінен сирақ үйітпейтін». Көлеңкесінен үрікпейтін. Небір түйткілді мәселе­лерді ұшындырып жырлап жатқан айтыскерлерді бетінен қағып, табада шыжғыру ол кісінің дағдысында жоқ еді. Қайта, олардың асырып айтқан тұстарын тегістеп, тігісін жатқызып, көшелі кісінің бейнесінде көрінетін. Өздерінің шығармашылық болмысын терең ұғынып, арқасынан қаға білетін ағаға риза болған ақындар да Амангелді Дінұлын айтыс сайын алқалап, ардақтап, жыр қошеметіне бөлегенін алтын қорда сақтаулы жазбалардан анық көруге болады. Осы заманғы айтыс өнерінің арқасы кеңіп, тізгіні босап, көсіле шапқан тұсы сол деп батыл айтуға болады. Ақындар айтысының ашылуы мен жабылу салтанаттарында есіліп сөйлеп, ақындарға жүлдеден шүлен таратып тұрған А.Ермегияев елдің көз алдында қалған болуы керек. Ол осы тұста Алаштың ардақты азаматтарының қатарына күмәнсіз қосылып еді. А.Ермегияевтің неше айтысқа демеу­шілік жасап, қанша темір тұлпар­дың тізгінін іні-қарындастарына ұстатқанын анықтап айтып бере алмаймын. Өзі секілді жағдайы бар қанша азаматтың бетін айтысқа бұрып, атамұра өнердің қолдаушысына айналдырғанын да санамалап айту қиын. Әйтеуір, Ерлан Атамқұлов, Құсайын Омаров, Серік Үмбетов, Серік Керейбаев, Шалбай Құлмаханов, Өмірзақ Сәрсенов секілді біраз қалталы адам Амангелдінің арқасында айтыстың қосына жегіліп, демеушіге айналды. Олардың қайсысы­ның қай тетігін басып, қалай тілін тапқанын әңгіме етпей-ақ қоялық. Ұйымдастырушылық қабілеттің неше түрлі ықпыл-жықпылын жетік меңгерген ағамыз солардың бәрін ыңғайына көндіруші еді. Кезінде Алматы қалалық атқару комитеті төрағасының орынбасары, министр қызметінде болған Әбекең шенді-шекпенділермен өз тілінде сөйлесіп, олардың буынын босатудың жолдарын тез тауып, иліктіре қоятын. Нәтижесінде, қазақтың ақындар айтысы Мәскеудің төрінде де ән әуелетті, Париждің қақ ортасында да қазақ жырын шалқытып, Еуропада елін аңсап жүрген қандастарымыздың көзіне жас үйірді. Бұл – ешқашан ұмытылмайтын еңбек! Еуропаңыз не, өзіміздің Қарағанды облысындағы Шет ауданы құрылғанына 80 жыл толуын тойлай алмай отырғанда, Ермегияевтің арқасында арқа-жарқа мерейтой жасап, ат шаптырып, балуан күрестіріп, айтыс өткізіп, мәре-сәре болғанын Ақсу-Аюлыға Амангелді Дінұлының ақшасын дорбалап тасыған мен білемін ғой. Ақ майдың арасында жүрегі кілкіген аудан әкімі Тілеубергеновтің тойдан кейін сол Амангелдіні ауылдан ұзатып салуға ақылы жетпей, жол үстіндегі шайханадан Ермегияев екеуміздің бәліш жеп, арасан суын ішіп аттанғанымызды көзі көргендер бар. Қарқаралыда ұлы сазгер Мәдиге қайталанбас ескерткіш орнатып, ұлан-асыр той жасаған кім? Осы Ермегияев. Егіндібұлақтағы ұрпағының қолында кемінде екі ғасыр сақталып келген, ешкімге көруге бермейтін Қазыбек бидің шапанын бір машина беріп сатып алып, музейге тапсырған кім? Осы Ермегияев. «Сарыарқа саздары» деген атпен Арқа әндерінің бір томын кітап етіп, елге таратқан кім? Осы Ермегияев. «Тәттімбет тәліміндегі күйлер» деген атпен шертпе күйлердің бір томын кітап етіп, елге таратқан кім? Тағы да Ермегияев. Қасым Аманжоловтың жыр мұрасын екі кітап етіп бастырған кім? Ермегияев. Ақынның екі қызына ел құрметін көрсетіп, Қарағандыдан екі бөлмелі пәтер сатып әперген кім? Сол Ермегияев. Көзден таса болса, көңілден де ұмыт болатыны рас. Бүгін мен санамалап айтып отырған осы игі шаралардың біразы Амангелді Дінұлының өзінің есінде болғанымен, қызығын көрген былайғы жұрт әлдеқашан ұмытып кетті ғой. Тәттімбетке арналған төрт кітапты бас­падан шығарып, Құрманғазы атын­дағы консерваторияда Тәттімбет сыныбын аштырып, студенттерге шәкіртақы тағайындап, әлі күнге сүйемелдеп келе жатқанын кім біледі? Немесе айтыспен қабаттастырып, күй жарысын өткізіп, дәулескер күйшілерге темір тұлпар мін­гізген атымтайлығын кім ескеріп жатыр? Қадыр Мырзалиев, Тұманбай Молдағалиев, Сәкен Иманасов секілді ұлы ақындар бастаған қазақ шайырларына арнап мүшәйра өткізіп, әрқайсысына бір-бір машина мінгізген жомарттығын бүгін кім елеп жатыр. Соның бәріне дәнекер болып, басы-қасында жүрген мен осыны енді айтпағанда, қашан айтамын? Осы оқиғалардың бәрінің тұсында мен Амангелді Дінұлымен мидай араласып кеткенім соншалық, оның айтысқа демеушілігі мен маған ағалық қамқорлығын шатастырып алып, оның малын өз дәулетімдей көріп дегендей... Қарақұм түкпіріндегі өз ауылымда мешіт салғанымды, айтыс пен ат жарыстың жүлделерін А.Ермегияевке тіктіріп, мерейтойымды сол кісі мен Құсайын Омаровқа тойлатып, ат мініп, шапан киіп, мерейім тасығанын мен де ұмыттым-ау. Неге ұмытайын! Амангелді Дінұлы­ның атасы, мыңды айдаған бай Ермегия 32-ші жылдың аштығында жер ауып келе жатып, Балқаш көлінің жағасында аштан өлген. Сол жерге кіші інісі Мұратбек марқұм үшеуіміз барып, дұға жасағанбыз. Келесі жылы бір төбенің басына ескерткіш белгі орнатылды. Ақшатау мен Ақжалдың көлге қарай құлай берісіндегі атамекендеріне, бабалардың ескі зираттарына да қада қағылып, белгі қойылды. Нарынқол, Кеген жағындағы албан ішінде туып-өскені болмаса, Амангелдінің, оның әу­летінің атамекені сол Ақжал, Қарабұлақ аймағы, Арқа жері. Жаужүрек Жарыл­ғап батырдың ұрпағы. Осының бәрін тізіп отырған Әмет Дінұлы деген шежіре қария бар. Амангелді мен атамекен арасындағы «байланысшы» да сол. Әмет аға ескінің әңгімелерін сөйлегенде, құлағыңды төсеп тыңдай бергің келеді. Айтпақшы, Ермегияев әулетінде маған іштартып жүретін тағы бір аға бар. Ол – Совет Дінұлы. Қатты сөйлейтін, қатты қимылдайтын Сәкеңнің бойында бабаларының қасиеттері сақталып қалғаны анық көрінеді. Қанжығалы қарт Бөгенбаймен құдалығы жарасқан Жарылғап батырдан осындай бір тұқым қалмаса, қалай болар еді? Осы Амангелдіні оқытамын деп, жасынан бейнет астында болған Совет аға кісілік қалпын сақтаған, бітімі бөлек, кесек тұлға. Қылығы жақпаған кісіні бетің бар, жүзің бар демей сықпырта салу Сәкеңе түкке тұрмайды. Ұнатқан адамына иіліп көрпе, жайылып жастық болу да қолынан келеді. Жетпістің желкесіне шықса да, аңшылығын тастамаған сері адам. А. Ермегияевке еріп, Қақпақ тауларына сұғына кіріп, аң қағып жүргенде талай рет ат үстінде сырластық. Бірге қарауыл қарадық. Ертоқым жастанып, от басында жылындық. Биенің сүтін бөліп іштік. Өзі ара ұстайтын омарташы. Өзін өзі емдейтін емшілігі де бар. Заманның тәуір, адамның мейірбан кезінде Совет ағадан сәлемдемеге шелек-шелек бал, соғымға мал келіп тұрушы еді, соңғы кезде хабарсыз қалдық. Амангелді Дінұлын өзім туған Қарақұмға екі қыс ертіп барып, аң ауладық. Бір жаз Ұлытауды аралаттым. Елге бара қалсам, ағайын-туғандарым оның отбасының амандығын алдымен сұрайды. Туыс деп біледі. Ал мен Ермегияевтердің Кеген, Жалаңаштағы мекендерінде сан мәрте болдым. Желілеп бие байлатып, саумал ішіп, аңға шықтық. Былтыр әке-шешесінің жүз жасқа толған асына да барып қатыстым. Астан кейін Асанәлі Әшімов, Балташ Тұрсынбаев, Тоқтар Әубәкіров, Құсайын Омаров бесеуіміз Қақпақ тауына еніп, екі күн аңшылықпен айналыстық. Асекең, Тоқтар үшеуіміз бөлек қайттық. Жол үстінде Ермегияевтер туралы сөйлесіп келдік. ЭКСПО-2017-нің тізгінін ұстап отырған Талғат Амангелдіұлы туралы да сөз еттік. – Осы бала әке даңқымен жүрген жоқ. Әрі кішіпейіл, әрі іскер. Маған ұнайды, – деді Тоқаң. – Бәрі шыққан текке байланысты. Осылардың арғы жағында бір қасиет бар, – деді Асекең. Ермегияевтер әулетімен риясыз араласып кеткенім соншама, Амангелдіні өзімнің марқұм болып кеткен жалғыз ағам Жұмағалимен бірдей көріп, арсың-гүрсің сөйлеп, кейде артық сөзіне сөз қайтарып, дүңк ете қалатыным бар. Ондайда Аман аға да жасы үлкендігін есіне түсіріп, қыңырайып қалады. Сондай бір сыздауықтың жарылмаған кезі болса да Асекең мен Тоқаңның Ермегияевтер әулеті туралы жылы сөзі жаныма майдай жағып, Амангелді Дінұлы туралы өлеңімді жатқа оқып бердім. Өз сөзім олқы соғып қала ма деп, соңғы жағына ұлы жыраудың: Жақсыдан жаман туса да, Жаманнан жақсы туса да, Тартпай қоймас негізге! – деген даналығын қосып жібердім. Сөзім өтімді болса керек, Тоқтар Әубәкіров: – Сен күшті ақын екенсің ғой. Телефоныңды жазып берші. Хабарласып тұрайық, – деп қолқа салды. Мәселе менің ақындығымда емес. Мәселе өзекжарды сөзімді сыртқа шығаруға себеп болған Амангелді Дінұлының кісілік қасиетінде. Мен А.Ермегияевтің құрылыс сала­сындағы еңбек шежіресін тізбелеп бере алмаймын. Толып жатқан құрметті атағы бар, академик дәрежесі бар өндірістің ірі командирі қарапайым құрылыс шеберінен бастап күрделі холдингтің басшысына дейін көтерілгенде, бүкіл білімі мен тәжірибесін Алматыға арнағаны анық. Қаланың төрт түкпірінде, тіпті, төңіректегі аудандарда бірге сапарлап жүргенде, мынау менің қолтаңбам қалған ғимарат еді деп талай нысандарды көрсетті. Ал құрылысшылар мен шаруашылық басшыларының ауқымды басқосуларында Амангелді Дінұлымен өзге азаматтардың қалай сөйлесетінін, оны қалай сыйлап-құрметтейтінін көзіміз көріп жүр. Қажетті жерінде кесіп айтатын туралығы да оның осындай абырой табуына тиянақ болған шығар. Ұлттық дәстүрлерге, тіл мен салтқа беріктігі айтысқа, ән мен күйге жетелеп алып келсе, онда да тектен келген заңдылық бар. Жетпістің биігіне енді ілініп, ұлттың қамын жейтін ұлық тұлғалардың қатарына қосылған Амангелді Ерме­гияев секілді ардақты ағаның қолына су құюға жараған інілердің алды да, арты да біз емеспіз. Соған шүкіршілік етеміз. Амангелді Дінұлының Мәди деген бір немересі Америкада тууы себепті сол елдің азаматтығын иеленіп, АҚШ-тың әскери академиясында тыңдаушы болып жүр. Қазақшаға да жетік, орнықты, кісі болайын деп жүрген бала. Жаужүрек Жарылғап батырдың бір шөпшегі мұхиттың арғы бетінде тәрбие алып, егемен елдің ертеңіне тұтқа болғанын көрсем деп армандайтын ата Амангелдінің бүкіл әулетінің ғұмыр шежіресінде тәуелсіз Қазақстанның бүгінгі өмір шындығы бейнеленіп тұр. Жүрсін ЕРМАН, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. АЛМАТЫ.