Күршім бағытындағы Бұқтырма су қоймасынан көліктер жаздыгүні пароммен қатынаса, қыста көк мұздың үстімен зулайды. Мұздың аты – мұз. Айтты, айтпады, кейбір күндері шытынап тұрады. Күні кеше мұз үстінде тағы бір оқыс оқиға орын алды.
Тағы бір деп отырғанымыз, осыдан бір ай бұрын мұз ойылып кетіп, автокөлік су астына кеткен. Ондағы оқиғада әйел адам көз жұмып, туған-туыстарының қабырғасы қайысқан. Бұл жолы мұз үстін күреп бара жатқан трактор бар-жоғы бес-алты секунд ішінде көзден ғайып болды. Мұз опырылып, су астына кетті. Құдай сақтады. Жүргізушісі ширақ екен. Шығып үлгерді. Оның бәрін әлеуметтік желіде тараған бейнетаспадан көріп, таң болдық. Бұған дейін де қаншама көлік, қаншама адам мұз астына кетті?! Көпір құрылысы аяқталмайынша, бұл оқиғаның қайталана бермесіне тағы кепілдік жоқ.
Әйтеуір, бұл жолы оқыс оқиғадан соң мұз үстімен жүруге уақытша тыйым салынып, тәртіп сақшылары күзетке тұрған. Олар да қашанғы күзетеді?! Түйсігі бар жүргізуші тыйым салынса, мұз үстіне өздігінен де шықпауы керек.
Шығыста қалың қар түсті. Артынша жаңбыр себеледі. Ауа температурасы +1 градусқа дейін жылыды. Мұндай айнымалы күн райында физика заңдылығы бойынша, мұздың да тығыздығы өзгермей ме?! Сөйтіп, шытынап тұрған мұз үстіне трактор дөңгелегі түскенде, жарылды да кетті. Бұл – жолаушылардың пайымы. Шынтуайтына келгенде, 1,5 тоннаға ғана рұқсат етілген мұз үстінен 9-10 тонналық «КамАЗ» жүк көлігі өтіп, жүргізуші өзінің ғана емес, басқа да жолаушылардың өміріне қауіп төндіріп кеткен екен.
– Мұз – су бетіне жайылған қағаз сияқты. Салмақ түссе, қозғалыста болады. Ауыр жүк көлігі өтіп кеткен соң қалыңдығы 30-35 см мұзды бүлдірген. Әдетте, техника мұзға бірден батып кетпейді. Бірінші дөңгелегі түседі. Салмақ түскен соң ғана біртіндеп батады. Ал бейнежазбада көргеніміздей, трактор 4-5 секунд ішінде батып кетті. Енді мұз қатқан соң алтыбақан құрып, техниканы шығарып аламыз, – деді «ОблШығысЖол» ЖШС басшысы Нұржан Жұмаділов.
Облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі аталған оқиға туралы ешкім хабарласпағанын айтты. Десе де тексеру жұмыстарын бастаған. Ал облыс тұрғындары «Қызыл ту» өткеліндегі көпір құрылысын тездетпесе, мұндай оқыс жағдайлар азаймайтындығын айтып жүр.
Айта кетейік, «ОблШығысЖол» ЖШС-ның бас маманы Л.Нұқыбаеваның хабарлауынша, «Қызыл ту» өткеліндегі мұз жолымен жүруге тыйым салынды. Ауа райы күрт жылып, мұз бетінде жарықтар пайда болған. Оның үстіне, өткел бетіне еріген қар суы жайылған. Жолаушылар қауіпсіздігінің алдын алу мақсатында «Қызыл ту» өткеліндегі мұз арқылы жол барлық көлік түрлері үшін жабылды. Жолаушылар енді Үлкен Нарын, Алтай арқылы ғана Күршім, Марқакөлге қатынай алады.
Шығыс Қазақстан облысы