Жуырда ғана әлеуметтік желіде Қызылорда облысы Шиелі ауданындағы Қарғалы ауылын орталықпен жалғап тұрған понтон көпірді жинап жатқан сәт жарияланды. Дария арнасында мұз ұстасатын қыс пен өзен суы молаятын көктемде мұндай көпірлердің арнадан алынып тасталатынынан бейхабар жұрт понтонды суға кеттіге жорып, бір шулап барып басылды. Құрыққа сырық жалғағандар суалған самауырды су алған Самарқанға айналдырғандай болды. Анығы – көпір аман. Қарғалыдан бөлек осы аудандағы Жуантөбе, Ботабай, Қызылқайың ауылдары мен көршілес Жаңақорғанның біраз тұрғынының қажетіне жарап отырған көпір көктемде қайта қойылады.
Мамандар биыл дария арнасында судың мол екендігін айтып отыр. Соңғы 2-3 жылда солып аққан өзен суы осы қыста күрт көбейді. Қырғызстандағы Тоқтағұл су қоймасындағы көлем былтырғыдан 1,3 млрд текше метрге артық. Одан бергі Қайраққұм, Әндіжан, Шарбақ аясындағы су өткен жылғыға қарағанда әлдеқайда көп. Өзіміздің Шардара да шіреп тұр. Былтыр онда 2 млрд 387 млн текше метр су болса, бүгінгі аясы 4,7 млрд-қа жетті. Қаңтар айының алғашқы 2 күнінде Шардараға секундына 1 400-1 500 текше метр су түсіп, біраз алаңдатқан. Қазір едәуір азайды. Осының өзі былтырғыдан екі еседен астам көп.
Биыл тоғызыншы қаңтар күні Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Зүлфия Сүлейменованың төрағалығымен Сырдария өзені бассейніндегі су шаруашылығы жағдайын талқылаған кеңес өтті. Кеңесте Шардараға түсіп жатқан су мемлекетаралық су шаруашылығын үйлестіру комиссиясының болжамды кестесінен едәуір артық болып тұрғаны айтылды. Су қоймасының қауіпсіздігі үшін 2022 жылғы 13 желтоқсаннан бастап төменге – 700, одан кейін – 800, биылғы 4 қаңтардан бастап 1 мың текше метр су тасталып жатыр. Бұл былтырғы көлемнен 10 есеге көп. Алтыншы қаңтардан бастап осы мол судың 400 текше метрін Көксарай су реттегіші қабылдай бастады. Су реттегіште қазір 710 млн текше метр су тұр. Былтыр осы уақытта ондағы көлем бұдан 29 есе аз болатын.
– Су қоймасынан дария арнасына былтыр 100, биыл 1 мың текше метрден су тасталып жатыр. Көктем мен жазда бұл Сырдарияға бұйым болмас еді, күн райына байланысты қыста бірде қатып, бірде еріп тұратындықтан мұз бір иінде кептеліп, лықсып келген мол су арнадан асып кетуі мүмкін. Жақында Жаңақорғанда осындай жағдай болды. Осы күні арнаның Шиелідегі Қызылқайың, Жаңақорғандағы Көктөбе, Төменарық ауылдарының тұсында жентектелген мұз жүріп жатыр. Өзен жағдайын бақылап отыратын біздің «күр жүрді» деп қарбаласқа түсетініміз осы кез, – дейді «Қазсушар» РМК Қызылорда филиалы директорының орынбасары Жорабек Ерназаров.
Былтыр желтоқсанның соңғы күндеріндегі аязда дарияда мұз толық ұстасты да, кейіннен ери бастады. Мұндай кезде көп су қабылдау қауіпті. Егер өзен бетін қалыңдығы 30-35 сантиметр мұз жапса, мол суды соның астымен жіберіп, арнаны қайырдан тазартып алуға болар еді. Қайыр демекші, өзен суымен жылына жоғарыдан 180-190 мың тонна лай ағып келеді. Соңғы жылдары ағыс баяулап, осы қоқыс өзен табанын қалыңдатып жатыр.
Мол су соңғы 12 жыл ішінде көлемі 7 млрд текше метрге азайып, жағалауынан алыстап кеткен Кіші Арал айдынын толтырып алуға мүмкіндік беріп отыр. Арал-Сырдария бассейндік инспекциясы мен «Қазсушар» РМК облыстық филиалы мамандары қазір осы бағытта жұмыс істеп жатыр. Теңіз деңгейі 42 метрлік межеге жеткенде кемеріне келіп, ондағы су көлемі 27 млрд текше метр болады. Қазіргі есеп бойынша онда 18,5 млрд текше метр көлемінде су жинақталып тұр.
– Қазір Қырғызстан су қоймаларын энергетикалық мақсатта ғана пайдаланып отыр. Өзбекстан да былтыр, биыл Арнасайды ашқан жоқ. Бұл Шардараға түсетін судың молаюына әсер етті. Осы күні облыс шекарасына жоғарыдан секундына 620 текше метр су жетіп тұр. Оның 20 пайыздан астамы Қызылорда су торабына дейінгі көлдер жүйесі мен каналдарға жіберіліп жатыр. Кіші Аралға былтыр 24 текше метр ғана жіберуге мүмкіндік алсақ, қазір 116 текше метр су теңіз айдынына құйылып тұр, – дейді филиал директорының орынбасары.
Қазір мамандар алдында «осы телегей суды қалай пайдаланамыз?» деген мәселе тұр. Басты үміт – Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес салынуға тиіс Қараөзек су қоймасы. Бірақ техникалық экономикалық негіздемесі мен жобалық-сметалық құжаттамасындағы сәйкессіздіктен бастаманың іске асуы әзірше кідіріп тұр.
Былтырғы жыл соңында өңірге жасаған сапарында Үкімет басшысы Әлихан Смайылов аталған мәселені заң аясында жедел шешіп, су қоймасының құрылысын бастауға республикалық бюджеттен қаржы бөлу мүмкіндігін қарастыруды тапсырды. Егер бастама жүзеге асып жатса алғашқы кезекте Байгелді, Картонкомбинат және Қожатай учаскелерінде құрылғы салынады. Осы арқылы жинақталатын 775 млн текше метр су Сырдария, Жалағаш және Қармақшы аудандарындағы көлдер жүйесін молықтырып, балық шаруашылығын дамытуға, шабындық-жайылымдық алқаптарды, Қазалы ауданының егістік алқаптарын суландыруға жұмсалады.
Осы қыста көршілес Түркістан облысы аумағына қар мол түсті. Бұл көктемде де арна деңгейі төмендемейтінін білдіреді. Осыған байланысты мамандар тарапынан дария бойына кезекшіліктер ұйымдастырылып, су тасқыны бола қалған жағдайда қауіптің алдын алу үшін аудан орталықтарында орналасқан өндірістік учаскелерде инертті материалдар қатары толықтырылып жатыр.
Бар тіршілігі дарияның деңгейіне байланысты болғандықтан диқандарды биылғы өзгеріс қуантып тұр. Бірақ мол суды малданып, күріш көлемін негізсіз ұлғайтуға жол берілмейді. Өйткені 2030 жылға қарай еліміздің оңтүстік өңірлерінде су тапшылығы арта түсетіні болжанып отыр. Сондықтан да суды мейлінше аз қажет ететін дақылдар егіп, егін шаруашылығын әртараптандыру бастамасы жалғаса береді.
Қызылорда облысы