• RUB:
    5.4
  • USD:
    473.15
  • EUR:
    515.12
Басты сайтқа өту
Білім 15 Қаңтар, 2023

Пікірсайыс клубтарының аяқ алысы

412 рет
көрсетілді

2022 жылы пікірсайысшы мектеп оқушылары мен колледж студенттерінің саны 28 мыңға артты. Бүгінде 7 мың пікірсайыс клубына 123 мыңнан астам бала мүше.

Оқу-ағарту министрлігі пікір­сайысты кеңінен насихаттау мақ­са­тында пікірсайыс турнирлерін өткі­зу­дің тұжырымдамасы мен ере­жесін әзірледі. Оқушылар мен студенттерді оқыту үшін 10-ға жуық жобалық кеңсе мен штаб ашылды, онда әлемдік аренада танымал пікірсайысшылардың қатысуымен түрлі тренингтер мен вебинарлар ұйымдастырылады. Мысалы, оқу-жаттығуды әлем чемпионатының финалисі және пікірсайыс бойынша Азия чемпионы Джошуа Парк өткізді.

2021 жылдан бастап тәжірибе алмасу үшін Telegram арнасы және WhatsApp-та «Пікірсайыс көзғалысы/Дебатное движение» чаты жұмыс істейді. Ол чаттарда бүгінде 5 мыңға жуық адам бар.

«Бүгінгі таңда оқушылар мен студенттер арасында кең тараған және танымал трендтердің бірі – дебат. Бұл қозғалыстың дамуы туралы ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та айтқан болатын. Дебаттар танымдық дағдыларды дамытады. Сыни тұрғыдан ойлау қабілеті – ХХІ ғасыр адамының негізгі дағдыларының бірі. Өйткені көріп отырғанымыздай, жаңа буын жастары белсенділігімен және әртүрлі қызығушылықпен ерекшеленеді. Осы дағдыларды дамыту үшін дебат клубтары жұмыс істейді. Олардың қатары жыл са­йын артып келе жатқаны қуантады. Бүгінгі таңда пікірсайысшыларды қолдау мақсатында түрлі вебинарлар өткізіліп, қаржылай қолдау көр­сетіледі, ал ірі турнирлердің же­­ңім­паздарына жергілікті универ­ситеттерге гранттар бөлінеді. Бұл қол­дау шарасының барлығы дебат қозғалысын одан әрі танымал ете түседі, ал оның нәтижесі бала­ла­ры­мыздың білім сапасына оң әсер етеді», деді Оқу-ағарту ми­нистрлігі Республикалық қо­сымша білім беру оқу-әдістемелік орта­лы­ғы­ның директоры Раиса Шер.

Былтырғы оқу жылының соңында қазақстандық 6 жоғары оқу орны дебат турнирлерінің 12 жеңімпазына білім грантын берген болатын. Оқушылар Қорқыт ата атындағы университетте, С.Аманжолов атын­дағы ШҚУ, Х.Досмұхамедов атын­дағы Атырау университетінде, «Тұран» университетінде, Satbayev University, Нархоз университетінде оқуға грант алды. Сондай-ақ турнирлерге қатысқаны үшін балаларға грамоталар, кубоктер және 200 мыңнан 500 мың теңгеге дейін ақшалай сый­лықтар табысталды.

 

«Егемен-ақпарат»