Қандай да бір ірі жарыс басталар қарсаңда тәртіпсіздігімен көзге түскен жанкүйерлердің төлқұжаттарын жинап алуға Ұлыбритания құқық қорғау орындарында заңға негізделген мүмкіндік бар. Яғни, футбол ойындары кезінде бұзақылық әрекеттер жасап, соның салдарынан істі болғандар өз еріктерімен полицияға төлқұжаттарын тапсыруы тиіс. Заң талабы солай. Олар бұл шешімді 2000 жылы қабылдаған. Енді осы заң бойынша арнайы есепте тұрған 1452 «бұзық» Бразилияға бара алмайды.
Бұл шара әлем чемпионатын көруге баратын британиялықтардың шырқын бұзбау үшін қажет.
Футболдан Бразилияда өтетін әлем чемпионатында қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін 1,9 млрд. реал (857,5 млн. АҚШ доллары) бөлініп отыр. Сондай-ақ, күштік құрылымдардың 157 мың сарбазы доп додасының тыныштығын күзетеді.
Бразилиядағы әлем чемпионатының қауіп-қатерсіз өтуін қамтамасыз ету мақсатында аталған елде құқық қорғау құрылымдарының қатысуымен мамыр айының ортасынан бері дайындық жүргізілді. Солардың бірі ретінде Бразилия үкіметінің ұзындығы 16-19 мың километрге жететін ел шекарасын түгел қамтыған ірі операция өткізгенін айтуға болады.
Бразилия президенті Дилма Руссефф әлем чемпионаты кезінде қауіпсіздік шаралары қатаң сақталатынына кепілдік беріп отыр. Күштік құрылымдардың сарбаздары чемпионат толық аяқталғанша ешқайда кетпейді.
Жолдыбай БАЗАР,
«Егемен Қазақстан».