Павлодар мұнай-химия зауыты сұйытылған көмірсутекті газ шығаратын өндірістің тоқтап қалуы мүмкін екенін мәлімдеді. Себебі кәсіпорында көгілдір отынның бұл түрі көп мөлшерде жиналып қалған. Жағымсыз тенденция сақтала берсе, аймақ экономикасы оның зардабын тартып, өңірлерде газ тапшылығы туындауы мүмкін.
Бұл туралы ПМХЗ-ның баспасөз қызметі хабарлады. Зауыт еліміз бойынша сұйытылған газды ең ірі өндіруші екенін айтып өтейік. Өндіріс орнының аумағында газдың бұл түрін сақтауға арналған небәрі 3 600 тонналық қойма ғана бар. Биылғы 11 қаңтардағы жағдай бойынша кәсіпорындағы отын сақтау ыдыстарына 2 857 тонна көмірсутекті газ құйылған. Ал зауыттың өзі тәулігіне 1 мың-1 050 тонна газ өндіреді.
«Қазір кәсіпорындағы ыдыстар толуға жақын. Себебі газды қабылдап, сақтайтын желілік ұйымдар келісілген көлемді уақытында алып кетпей жатыр. Егер мұндай тенденция сақтала беретін болса, «ПМХЗ» ЖШС-да бірқатар технологиялық қондырғының жұмысы кідіріп, сұйытылған газ өндірісі уақытша тоқтап қалуы мүмкін. Мұның салдарынан зауыттан шығатын бензин мен дизельді отынның көлемі де азаяды», делінген хабарламада.
Кәсіпорындағы технологиялық үдерісті кідіртпей, бекітілген өндірістік жоспарды орындау үшін компания басшылығы Павлодар, Шығыс Қазақстан, Абай, Алматы, Жетісу облыстары мен Алматы қаласының әкімдіктерінен сұйытылған газды уақытында алып кетуді сұрап отыр.
Бұған дейін мұндай жағдай Атыраудағы мұнай-химия зауытында орын алып, серіктестік газ өндірісін шектеуге мәжбүр болғаны белгілі.
Павлодар облысындағы «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы Өңірлік кеңесінің төрағасы, Павлодар қалалық мәслихатының депутаты Қобыланбек Қожин мұнай-химия зауытында өндіріс шектелсе, оның аймақ экономикасы үшін мультипликативті әсері зор болатынын айтады. Себебі компаниядан түсетін салықтық түсімдер шаһар бюджетінің едәуір бөлігін құрап отыр. Ал өндіріс кемісе, акциздік түсімдер де азаяды деген сөз.
– Негізі бұл мәселеге ең әуелі зауыттың өзі жауапты болуы керек. Себебі ондағы газ сақтау орындары үш күнде өндірілген газды сақтауға ғана қауқары жетеді. Кез келген кәсіпкер өз бизнесін жүргізгенде өнімнің мол көлемде сақталуына назар аударатыны анық қой. Өкінішке қарай, біз мұндай стратегияны ПМХЗ-дан байқай алмай отырмыз. Меніңше, кәсіпорында кемі 20-30 тәуліктің өнімін сақтай алатын қоймасы болуы керек. Бұл бір жағынан зауытта кідіріс болып жатса тым болмағанда бір айлық сұранысты өтеуге жетер еді. Жазғы мезгілде зауыт жоспарлы жөндеу үшін бір айға дейін тұрып қалады. Сондай уақытта ең қажет дүние ғой. Екіншіден, бұл мәселе қала бюджетіне, тіпті облыс бюджетіне үлкен соққы болуы мүмкін. Өндіріс төмендесе, салық генерациясына әсер етеді. Осыдан бірер жыл бұрын мұнай-химия зауыттарынан түсетін салық акцизін министрліктер республикалық бюджетке аударғысы келіп әрекеттенгені мәлім. Сол уақытта Павлодар қаласының әкімі болып тұрған Асайын Байханов Астанаға арнайы барып, министрліктермен сөйлесіп, салықтың бұл түрі жергілікті жерде қалуы керектігіне Үкіметтегілердің көзін жеткізді. Біз, депутаттар үшжылдық бюджетті қабылдағанда стандартты есептеулерді негізге аламыз. ПМХЗ сияқты алпауыт кәсіпорындардан түсетін салыққа шаһарда баспаналар, жаңа ойын алаңдары салынып, көшелер абаттандырылады. Ал бюджет толмаса, кейбір жоспарлар орындалмай қалады деген сөз. Жергілікті экономикаға мультипликативті әсер болмауы үшін бұл мәселе шешімін табады деген ойдамыз, – дейді Қ.Қожин.
Бұл түйткілдің туындауына газ қабылдап-сақтау ұйымдарының да кінәсі бар. Себебі аралық делдалдар кейбір автогаз бекеттеріне сұйытылған газды жеткілікті көлемде күнделікті босатып отырмаған көрінеді. Оның үстіне газ қабылдап-сақтау ұйымдары, яғни аралық делдалдар мен газ желілері арасында келісімшарттар да толықтай қамтылып, жүзеге асырылмаған. Мәселен, аймақтағы ірі автогаз желілерінің бірі – «Blue Star PV» ЖШС-іне жауапты делдал әлі күнге тиісті шартты ұсынбаған. Ал өзге ірі газ желілері бар компаниялар да басқадай кемшіліктер салдарынан газ бекеттеріне жеткілікті көлемде көгілдір отынды ала алмай отыр.
«Сұйытылған көмірсутекті газ саласындағы кәсіпкерлерден сұрап білгеніміздей, олардың сұранысы делдалдың ұсынысынан асып түседі. Олардың кейбірінің мысал үшін 5 машина көгілдір отынды көлігіне тиеп, өз газ сақтау бекетіне тасып алуға қауқары бар. Алайда делдалдар оларға 2 машинаға ғана тиеп береді. Осыған қарағанда делдалдардың келісілген көлемдегі газды уақытында босатуға күші жетпей жатқан сыңайлы», деп санайды қалалық мәслихат депутаты.
– Қысқы уақытта автогазды тұтыну төмендейтіні рас. Себебі көліктердің қозғалтқышындағы температура 40 градусқа көтерілмейінше көгілдір отынды жаға алмайды. Сондықтан еліміздің солтүстік өңірлеріндегі жүргізушілер қыста көбіне бензинді пайдаланады. Автогазға сұраныстың маусымдық азаюы делдалдардың баяу қимылдауына әсер етіп жатқаны анық. Ендеше бұл жерде газ өндіруші зауыт пен делдалдар өзара бір келісімге келіп, өндірісті қысқартпаудың, жиналып қалған мұнай өнімін уақтылы жеткізудің шешімін табуы керек деп есептейміз. Оған ең алдымен бір айлық көгілдір отын сақтау қоймаларының көлемін ұлғайту керек деген ойдамын, – деп қосты Қ.Қожин.
Жанар-жағармай нарығы саласындағы кейбір кәсіпкерлер зауыттың аяқастынан «сұйытылған газ сатылмай жатыр» деп байбалам салуына күмәнмен қарайды. Бұл кәсіпорындағы кемшіліктерді жасыру үшін әдейі жасалып отыр немесе басқадай қитұрқы әрекеттер болуы мүмкін дейді. Кезінде ПМХЗ өзіне қарасты автогаз құятын 6 пунктті жеке компанияларға бере салғаны қызық көрінген еді. 2013 жылы аралық компания – «BIG Capital IST» ЖШС мұнай кәсіпорнының оңтүстік бөлігіндегі газ құю жабдықтары орналасқан жер телімін барлық қажеттілігімен бір демде иеленіп, одан соң оны жойып жібергенін павлодарлықтар қалайша ұмытсын. Кейін серіктестік ол аумаққа газ толтыратын стансасын салып, зауыттың дайын өнімдер ағып шығатын құбырына тікелей апарып жалғап қойды. Стратегиялық нысанның технологиялық үдерісіне өзге компаниялар араласпауға тиіс екенін біле тұра ПМХЗ басшылығы бұл жағдайға көз жұма қарады. Оның үстіне мұнай зауыты өндірістің технологиялық үдерісіне тікелей қатысы бар сұйытылған газ сорғы ғимаратын, сорғыларды, технологиялық құбыр желісін және сұйықтық құятын ыдыстарды ешбір конкурс өткізбестен аралық фирмаларға таратып берді. Тіпті зауыттан шығатын құбырға иелік ететін фирмалар уақыт сайын өзгеріп, олар келе-келе зауыттың темір жолдарына, құю эстакадасына және цистерналы вагондарға «ауыз салып», газды сыртқа тасымалдау ісіне монополия орнатты.
Былтыр Мемлекет басшысының сұйытылған газ өндіретін субъектілердің баға бойынша ымыраласу деректерін тексеру туралы тапсырмасынан соң «ПМХЗ»-ны аралық компаниялардан тазарту шаралары жүзеге аса бастағандай көрінген. Кәсіпорынның директоры Қуаныш Бишімов былтыр күзде бұл жұмысты қарашада аяқтайтындарын да мәлімдеген. Соның бір нәтижесі болар, осы жылдың 1 қаңтарынан өндіріс аумағындағы теміржолдарда жылжымалы құрамдардың өтуі, маневрлік жұмыстар, өнімді тиеу мен жөнелту, тасу үдерісіндегі өзге де технологиялық операциялар, сондай-ақ жылжымалы теміржол көлігінің тұрақтауы бойынша қызметтер «ПМХЗ» ЖШС-мен көрсетіле бастады. Алайда газ құбырларын бұрынғы иесіне қайтару, автогаз тасығыштардағы зауыттың құю пункттерін қалпына келтіру мәселелері әлі де шешілмей тұрған тәрізді.
«Blue Star PV» ЖШС-ның өкілі Гүлбақыт Бижанованың сөзіне сүйенсек, кезінде зауыттағы құю орындары істеп тұрған уақытта бір жұмыс күні ішінде кәсіпорыннан сыртқа 1 мың тоннаға дейін өнім тиелген. Ал аралық фирма оны жойып, өзінің қондырғысын қойған сәттен бастап газ құятын станса сағатына небәрі 40 тонна сұйық отынды сыртқа шығара алатын жағдайға тап болған. Міне, көрдіңіз бе, зауыттағы дайын өнімді тиеу жұмыстарының көрсеткіші бірден екі есеге жуық азайған.
Ал «Blue Star PV» серіктестігінің өзі қазіргі күні біраз кедергіге ұшырап отырған сыңайлы. Аралық делдал оған тауарды жөнелту туралы шартты мерзімінде ұсынбауы салдарынан автогаз желісінің жұмысы тоқырап, қызметкерлерінің біраз бөлігін төленбейтін еңбек демалысына жіберуге мәжбүр болыпты. Осылайша зауытың кезіндегі басшылығы өзіне тиесілі технологиялық жабдықтарын жеке фирмаларға оңды-солды тарата беруі стратегиялық нысан мен онымен серіктес компанияларды бүгінде тығырыққа тіреп тұр.
* * *
Өткен аптаның соңында Павлодар облысы әкімінің бірінші орынбасары Хасар Хабылбековтің және «ПМХЗ» ЖШС-ның бас директоры Қуаныш Бишімовтің қатысуымен арнайы жиын өтті. Онда ТМД елдеріне тиеліп жатқан көгілдір отын мәселесі сөз болды. Компания басшылығы атап өткендей, сұйытылған көмірсутекті газды жөнелту жұмыстары осы жылдың қаңтар айына арналған тауарлық биржадан тыс жеткізу жоспарына сәйкес жүргізіліп жатыр. Автокөлік газы қазірдің өзінде цистерналы 30 вагонға тиелгені, тағы 30 вагон өз кезегін күтіп тұрғаны айтылды.
Облыс әкімінің баспасөз хатшысы Салтанат Әкімбекова хабарлағандай, зауыттағы газды сыртқа жіберу мәселесі қазір шешіле бастаған. Ол аталған кәсіпорын мұндай мәселемен жергілікті билікке тұңғыш рет шығып отырғанын айтады.
Бәрін айт та, бірін айт. Көлік газының өңірлерде жеткілікті көлемде және бағасы қолжетімді болуы мемлекеттік деңгейде мән беріліп отырған маңызды мәселе. Былтырғы «Қанды қаңтарда» қоғам наразылығына себепкер болған фактордың бірі де газ бағасы еді. Қазіргі күні газды сақтап, жеткізетін компаниялардың баяу әрекеті қасақана жасалып отырғандай көрінеді. Газды аймақтарға жөнелту жұмыстары тежеле берсе, өңірлердегі жекелеген жанармай бекеттерінде автогаз тапшылығы туындауы мүмкін. Оның соңы жақсылыққа апармайды.
ПАВЛОДАР