Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұлықтау рәсімінде Конституцияға сәйкес билік тармақтары түгел жаңғыртылатынын айтқан еді. «Барлық мәселе, әсіресе түйткілді және даулы проблемалар конструктивті диалог арқылы, ең алдымен, Парламентте шешілуге тиіс.
Алдағы Сенат және Мәжіліс сайлауы осы мүмкіндікті береді» деген Мемлекет басшысы Сенаттың сапалық тұрғыда құрамын жақсартуды алға қойған болатын. 14 қаңтарда өткен сайлау – осы саяси өзгерістердің анық нәтижесі деп білемін.
Яғни бұл саяси іс-шаралар Президенттің алға қойған мақсаттарының біртіндеп орындалып жатқанын аңғартады. Депутаттық корпустың жаңа өкілдері Қазақстанның саяси реформалық тұрғыдан өркендеуіне елеулі үлес қосады деген сенім мол. Әсіресе жастардың күні бүгінге дейін түйіні тарқамаған өзекті де өткір мәселелері шешімін табады деп үміттенеміз. Өйткені әр өңірден іріктеліп, жасырын дауыспен сайланған Сенат депутаттары сол аймақтың проблемасын бүге-шігесіне дейін білетін халық қалаулылары.
Байқап қарасақ, бүгінде Сенат сайлауында депутаттық мандатқа ие болғандардың басым бөлігі партиялық тізімнен емес, өзін-өзі ұсынғандар. Бұл – азаматтық қоғамда жеке саяси мүдденің артып келе жатқанының көрінісі.
Абылайхан ӘБДІРАШ,
«Медицина жастары» РҚБ төрағасы