• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
12 Маусым, 2014

Кішкентай жүректердегі үлкен қуаныш

475 рет
көрсетілді

Мектеп бітіруші түлектердің де, ата-аналары мен ұстаздарының да тынышын алған ұлттық бірыңғай тестілеу науқаны аяқталды. Биыл ҰБТ-дан Оңтүстіктің мерейі жоғары болды. Себебі, 6 маусымда осы өңірдің екі бірдей білімді жасы 125 балл жинап, Алматымен иық қағыстырып, республика бойынша көш басынан көрінді. Ең жоғары көрсеткішке ие бол­ған Ұлпан Ержанова Ордабасы ауда­нын­дағы Ғ.Мұратбаев атын­дағы орта мектептің, ал Шахзода Ах­метжанова Шымкенттегі З.Кос­модемьянская атындағы жалпы орта мектептің түлегі. Ал, 8 мау­сымда Мақтаарал ауданының Б.Момышұлы атындағы мектеп-гимназиясының үш бірдей оқушысы 123 балл жинады. Олар – Әсия Ай­кенже, Нұрлан Ертаев және Нұр­лан Нөкербек. Осы білім ұясынан 27 «Алтын белгі» иегерінің шығуын да мақтанышпен айтуға болады. Өткен жылы облыстағы мектеп бітірушілердің орта балы 72,5-ті құраса, биыл 74,5-ке жетіп отыр. Былтыр өңіріміз бойынша 337 түлек «Алтын белгіні» иеленсе, биыл бұл көрсеткіш 430-ға жетіп, 93-ке артты. Жалпы, үстіміздегі оқу жылында «Алтын белгіге» үміткер 1131 оқушының 38 пайызы ғана сенімді ақтады. 102 «Алтын белгі» облыстағы «Дарын» мектептерінің бітірушілеріне бұйырды. Мектеп бітіруші түлектердің биылғы көрсеткіші көңіл көншітеді. Мәселен, биыл 2370 оқушы 100 балдан жоғары жинап, өткен жылмен салыстырғанда 119-ға артқан. Былтыр жалғыз оқушы 125 балл жинаса, биыл ол 2-ге жетті. Сондай-ақ, 11 түлек 123 балдан иемденді. Оның 6-уы Шымкенттен, 3-уі Мақтааралдан, қалған 2-уі Арыс қаласы мен Ордабасыдан. Облыс бойынша орта балы 88,6-ға жеткен Кентау қаласының түлектері көш бастаса, Түркістан 81,6 және Шымкент 80,1 балмен білім деңгейінің қандай екенін көрсетті. Үмітхан АЛТАЕВА. Оңтүстік Қазақстан облысы.