• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
12 Маусым, 2014

Ақпараттар ағыны

244 рет
көрсетілді

* Қазақстанда Энерге­ти­калық хартия үдерісін дамы­тудың негізгі бағыттарын анық­тай­тын құжат дайындалады. Бұл туралы мәлімдеген Мұнай және газ министрі Ұзақбай Қарабалин биылғы 26-27 қараша күндері өтетін хартия конференциясы сессиясы қорытындысында әзірленетін Астана қаласының 2015-2019 жылдарға арналған «Жол картасының» стратегиялық негізгі бағыттарды анықтайтын құжат болуы мүмкін екенін айтты. * Назарбаев Университетінің айналасында ғылыми-зерттеу және корпоративтік орталықтар белдеуі құрылады. Премьер-Министрдің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықованың айтуынша, аталмыш оқу орнында жаңартылмалы энергетика, қоршаған орта, компьютерлік технологиялар, биохимия, робототехника, физика бағыттары бойынша 45 ғылыми жоба жүзеге асырылады. * Шығыс Қазақстанда ден­саулық сақтау қызметкерлеріне төл мерекелері қарсаңында 58 жеңіл автомобиль тапсырыл­ды. Семей қаласындағы орталық алаң­да өткен бұл рәсімде дәрігерлерге кө­лік кілттерін табыс еткен облыс әкімі Бердібек Сапарбаев бұ­ған қоса тағы 6 медицина қыз­мет­керінің «Қолжетімді баспана» бағдарламасы бойынша пәтерлі болғанын жария етті. * Ақмолалық өнертапқыш биоотын мен тыңайтқыш өндіре бастады. Облыстың Сандықтау ауданындағы Шаңтөбе кентінде орналасқан «Вега» ЖШС дирек­торының орынбасары Иван Чесовикин бұларды сиырдың қиын өңдеу арқылы жасап жатыр. * Қарағанды облысында құбыр шығаратын зауыттың іске қосылар шағы жақын. Оның құрылысына германиялық инвес­торлар 1,5 млрд. теңгеден астам қаражат салды. Жылу жүйесі мен мұнай өндіруде кәдеге жарайтын құбырлардың кепілдік мерзімі ұзақ әрі сапасы жоғары. Жаңа зау­ыт арнайы экономикалық аймақта орналасқан. * Шымкентте 8 мың орындық жаңа мешіт бой көтереді. Кеше Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Асқар Мырзахметов пен өңірдің зиялы қауым өкілдері жаңа құтхананың капсуласын салу рәсіміне қатысты. Барша мұсылман үшін қасиетті Ораза айының алдында құрылысы басталатын нысан 2016 жылы қасиетті Рамазан айында ел игілігіне айналатын болады. * Қызылордадағы колледж­дер Әлемдік даму банкінің грант­тарын жеңіп алды. Бұл тура­лы баяндаған облыстық білім басқармасының басшысы Нау­рызбай Байқадамов биыл жаңа­дан ашылатын 10 мамандыққа облыстық бюджеттен 106,0 млн. теңге қаржы бөлініп отырғанын жеткізді. * Атырау облысында бала­лардың жазғы демалысына 128,7 млн. теңге бөлінді. Жалпы, биыл аймақтың 17 мың мектеп оқушысы жазғы демалыстарын облыстан тыс жерлерде өткізеді. Олардың арасында жетім балалардың үлес салмағы басым.  «ҚазАқпарат», 24KZ, Аltaynews.kz, Egemen.kz агенттіктерінің сайттары деректері бойынша дайындалды.