Жаһанды жайлаған індет кезінде Қазақстан мен Грузия кинематографистері бірігіп, «Махаббаттан да маңызды» («Больше чем любовь») атты романтикалық комедия түсіруді бастаған болатын. Амандық болса, алдағы наурыз айында аталған фильмнің тұсауы кесіліп, еліміздің кинотеатрларында көрсетіле бастайды.
Қазақ жерінен болашақ қалыңдығын іздеген грузиннің естен кетпестей шым-шытырық оқиғалары екі ұлттың мәдениеті мен тарихын тоғыстырып, рухани туыстықтың ортақ тұстарын кино тілімен безбендейді.
Екі елдің кинематографтары біріге баяндаған телехикая Екінші дүниежүзілік соғыстың ұрыс даласынан бастау алады. Оқиға мазмұны мынадай. Екі барлаушы – Вано атты грузин мен қазақ Бақытжан әскери тапсырмадан қайтып келе жатып тұтқиылдан келген әуе шабуылына тап болады. Бақытжан өз өмірін құрбандыққа шалып, Вано досын құтқарып қалады. Вано жаны үзіліп бара жатқан досының басында тұрып, балаларымызды атастырып, қалайда туыс боламыз деп ант-су ішеді. Бірақ соғыстан кейінгі аласапыран өмір Ваноға уәдесін орындатпайды. Алайда «Айтылған сөз – атылған оқ», енді атасының анты немерелеріне аманат. Осы аманатты орындау үшін Ваноның немересі Буба Тбилисиден Алматыға жол тартады. Уәдеге берік әулеттің баласы Буба Бақытжанның қыз немересін тауып, оған үйленуге тиіс. Білмейтін қалыңдығын іздеп жүрген жігітпен бірге Қазақстанға оның әпкесі Нино ұшып келеді. Бірақ Бубаның алаңғасарлығынан жастар Бақытжанның үрім-бұтағы тұратын мекенжай жазылған қағазды жоғалтып алып, барлық шытырман осы жерден басталады.
«Грузиндер ештеңені жадынан шығармайды. Біз қазақтармен бірге Екінші дүниежүзілік соғыста шайқасқанымызды ғана емес, Дәуіт патшаның кезінде Артық хан бастаған қыпшақтармен бірге ежелгі Түркістанды селжүктерден қорғағанымызды да ұмытқан емеспіз», дейді режиссер Георгий Кикалеишвили.
Қазақстан тарапынан режиссер ретінде тартылған Жеңіс Тұматаев: «Мен үшін бұл фильм – тек екі жастың сезімдері туралы ғана емес, екі ел мәдениетінің түйісетін тұстары, айырмашылықтары, құндылықтары мен дәстүрі араласқан тамаша телехикая», дейді.
Пандемия да кедергі бола алмаған картинаның әскери көріністері мен грузиндік бөлігі Тбилиси маңында түсірілді. Осыдан кейін түсірілім тобы Алматыға аттанып, қала тарихындағы орны ерекше «Алматы» қонақүйі, «Медеу» мұз айдыны, цирк пен басқа да көрікті жерлерде жұмысын жалғастырды.
«Фильмді түсіру оңайға соқпады. Пандемия кезінде Грузияда да коменданттық сағат жарияланып, тікелей әуе рейстері болмады. 3 күн сайын түсірілім тобының әрбір мүшесі ПТР-тестін тапсырып отырды, түсірілімге рұқсат алуда да қиындық туындады. Қазақстанда да сондай шектеулер бар еді. Бірақ біз осы қиындықтардың бәрін еңсердік!», – дейді продюсер Қайрат Мақажанов,
Фильмге Фархат Әбдірайымов (Фара), Шәріп Серік, Төлепберген Байсақалов, Азат Сейітметов, Данагүл Темірсұлтанова, Қарлығаш Исабекова, Тәуекел Мүслім сынды қазақ актерларымен қатар, Натия Цицилашвили, Илья Чхаидзе, Зураб Кипшидзе секілді танымал грузин әртістері түскен. Картинада кешегі кеңес киносының тарланы Вахтанг Кикабидзенің де қолтаңбасы бар.
Комедия жанрының жампозы, актер Төлепберген Байсақаловқа сценарий бойынша тбилисилік және алматылық таксишінің рөлін қатар алып шығу бұйырған.
«Такси жүргізетін Толиктің рөліне ену оңай болды, себебі кейіпкерім екі ұлттың ұқсастығын дәл бейнелейді. Бір қарағанда, әртүрлі көрінсек те, бізге ортақ дүние көп», дейді Төлепберген Байсақалов.
Жаңа фильмде актер Шәріп Серік те өзін басқа қырынан танытты. Шаконы «аудандағы жігіт» ретінде көруге үйренген қазақстандық көрермен енді оның романтикалық кейіпкер ретіндегі қырын көреді.
«Менің кейіпкерім Азамат – классикалық бейнеге жататын «анамның құрбысының ұлы» дейтіндей өте тәртіпті жігіт. Ол домбыра шертеді, жетімдер үйінде музыкалық оркестр жетекшісі. Тағдыр оған қандай сый тарту ететіндігінен бейхабар жігіт жақсы қызды табуды армандайды. Сюжет желісі бір қадам да кейін шегінуге болмайтын шеберлікпен өріледі», дейді Шәріп Серік.
Кинотуындының бас продюсері Гаджи Гаджиев жаңа картинаны былай сипаттайды: «Сценарийді оқып шыққаннан кейін жігіттерге осы жобаны іске асыруға көмектесу керек екенін түсіндім. Фильмді тамашалап шыққаннан кейін көрермен де осы сезімге бөленеді. Кейіпкерлердің хикаясы ертегідей дерсіз, түрлі жағдайдың тоқайласуы адам сенгісіз, бірақ шешімін табуға тиіс мәселелер әрбір адамның жанына жақын әрі түсінікті. Меніңше, адамдар жанына шуақ сыйлайтын осындай фильмдерді көруді қалайды».
Бірақ, біздің өкінішімізге қарай, «Махаббаттан да маңызды» картинасы танымал қазақстандық актер Фархат Әбдірайымовтың соңғы туындысы. Көрерменнің сүйікті актері Тбилисидегі түсірілім кезінде кенеттен көз жұмғаны көрермен есінде болар?!
АЛМАТЫ