Ұтымды жасалған демографиялық саясат – мемлекет өркендеуінің кепілі. Алайда көптеген елде бұл бағыттағы жұмыстардың жүйелі жүргізілмеуі дамуға үлкен нұқсан келтіріп жатады. Қазақстанның демографиялық саясаты қандай? Көбейіп, көркеюге қажетті бағыт-бағдар мемлекеттік мүдде тұрғысынан көзделген бе?
Нақтылайтын құжат қажет
Құжат жүзінде қарастыратын болсақ, осы күнге дейін Үкімет 2011 жылы қабылданған Демографиялық саясат тұжырымдамасымен жұмыс істеп келді. Ал қазір бұл құжаттың мерзімі аяқталып, заңды күшін жойған. Ғалымдар жаңа бағдарламалық құжат әлі жасалмағанын айтады.
– Қазақстанда демографиялық саясатты реттейтін нормативтік-құқықтық акті жоқ. Соның салдарынан көптеген әлеуметтік-экономикалық мәселе туындап отыр. Жалпы, бізде экономикалық даму векторы халықтың этнодемографиялық үрдісін, әлеуметтік-мәдени мұқтаждықтарын ескермейді. Осыдан туындаған сәйкессіздік денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік-экономикалық, ұлттық қауіпсіздік салаларында түрлі келеңсіздік тудырды. Елімізде демографиялық саясатқа және дамуға баға беретін бірде-бір мемлекеттік орган да жоқ, – дейді «Алтайтану» ғылыми зерттеу орталығының директоры, тарих ғылымдарының кандидаты Жанна Әубәкірова.
Айта кетейік, «Алтайтану» ғылыми зерттеу орталығы әлеуметтік-демографиялық және әлеуметтік-тарихи зерттеулер жүргізеді.
Ғалымның сөзіне сүйенсек, егер ел дамуының алғашқы жылдарында Қазақстанның демографиялық саясатының стратегиялық мақсаты қазақ ұлты үлесінің сандық басымдығына қол жеткізу болса, қазіргі уақытта бұдан өзге жаңа міндеттер бірінші орынға шығып отыр.
– Демографиялық саясатты сапалы мақсаттарға – адами әлеуетті әлеуметтік капиталға айналдыру үдерістеріне қайта бағдарлаудың уақыты келді. Осы кезде, яғни қазір халық санының қарқынды өсуінің «демографиялық дивидендтерін» ұтымды пайдалану қажет. Ұлттық және өңірлік даму бағдарламаларын іске асыру «халықтан – экономикаға» қағидатының негізінде алынған жағдайда ғана тиімді болады. Бүгінгі және ертеңгі күннің демографиялық шынайылығына берік сүйенбей, экономикалық даму мақсаттарын құру қиын. Соңғы онжылдықта қалыптасып келе жатқан Қазақстанның демографиялық жүйесі жаңа сын-қатерлермен бетпе-бет келіп отыр. Қазірдің өзінде елімізде қарама-қарсы бағытталған екі демографиялық сценарий іске асырылып жатыр – солтүстік-шығыс және оңтүстік-батыс, олардың әрқайсысы әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси тәуекелдер мен қатерлер кешенін айқындайды. Бұл сценарийлер аймақтық сипатта болғанымен, белгілі бір дәрежеде бүкіл елге әсер етеді. Сондай-ақ осының барлығы демографиялық қауіпсіздікті ғана емес, жалпы Қазақстанның ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ықпал етеді, – деді Жанна Әубәкірова.
Ғалымның айтуынша, ел өңірлеріндегі халықтың саны мен әл-ауқаты ел демографиясының дамуына әсер етіп отыр. Ұлттық статистика бюросының ақпаратына сәйкес қазір елдегі халық саны 19 741 283 адамға жеткен. Оның 12 188 601-і – қала, 7 552 682-сі ауыл халқы. Әйелдер саны – 10 106 665, ерлер саны – 9 634 618.
– Елдегі халықтың өсу қарқынын 1%-дан 16%-ға дейінгі көрсеткішпен есептеп айтатын болсақ, Павлодар (1,3%), Қарағанды (2,7%), Ақтөбе (16,5%), Жамбыл (10,7%), Түркістан (9,1%), Батыс Қазақстан (9,8%) және Алматы (14,1%) облыстарын салыстырмалы қауіпсіздік аймағына жатқызуға болады. Ал халық санының жыл сайын төмендеуін ескерсек, Павлодар және Қарағанды облыстары қызыл аймаққа кіруі мүмкін. Тәуекелдердің сары аймағына халықтың өсу қарқыны орташа республикалық деңгейден аспайтын Қызылорда және Атырау облыстарын жатқызуға болады. Сондай-ақ қызыл, яғни қауіп-қатер аймағында халықтың өсу қарқыны жоғары өңірлер мен қалалар бар: Астана (87,7%), Шымкент (68,8%) қалалары көш бастап тұр, одан кейін Маңғыстау облысы (44,8%) және Алматы қаласы (40,7%). Халықтың өте жоғары өсу қарқыны, әсіресе халық тығыз қоныстанған аумақтар мен мегаполистерде, қысқа мерзімде шешілуі қажет көптеген экономикалық және әлеуметтік мәселе туындап отыр. Бұған қоса осы қызыл аймақта халықтың өсу қарқыны теріс көрсеткіштерді көрсететін аймақтарға солтүстік және шығыс аумақтар жатады. Ақмола облысында халықтың кему қарқыны 0,30%-ды, Қостанай және Шығыс Қазақстан облыстарында 2,0%-ды құрайды. Халық саны қысқаруының неғұрлым жоғары қарқыны Солтүстік Қазақстан облысында байқалады (-8,2%), – деген статистика келтірді демограф.
Тәуелсіздік алған жылы елде 7 миллионның үстінде ғана болған қазақтар 2012 жылы 10 миллион 979 мың 511 адамға жеткен. 1991 жылдан бастап 2023 жылдың 1 қаңтарына дейін 1 миллион 107 мың этностық қазақ тарихи отанына оралды. Өткен жылы 19 178 адам қандас мәртебесін алды
Осы орайда Жанна Әубәкірова өңірлік дамуды жоспарлау кезінде ескерілуі қажет бірқатар ұсыныс айтты. Оның айтуынша, Өңірлік дамуды жоспарлау әдістемесінің «Ағымдағы ахуалды талдау» бөліміне аумақтық даму бағдарламалары мен жоспарларына облыс халқының жалпы саны мен қалалық және ауылдық жерлерде орналастырылуы, сондай-ақ халық тығыздығынан басқа негізгі параметрлерін енгізу, жыныстық-жас құрылымының жай-күйі (қартаю/жасару үрдісі), табиғи өсім, ішкі және сыртқы көші-қон сальдосы туралы ағымдағы деректерді қосу қажет. Сонымен қатар өңірді дамытудың бағыттарын, мақсаттары мен міндеттерін өзекті демографиялық ахуалды талдау үдерісінде анықталған әлеуметтік сұрау салулармен байланыстыру, іс-шараларды жоспарлау кезінде олардың іске асырылуы облыстың негізгі демографиялық параметрлеріне қандай әсер ететінін бағалау міндетті. Мәселен, перинаталдық орталықтың құрылысы өңірге тән туу көрсеткіштерін негізге ала отырып, ерекше медициналық қызметтерге қажеттілікті қаншалықты қанағаттандырады, балалар ауруханасын немесе мектебін пайдалануға беру қолда бар әлеуметтік тапшылықты қаншалықты жабады, нысандардың құрылысы және жұмыс орындарының белгілі бір санын құру еңбек нарығындағы тапшылықты қаншалықты жабады, т. б.
Халық санының өсуіне себеп
Негізі сарапшылар елдегі халық саны табиғи өсiм мен шетте жүрген қандастарымызды елге қайтару арқылы артатынын айтады. Табиғи өсім болу үшін аналарға қажетті көмек, медициналық және әлеуметтік жәрдемақы көлемі артуы қажет. Жалпы, ғалым айтқандай Қазақстанда демографиялық саясатты реттейтін нормативтік-құқықтық актінің жаңасы жасалмаса да, елдегі табиғи өсім соңғы 5-6 жылда артып келеді. Қазірде бір әйелге 3 баладан келіп отыр. Үкімет те осы жаңа жылдан бастап бала күтіміне байланысты ай сайынғы жәрдемақыны бала 1,5 жасқа толғанға дейін төлейтін болды. Ал осыған дейін жәрдемақы тек 1 жасқа дейін берілетін. Сондай-ақ бұл жәрдемақының мөлшері де артты: бірінші балаға – 5,76 АЕК (19 872 теңге), екінші балаға – 6,81 АЕК (23 495 теңге), үшінші балаға – 7,85 АЕК (27 083 теңге), төртінші және одан кейінгі балаларға – 8,90 АЕК (30 705 теңге). 2023 жылдан бастап бала күтіміне байланысты төлемдердің мерзімін 1,5 жасқа дейін ұзартуды Үкіметке Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев тапсырған болатын. Президенттің айтуынша, бұл ата-аналарға ең маңызды кезеңде өз балаларының қасында ұзағырақ болуға мүмкіндік береді.
Статистикаға сүйенсек, мемлекет тарапынан осындай қолдаудың арқасында елімізде соңғы 10 жылда бала туу көрсеткіші 25 пайызға артқан. Елімізде күн сайын 1000-нан астам сәби өмірге келеді екен. Осы қарқынмен жүрсек, 2050 жылға қарай халық саны 24 миллионнан асады деген болжам бар.
Бала туу көрсеткіші артып отыр десек те, бүгінде ажырасу төмендемей тұр. «Қазақстандық қоғамдық даму институты» КеАҚ басқарма төрағасының орынбасары Әсем Қайдарованың айтуынша, қазір әрбір үшінші отбасы ажырасу деңгейіне жақындап қалған.
– Бұған қоса некеге тұру саны азайып келеді. Негізі біз еңбексүйгіштік, үлкенге құрмет секілді құндылықтары бар отбасында тәрбиеленіп келдік. Ал қазір бұл құндылықтар өкінішке қарай, соңғы кезде құнсызданып барады, – дейді Ә.Қайдарова.
Осы жерде «Отбасы институтын дамыту қажет», дейді ғалымдар. Мәселен, «Қазақстан отбасылары-2022» ұлттық баяндамасының зерттеу нәтижесіне сүйенсек, елімізде әкелер балаларына аз көңіл бөледі. Ер азаматтардың тек 17 пайызы ғана бос уақытын бала-шағасына арнайды. Бұл міндет көбіне әйелдердің мойнында. Отбасы туралы ұлттық баяндаманы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне қарасты Қазақстанның қоғамдық даму институты жариялаған еді.
– Баяндамада отбасы институтының негізгі проблемалары мен трендтері анықталып, еліміздегі отбасы саясатын жетілдіруге арналған практикалық ұсыныстар әзірленді. Зерттеуге сүйенсек, бүгінгі қоғамда әкелердің отбасындағы рөлі негізінен қаржылық және материалдық игіліктерге байланысты екен. Әрине, қаржылық жағдай өте өзекті, алайда әкенің балаға бөлетін уақыты мен пейілі одан да маңыздырақ. Ұлттық баяндамада осындай түрлі зерттеулер кеңінен қамтылған, – дейді Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі.
Қандастарға көмек
Халық саны өсуінің екiншi көрсеткіші – шетте жүрген қандастарымызды ата жұртқа оралту. Мәселен, тәуелсіздік алған жылы елде 7 миллионның үстінде ғана болған қазақтар 2012 жылы 10 миллион 979 мың 511 адамға жеткен. 1991 жылдан бастап 2023 жылдың 1 қаңтарына дейін 1 миллион 107 мың этностық қазақ тарихи отанына оралды. Өткен жылы 19 178 адам қандас мәртебесін алды.
Үкімет қандастарды Отанға оралту бойынша бөлінетін квота мөлшерін де арттырып, келушілерге барынша жағдай жасап жатыр. Мәселен, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ақпараты бойынша биыл елге қоныс аударушылар мен қандастарға 8600-ден астам квота бөлінген. Бұл квота саны өткен жылмен салыстырғанда 566-ға көп. Квота қандастар үшін Солтүстік Қазақстан облысы бойынша – 138 адам, Қостанай облысы бойынша – 150, Абай облысы бойынша – 196, Шығыс Қазақстан облысы бойынша – 239, Ақмола облысы бойынша – 270, Павлодар облысы бойынша 932 адамға беріледі. Сондай-ақ қоныс аударушылар үшін: Қарағанды облысы бойынша – 33 адам, Ұлытау облысы бойынша – 120, Абай облысы бойынша – 238, Шығыс Қазақстан облысы бойынша – 305, Қостанай облысы бойынша – 530, Солтүстік Қазақстан облысы бойынша – 2 660, Павлодар облысы бойынша 2 841 адам. Бұған қоса қандастар мен қоныс аударушыларды қолдау үшін қосымша субсидия (көшу үшін отбасының әрбір мүшесіне 70 АЕК (241,5 мың теңге) көлемінде біржолғы төлем, бір отбасына 12 ай ішінде тұрғын үйді жалдау (жалға алу) және коммуналдық қызметтерге ақы ретінде 15-тен 30 АЕК-ке дейін (51,7-ден 103,5 мың теңгеге дейін) беріледі.
P.S: Біз жоғарыда демографиялық саясатта қарастырылып, іс жүзінде кәдеге жараған бірқатар саланы саралап, Демографиялық саясат тұжырымдамасы қайта әзірленген жағдайда оның назар аударатын тұстарына тоқталдық. Осының барлығы жаңа құжатта көрініс тауып, бір-бірінен қалыс қалмай, біркелкі дамыса, демографиялық әлеуетіміздің айтарлықтай артары сөзсіз.