«Жұмыскер» – Май ауданында құрастырылып шығатын шағын трактор. Бұл – кезіндегі Павлодар трактор зауыты жойылғалы өңірде алғаш болып толық құрастырылған әрі патентке ие болған жалғыз шағын трактор. Ауылдағы өндіріс орны бүгінде біраз қиындыққа ұрынып отыр.
Ауылдың тірлігі техникасыз бітпейді. Кеңес өкіметінен қалған ескі-құсқы техникадан арылып, жаңасын алу шаруа баққан ағайын үшін әлі де болсын қол жетпес арман. Себебі бүгінде ауылшаруашылық көліктерінің бағасы аспандап тұр. Оны ала беруге екінің бірінің шамасы жетпейді. Осындай уақытта бағасы қолжетімді әрі сенімді отандық техникаларға басымдық берілгені абзал.
Бұған дейін де жазғанымыздай, «Димаш» жеке кәсіпорны «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасы арқылы ұтып алған 5 млн теңге грантты пайдаланып, былтыр шағын тракторлар өндірісін жолға қойды. Әмбебап техника 15 түрлі жұмысты атқара алады. Шөпті шауып, жинау, картоп отырғызу, қыста қар күреу сияқты тағысын тағы ауылдың бітпейтін шаруаларын лезде дөңгелетіп тастауға болады. Техникаға қажет тиеуіш шөміш, қар күрегіштер, арнайы ашалар қосымша жасалады. Тракторға бүгінде арнайы патент алынған. Инженерлік тұрғыдан арзан әрі тиімді техника Қытайда құрастырылған шағын тракторлардан екі есеге жуық арзан. Біреуінің құны шамамен 3,6 млн теңге тұрады.
«Димаш» жеке кәсіпорнының басшысы Ерлік Тайшыбаев өндірістік базада 2 шағын трактор құрастырылып шыққанын айтқан еді. Былтырғы жыл соңында көліктің екеуі де сатылып кетті.
«Жұмыскердің» бірі қазіргі күні облыс орталығындағы «Jailau» фермерлік базарында жүр. Осыдан бір ай бұрын сатып алынған техника ыңғайлы әрі ұтқыр дейді ондағы қызметкерлер. «Павлодар» ӘКК» АҚ өкілі Арман Асипов фермерлік базар алғаш ашылған күннен бастап аумақтағы сауда павильондарын орналастыру, қар тазалау жұмыстары шағын трактордың көмегімен жүзеге асып жатқанын айтады.
– Құжатында жүк көтергіштігі 300 кг деп жазылған. Дейтұрғанмен, техника 360 килограмдық жүктерді қиналмай ала береді. Шағын шөміші мен қырғышы өте қолайлы. Қазір штатқа тракторист алғанбыз. Қозғалтқышы күні бойы жұмыс істегенде небәрі 5 литр бензинді жағатынын айтады. Бұл жағынан алғанда біз үшін тиімді, – дейді ол.
Павлодарлық трактордың тағы бірін өткен күзде Ақмола облысынан бір шаруа келіп сатып алды. Сандықтау ауданы Владимировка ауылының тұрғыны Валерий Взникин бағасы арзан әрі көпфункциялы шағын тракторға қол жеткізгеніне қуанышты. Айтуынша, бұл техниканы интернеттен іздеп, әрең тауыпты. Қытайда шығарылған баламаларын алайын десе, бағасы тым қымбат әрі ақау шықса қосымша бөлшектерін іздеп табу қиын. Қозғалтқышы мен конструкциясы қарапайым көлік қазіргі күні қора-жайдағы малды жайғауға, ауладағы қарды тазалауда таптырмас техника болып тұр.
– Трактор өте шағын, кез келген ғимараттың есігінен еніп кетеді. Жақтауы да мықты, ауыр жүктерді көтере береді. Үй маңындағы жұмыстарды оның көмегімен тез атқарып шығамын. Малдың астынан шыққан тезекті аулаққа апарып төгу, қар тазалау, шөп тасу шаруаларының барлығы – соның мойнында. Бір жақсысы, қытайлық тракторлардағы секілді күрделі гидромотор, түрлі қымбат резеңкелер мен техникалық шлангілер мұнда жоқ, қарапайым жүйе орнатылған. Бөлшектері істен шықса, жаңасы базарда арзан тұрады. Гидравликалық жүйесіне құйылған техникалық май да қарапайым әрі арзан екен, – дейді шаруа.
Бұрын «Беларусь» тракторын тізгіндеген В.Взникин ауыл шаруашылығы үшін өте тиімді мұндай отандық көліктерді сатуға мемлекеттің өзі мүдделі болуы керек деп есептейді. Үкімет шетелден келетін техниканы сатып алуға миллиондап субсидия төлегенше, осындай бағасы арзан отандық құралдарға басымдық бергені абзал.
Осыдан бірер жыл бұрын шетелдік әлдебір компаниямен келісімшарт негізінде облыс орталығында Қытай елінің машиналары құрастырылады деп күтілген еді. «Павлодар» арнайы экономикалық аймағында салынуға тиіс өндіріс жобасы сол күйі қағаз бетінде ғана қалды. Бұл тұрғыдан алғанда ауыл кәсіпкерінің батыл бастамасы қошеметтеуге тұрарлық.
Ерлік Тайшыбаев бүгінде өзі құрастыратын техниканы сатуға мемлекет тарапынан көмек болса деген ниетін жеткізді. «Жұмыскер» құны субсидияланатын ауылшаруашылық техникаларының тізбесіне енсе, соның өзі Май ауданындағы трактор өндірісіне үлкен сеп болары сөзсіз.
Павлодар облысы,
Май ауданы