Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев жыл сайынғы Жолдауында мемлекеттік тілдің тиісті деңгейде дамуына, қолданыс аясының кеңеюіне ерекше назар аударады. Биылғы Жолдауында да «Қазақстан-2050» жолы – Мәңгілік Елге бастайтын маңызды қадам екенін айта келе, қазақтың тілі тек отбасының ғана емес, ғылым мен білімнің және интернеттің тіліне айналды деген биік баға берді. Ендігі кезекте ана тілімізді қоғамның, даму мен өркениеттің ажырамас тіліне айналдыруымыз керек. Елбасы айтқандай: «Ана тіліміз Мәңгілік Елмен бірге мәңгілік тіл болды» деген пікір айтты. Алайда, бұл жеткілікті деген сөз емес. Мемлекеттік тіл саясаты әлі де қыруар еңбекті талап етіп отырғаны анық. Егер Елбасы міндет еткен іс-әрекеттер өз уақытында орындалатын болса, тілге қатысты түйткілдер де біртіндеп шешілері сөзсіз. Тілдің қолданыс аясының кеңеюі мемлекеттік органдар мен халыққа қызмет көрсететін мекемелердің белсенділігі мен көпшілік қауымның дұрыс көзқарасына байланысты.
Ал атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталар болсақ, Мемлекет басшысының 2011 жылғы 29 маусымдағы Жарлығымен бекітілген «Тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына» сәйкес маңызды құжатта көрсетілген мақсаттар мен міндеттер кезең-кезеңімен жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Аталған бағдарламада «мемлекеттік ұйымдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарында іс жүргізудің негізгі тілі ретінде мемлекеттік тілдің қолданылуын қамтамасыз ету керек» делінген.
Тіл туралы заңның қабылданғаны, оның баптарының жүзеге асырылуының бағдарламаларының жасақталғаны, мемлекет басшысының тіл саясатында дұрыс бағыт ұстап, қолдау танытып отырғаны көпке мәлім. Аталған әрекеттердің бастауы мектептерде қазақ тілін оқып үйретуді дұрыс жолға қою болып табылатыны сөзсіз. Сол себепті басты жауапкершілік тіл мамандары біздерге жүктеліп отыр. Ата заңның баптарында сонымен қатар «Тіл саясатының тұжырымдамасы» мен «Тіл туралы Заңда» айтылған басты мәселе мемлекеттік қазақ тілін дамыту.
Тіл байлығы – әрбір елдің ұлттық мақтанышы. Ол атадан балаға мирас болып қалып отыратын баға жетпес мұра. Демек, әр адам ана тілін көзінің қарашығындай қорғауға, оның орынсыз шұбарлануының қандайына болса да қарсы тұруы тиіс. «Ана тілі – халық боп жасағаннан бері жан дүниеміздің айнасы, өсіп-өніп түрлене беретін, мәңгі құламайтын бәйтерегі», – деп Жүсіпбек Аймауытов айтқандай елін, жерін сүйген әрбір азаматтың көкірегінде ана тіліне деген сүйіспеншілігінің мақтаныш сезімі болуы керек. Себебі, қазақ тілі – Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі.
«Адамға екі нәрсе тірек тегі, бірі – тіл, бірі – ділің жүректегі» – деп, Ж.Баласағұн айтқандай, алдымен өзін қазақпын деп санайтындар ғана емес, Қазақстан топырағында тұратын таза ниетті әрбір азамат, мемлекеттік тіл – қазақ тілін өзіне тірек етіп, ол тілді жүрегімен сүюі тиіс.
Жанат САРБОЗОВА,
Шымкент қаласындағы Еңбекші аудандық сотының бас маманы.
Оңтүстік Қазақстан облысы.