Қазақстанның елшісі Мәлік Мырзалин Орбелиани сарайында Грузия президенті Саломе Зурабишвилиге сенім грамоталарын тапсырды, деп хабарлайды Egemen.kz СІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Кездесу барысында елші Грузия президентіне Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жылы лебіздері мен ізгі тілектерін жеткізді. Қазақстан Грузиямен екіжақты ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға, оның ішінде сауда-экономикалық және көліктік-логистикалық өзара іс-қимылды жандандыруға зор мән беріп отырғанын хабарлады.
Өз кезегінде Грузия президенті Қазақстан Грузияның маңызды және сенімді серіктесі екенін атап өтті.
Қазақстан елшісі Грузия басшысын елімізде жүргізіліп жатқан саяси және әлеуметтік-экономикалық реформалармен таныстырды.
Президент С. Зурабишвили Қазақстан Президентінің бастамашылығымен жүргізіліп жатқан оң өзгерістерге жоғары баға берді.
Сұхбат барысында барлық өзара тиімді салаларда екіжақты байланыстарды одан әрі жан-жақты кеңейтуге және тереңдетуге деген ортақ мүдделілік атап өтілді.
Кездесу соңында Грузия президенті Қазақстан елшісін ресми қызметке кірісуімен құттықтап, екі ел арасындағы қатынасты одан әрі нығайту жолындағы жұмысына табыс тіледі.