Бәрімізге сүйікті жазушы Шыңғыс Айтматовтың бір кейіпкері – Исабеков секілді біз де бұл жазуды неден, қалай бастарымызды білмей ұзақ толғандық. Дүниенің азабы екен, қағаз бетін қызыл сөзге айналдыру бір сәрі, жазда жауған ақ жауындай жып-жылы сезімді, жо-жоқ, ынтыққан ыстық сезімді жеткізу қандай қиын. Бәлки, «Қызыл алманы» бірінші рет оқып, алғашқы әсермен тамсанып отырсақ, жөн екен дерсіз. Қырық бес рет парақтап, әр оқыған сайын ішің жылып, көңілің толқыса да қағазға бір тәуір сөз түсіре алмау – неткен сұмдық. Бар жан-тәніңді еліткен шығармадан бір үзік сыр айта алмай, осыншалық тұралайтын бұл қаламға да кейде күмәнданасың.
Азияның алақандай айылында туып, кішкентай ұлттан шыққан таудай жазушы туралы осы уақытқа дейін мың-миллион сөз айтылды. Егер әр қаламгерді бір планета деп алсақ, Айтматовтың аспан әлемі қызыл алма типтес болар ма еді. Ол алманың іші арпалысқан, сағынысқан, бұлқынған, ұялған сезімдерге толы. Иә, автор шығармашылығында сонау жылдардың ыстық-суығы аралас естеліктерін жинаған сол қызыл алма. Ғашық – қызыл алма. Куәгер – қызыл алма. Кінәлі – қызыл алма. Ақырында кеудедегі бар жалынды құшып, жоғалған қызыл алма.
«Қызыл алма» – жазушының 1964 жылы жазылған лирикалық әңгімесі. Шағын шығарманың өн бойында аса бір трагедия жоқ сияқты көрінеді. Отбасылық кикілжің, екі адамның арасындағы түсініспеушілік, содан туған суықтық қоңыр мұңның ырғағымен баяу ғана іштей өріледі. Отбасылық кикілжің болғанда да, әйелінің көзіне Исабеков өз махаббатынан ұялатындай көрінеді. Мәселен, иіліп Сәбираның бауын байлағысы келмейді. Ал әйелі сөйтіп жүрген жұрттың күйеуіне қызығады. Оның өзіне деген назары самарқау екеніне шамданады. Әйелін әрқашан еркелетіп отыратын – Исабеков емес. Ол да өз принципіне берік: Сәбираға артық-ауыс жақсы сөз айтуды, әрекет етуді олқы санайды. Әйтпесе жақсы көрмейді деймісіз?..
«Исабеков жұрт көзіне өзі емес, әйелі көбірек түскенін ұнатады. Сонда оған өзгемен бірге өзі де сүйсініп, таласа көз тастайды: оның әйелге тән орынды ұяңдығын, ибалылығын, сыпайылығын түйсінеді. Әсіресе оның қимыл-қозғалысы, жүріс-тұрысы әдемі, өзге әйелдерден ерекше, бөлек. Түзу аяғына біз өкше туфли жарасады, соны кисе, кәдімгідей жасара түседі. Кейде ол ғылым кандидаты ма, докторы ма, ылғи бір зиялылар ортасында ұршықтай үйіріле би билейді; жұрт құмарта, қызыға қарайды; сонда оның өзі де әдеттен тыс құбылып, қыз күніндегідей түрленіп, бал-бұл жанып кетеді. О, Исабеков үшін бұдан рақат минут жоқ».
Ұзақ жылдарға жалғасқан бұл қарым-қатынас шиеленісе келіп, айырылысуға таяғанда Исабеков не істей алады? Көңіл суыған, керуен көшкен. Жеті түнде хатқа не жазарын білмей, дағдарып отыр. Іштегі ақталу мен мойындаудан енді пайда бар ма? Өткен уақыттың өкінішін айтып түсіндіру де бір мехнат. Исабековтің қолында болған мүмкіндіктері дәл сол сәтте сағымға айналып бара жатты. Оған қоса қызы Анардың алдағы тағдыры да жүрегін шымшылайды. Өткінші өмірдің еңсеңді басар ауыр сәттерінде шарасыздықтан басқа ұрынар қара жоқтай.
Ғайыптан тайып Исабековтің есіне сонау ескі жылдардың түу тереңінде қалған қызыл алмасы түседі. Қоңыр дала – қоңыр күзде қызы тауып алған қызыл алманы көргенде жан дүниесі толқындай тулады келіп. Бір жылы күзде қызыл-нарттанған алманы газетке орап, оған ынтық жүрегі мен ақ махаббатын қоса орап, сол қыздың соңынан талай күн тентіреп еді-ау. Сол сұлу үшін қаланың о шеті мен бұ шетіне жаяу сенделеді: жолай саябақта ырғалып билеген жастарға қарап, бұл да әлгі бейтаныс қызбен ойша билейді. Тіпті ойша сөйлеседі.
«– Мен кітапханаға сіз үшін ғана келем, соны білесіз бе?
– Білем. Ылғи көрем, мені күтіп жүресіз.
– Күні-түні сізді ойлаймын: лекцияда да, асханада да, жатақханада да – есіл-дертім тек сіз. Кинода отырсам, көз алдымда экран емес, көңілімде сіз тұрасыз. Мен үшін бұл жалғанда сізді ойлаудан артық рақат жоқ қой. Шіркін-ай, тек соны сіз сезер ме едіңіз?..
– Неге сезбейін, сезем. Кей-кейде мен де сізді ойлап отырам. Жалғыз-ақ, маған неге жақындап келіп, тілдеспейсіз?
– Мен үшін сізге жақындамай, тіл қатпай, алыстан үнсіз қарап отырудың өзі рақат. Егер кітапхана да таң атқанша отырсаңыз, мен де таң атқанша қараудан жалықпас едім».
Исабековтің ойында бәрі жақсы, бәрі әдемі. Ал өмірде қызыл алмасын құшақтап, көлеңкеге ұқсап жүргені сол. Күнде қас қарайғанша кітапханада отырады, не бір парақтаған кітабы жоқ. Есіл-дерті бейтаныс қыз. Қызыл алмасын беремін дегенше, өз жанын өзі қинап жүрген мүсәпір сынды. Ғашық адам мүсәпір емей кім бірақ?..
Ол мына жарық дүниедегі бар жақсылық, игілік, әсемдік атаулыны бейтаныс махаббатына тіледі. Тіпті бір ғажайыппен көзіне түскен қызыл алманы алғаш қолына ұстағанда да сол қызды ойлады – өзіне де, өзгеге де қимай, тығып жүріп ақ-адал сезімін арнаған адамға бергісі келді. Сабақта отырып, бөлмесіндегі алманы ешкім алып қойған жоқ па деп шошып отыратын. Түнгі жұмысы да – қызыл алмасын күзету. Өзіңнің осы өмірде бар екендігіңнен, бір қалада өмір сүретіндігіңнен мүлдем бейхабар жанды қалайша осыншалықты сүюге болады? Бұл махаббаттың қай деңгейі?
Неше күн бойы Исабековтің жүрегімен бірге соққан, бірге толқыған қызыл алма ең соңында ешкімге бұйырған жоқ. Бейтаныс қыз бөтен адамның қолындағы алманы көргенде шоршып түсті. Ақ сезімнің куәсі болған қызыл алма қара түнді қақ жарып, ұшып бара жатты. Қызыл алмамен бірге Исабековтің кіршіксіз көңілі, пәк махаббаты, бар арманы мен аңсары қоса ұшты.
Енді, міне, араға талай жыл салып, күзгі бақтан қызы тауып алған қызыл алма жоғалған іңкәрлігін қайта әкелгендей келіп тұр.