• RUB:
    5.39
  • USD:
    474.62
  • EUR:
    517.19
Басты сайтқа өту
Аймақтар 17 Қаңтар, 2023

Қалпына келтіру жұмыстары жүйеленді

242 рет
көрсетілді

Бүгінде Талас және Сарысу ауданында төтенше жағдай салдарынан туындаған мәселені жою бойынша нақты жұмыс атқарылып жатыр. Дүлей дауыл салдарынан бүлінген Жаңатас қаласындағы 7 нысанға күрделі жөндеу жұмыстары басталып кетті. Өңір басшысының тапсырмасына сәйкес жұмысты сапалы әрі тез арада аяқтау үшін жергілікті мердігерлер жұмылған жұдырықтай еңбек етуде. Олар өздеріне жүктелген міндетті сапалы әрі жедел аяқтауға мүдделі. Аталған нысандардағы жұмыстар 60-70 пайызға тәмамдалған.

Облыс әкімдігінің баспасөз қыз­меті таратқан деректерге зер сал­сақ, аудандық электр желілерін тарату мекемелері тарапынан 270 нысанда тиісті деңгейде жұмыстар жүргізілген. Нәтижесінде, 100 шақы­рым желінің 91-інде қалпына келтіру жұмыстары аяқталған. Қалған жұ­мыс­тар жалғасын тауып жатыр. Бүгінгі таңда Жаңатас қаласының жылыту, ауызсу және кәріз жүйелері қалыпты режімде жұмыс істеп тұр.

Төтенше жағдай кезінде Жаңатас қаласындағы электр бағаналары құлап, электр желілері тиісті кернеуді таратуда кедергі туындаған. Соған байланысты «ЖаңатасСуЖылу» МКК жұмысын тоқтатуға мәжбүр болған. Сол кезде қазандықтың жеке генераторларының қуаты айналым-сорғыларының қызметін қалыпқа келтіргенше Астанадан жеткізілген ірі дизель генераторы пайдаланылып, қаланы ауызсумен қамту жүзеге асырылды.

Талас ауданы Қаратау қаласы бо­йынша зардап шеккен 14 ғимараттың 13-інде күрделі жөндеу (шатырларын толық ауыстыру), ал 1 нысанда ағымдағы жөндеу жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Барлық ны­сан бойынша қайта монтаждау жұмыстары аяқталып, қажетті құ­рылыс материалдары жеткізіліп, жөндеу жұмыстары күн санап тәмам­далып келеді. Қаратаулықтарға су, жарық, жылу үздіксіз берілуде. Бұл жағынан ешқандай мәселе жоқ.

Бұдан бөлек, аудандағы Есейхан ауылындағы электр желілері толық қал­пына келтіріліп, 170 абонент жа­­рықпен қамтылса, Қасқабұлақ ауы­лындағы 143 абонент және Қараой ауылындағы 76 абоненттің барлығына дизель генераторлары арқылы электр қуаты жеткізілген. Жергілікті халық қалыпты өмір ағы­мына түскеніне бек қуанышты.

Бүгінгі таңда Есейхан ауылынан Қараой ауылына дейінгі 18 шақы­рым­дағы жарамсыз болып қалған 40 электр бағанасын қалпына келтіру жұмыстары қолға алынған. Оған барлығы 56 адам және 11 техника жұмылдырылған. Қараой ауылының ішкі электр жүйесі жарық беруге толық дайын. Қысқасы, елді мекендегі мәселені толықтай шешудің барлық алғышарты қарастырылып отыр.

Есейхан-Қасқабұлақ бағытындағы ВЛ-10 КВТ электр желісінің толық жарамсыз болып қалуына байланыс­ты электр жүйелерінің материалдық жабдықтары жинақталып, тиісті жұ­мыс­тар атқарылып жатыр.

Бұл елді мекендерге қойылған генера­торлар есебінен ауызсу тұ­рақ­ты беріліп тұр. Негізгі ауызсу беру стансасының электр желілерін қалпына келтірілу жұмыстары қар­қынды түрде жүргізіліп жатыр. Қа­­зіргі кезде тұрғындар тарапынан азық-түлік өнімдеріне деген сұранысқа сай қамту шаралары мықтап қолға алынған. Бұл мәселеде ешқандай қиындық туындап тұрған жоқ. Бүгінде аталған аудандардағы қатты дауылдан келген шығын кө­лемі есептеліп жатыр. Алдағы уа­қытта шығын көлемі толықтай нақ­ты­ланатын болады.

 

Жамбыл облысы