• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Экономика 18 Қаңтар, 2023

Қор нарығындағы ахуал

130 рет
көрсетілді

Жаһандағы мың құбылған жағдай және геосаяси ахуалдың шиеленісуі капитал нарықтарындағы тәуекелді күшейте түсті. Орталық банктердің монетарлық саясатты қатаңдатуы әлемдік қор нарығында баға деңгейінің көтерілуі мен сыйақы мөлшерлемелерінің өсуіне әсер етті. Биыл қаңтар айынан бас­тап S&P 500 аса ірі компанияларының индексі 20 пайызға төмендеді. Ұқсас жағдай Dow Jones өнеркәсіптік индексіне (-9 пайыз) де қатысты.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің хабарлауын­ша, әлемдік ахуал қазақ­стан­дық қор нарығына, негізгі ойыншылар мен шетелдік инвесторлардың көңіл күйіне де әсер етті. Егер 2020-2022 жылдар аралығындағы кезеңде KASE қор нарығын жиынтық капиталдандыру 1,5 еседен астам, 29 трлн теңгеден 44,2 трлн теңгеге дейін өсіп, ішкі жалпы өнімнің 54 пайызына жетсе, жыл басынан бері отандық қор нарығын жиынтық капиталдандыру 15,4 пайызға немесе 6,9 трлн теңгеге (37,3 трлн теңгеге дейін) қысқарды.

«2022 жылдың басынан бас­тап KASE өкілдік тізіміндегі акциялар құнының төмендеуі KASE индексінің 12 пайызға, 3 240 тар­маққа төмендеуіне әсер етті. Жыл ортасынан бастап нарықты капи­талдандыру көрсеткіші лис­тингтік компаниялардың акция­лары құнының өсуін қалпы­на келтіру және борыштық қаржы­ландыруды тартуды жеделдету есебінен біртіндеп қалпына келуде. 2022 жылы агенттік обли­гациялардың 76 жаңа шыға­рылы­мын тіркеді. Тіркелген шыға­ры­лы­мдардың жалпы көлемі – 3,2 трлн теңге, бұл өткен жыл­дың көлемінен 36 пайызға көп. Оның ішінде KASE-де 1,1 трлн теңге орналастырылды, бұл өт­кен жылдың сәйкес кезеңінен 15 пайызға жоғары. Бұл ретте тар­тылған қаржыландырудың жиынтық көлеміндегі ең көп үлес бұрынғыдай квазимемлекеттік сек­тор компанияларына тие­сілі – 95 пайыз немесе 1 028 млрд  теңге, ал жеке сектор субъек­тілерінің үлесі 5 пайыз­ды немесе 54 млрд теңгені құрады. Бұл Ұлттық  банктің базалық мөл­шер­лемесін арттыру және инфля­циялық үдерістерді жеделдету салдарынан жеке кәсіп­керлік субъектілері үшін қор нары­ғын­дағы қаржыландыру құны­ның қымбаттауына байланысты», делінген агенттік жауабында.

Қор нарығын қалай дұрыс дамытқанда экономиканы қар­жы­ландырудың тиімді арнасы қалыптасады? Агенттік сарап­шы­ларының айтуынша, ең бірін­ші кезекте инвесторлық база­ны күшейту, сапалы қаржы құ­рал­дарының санын ұлғайту және нарыққа жаңа эмитенттер шы­ға­ру маңызды болып саналады.

Инвесторлық базаны ұлғай­ту үшін соңғы екі жылда бөл­шек инвесторлардың қор на­ры­ғына кіруін жеңілдетуге және институционалдық инвесторлар сегментін күшей­туге бағытталған бірқатар шара қабылданды. 2020 жылы агенттік биометриялық және серпінді сәйкестендіруді пайда­лана отырып, брокерлік шарт­тар­ды қашықтан жасасу мүм­кін­дігін енгізді. 2021 жылдан бастап банктерге өз клиенттеріне брокерлік қызметтердің барлық аясын көрсету мүмкіндігі берілді. Биыл бірқатар ірі банк банктік мобильді қосымшалар арқылы бағалы қағаздарды сатып алу мүмкіндігін енгізді. Қабылданған шаралар бөлшек инвесторлардың қор нарығына шығуын жеделдетуге ықпал етіп, олардың саны 2020 жылдан бері төрт еседен астам өсіп, 523 мыңға жеткен.

Бүгінде брокерлік шарттар­дың 98 пайызы электронды тәсілмен жасалады. Бұл Қазақстан нары­ғындағы брокерлік қызмет­тердің инклюзивтілігін айтарлықтай арттырады.

Компаниялардың қор нары­ғы­на шығуына жағдай жасау мақ­сатында кейінгі жылдары агенттік компанияларға қол­жетім­ді қаржы құралдарының желі­сін айтарлықтай кеңейтті. Заң­намаға жеке орналастыру обли­гациялары, инвестициялық облигациялар, өтеу мерзімі жоқ облигациялар, сондай-ақ ESG облигацияларының 4 түрі: жасыл және әлеуметтік облигациялар, орнықты даму облигациялары, орнықты дамуға байланысты облигациялар сияқты құралдардың жаңа түрлері енгізілді. Олар енгізілген сәттен бастап KASE алаңында жалпы сомасы 1,3 трлн теңгеге жеке орналастыру облигациялары және 127 млрд теңгеге ESG-облигациялар орналастырылды.

Былтыр өткен «ҚазМұнайГаз» IPO-сын да қор нарығындағы табысты жоба болды деп айтуға болады. IPO-ға 129 мың инвестор қатысып, 153 млрд теңге тартылды, оның 137,5 млрд теңгесі немесе 89 пайызы KASE-ге орналастырылған.

«Осындай ірі қазақстандық компанияның қор нарығына табыс­­ты шығуы кейіннен басқа ұлттық және жеке компания­лар­дың IPO-ға шығуына сер­пін береді. Бұл биржалар лис­тингіндегі сапалы құралдардың санын едәуір арттырады. Сон­дай-ақ FTSE және MSCI қор на­­рық­­тарының халықаралық ин­­декс­­теріндегі Қазақстанның пози­­­­ция­­сын арттыруға мүмкін­дік бере­ді. Қор индекстері қыз­мет­­­тері­нің соңғы бағалауы бо­йын­­ша Қазақстанның қор нары­ғы FTSE «Secondary Emerging markets» санатының сапалық өлшем­шарттарына және MSCI индексі­нің «Emerging Markets» санаты­ның негізгі сапа­лық өлшем­­шарт­тарына то­лық сәйкес келетінін атап өткен жөн», делінеді хабарламада.

Агенттік жүзеге асырған бастаманың бірі – брокерлердің капиталына сараланған талаптар енгізу. Бұл брокерлік қызмет географиясын кеңейтуге мүмкіндік жасайды. Номиналды ұстаушы ретінде клиенттердің шоттарын жүргізу құқығынсыз брокерлер үшін жарғылық капиталдың ең аз мөлшері – 30 млн теңге. Клиенттердің шоттарын жүргізу құқығы бар брокерлер үшін – 150 млн теңге. Меншік капиталының ең жоғары мөлшері – қызметті зейнетақы активтерін басқарумен қоса атқаратын брокер үшін 3 млрд теңге мөлшерінде белгіленген. Бұл ретте басқарудағы зейнетақы активтерінің көлемі ұлғайған жағдайда меншікті капиталдың мөлшері де ұлғайтылуға тиіс. Бұрын брокерлер үшін меншікті капиталдың ең төменгі мөлшерін айқындауға бірыңғай тәсіл қолданылып келген, ол 183 млн теңгеден басталатын.

Қабылданған шаралар бро­кер­лердің нарыққа шығуына кедер­гілерді азайтуға және брокерлер ара­сындағы бәсекелестікті арт­ты­руға мүм­кіндік береді. Бұл көрсе­ті­ле­тін қызметтердің сапасы мен құ­ны­на оң әсер етеді деген сенім бар.

Алдағы жоспар да ауқымды. Агенттік Дүниежүзілік банкпен бірлесіп, инвестициялық және венчурлық қорлар қызметінің жаңа заңнамалық негізін әзірлейді. Аталған жұмыс шеңберінде қосымша «траст» ұғымын көздеу, сондай-ақ эндаумент-қорлардың ак­тив­терін инвестициялық бас­қару­­шыларға басқаруға беру мүм­кін­дігін қарастыру жоспарланып отыр. Қор нарықтарының ин­декс­теріне (S&P, MSCI, FTSE) байла­ныс­ты басқарудағы актив­тер­дің әлемдік құрылымдағы пас­сивті инвестициялар үлесінің өсуі­не байланысты Қазақстанның заң­на­масына ETF (биржалық қор­лар), ETN (биржалық ноттар) – ин­вес­тициялық қорлардың баға­лы қағаздарының жаңа түрлері енгізілетін болады.