• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Саясат 18 Қаңтар, 2023

Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырысы өтті

476 рет
көрсетілді

Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның кезекті отырысын өткізді, деп хабарлайды Egemen.kz Ақорданың ресми сайтына сілтеме жасап.

Жиында Мемлекеттік комиссияның 2022 жылы атқарған қызметінің негізгі қорытындылары сараланды.

Мемлекеттік комиссия жұмысының басты нәтижелерінің бірі ретінде саяси қуғын-сүргін тарихына арналған материалдар мен құжаттардың 31 томдық жинағының жарық көруін айтуға болады.

Отырыс барысында еңбекті дайындаған авторлардың қатысуымен көптомдықтың тұсаукесер рәсімі өтті.

Кітаптар ХХ ғасырдың 20-50 жылдарындағы саяси қуғын-сүргін құрбандарының түрлі санаттарына қатысты бұрын жарияланбаған архив құжаттары мен материалдарынан құралған.

Мемлекеттік комиссияның материалдарын жарыққа шығару жұмысы биыл да бірыңғай серия шеңберінде жалғасатын болады.

Сондай-ақ тиісті мемлекеттік органдардың басшылары арнайы және ведомстволық архив қорларындағы құжаттарды құпиясыздандыруға,  архив материалдарын жүйелеуге және цифрландыруға қатысты атқарған жұмыстары жайында баяндады.

Жиын соңында 2023 жылы қолға алынатын басты бағыттар бойынша, ғылыми-зерттеу және қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жұмыстарын жалғастыруға қатысты тапсырмалар берілді.