• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қазақстан 18 Қаңтар, 2023

«Жер аманаты» комиссиясының бастамасымен интерактивті карта әзірленді

497 рет
көрсетілді

«AMANAT» партиясы жанындағы «Жер аманаты» комиссиясының бастамасымен jerkarta.gharysh.kz геосервисі іске қосылды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Аталған сервис мемлекет меншігіне қайтарылған жер учаскелеріне мониторинг жүргізуге, оның қайда орналасқанын, контурын анықтауға, сондай-ақ ауданы мен меншік иесі немесе жер пайдаланушысы туралы мәліметтер алуға мүмкіндік береді.

Интерактивті картаны Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі әзірледі.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, елімізде пайдаланылмай жатқан және заңсыз бөлінген ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді мемлекет меншігіне қайтару жұмысы жүргізіліп жатыр.

Осы жұмыстың жүйелі іске асырылуына қоғамдық бақылау жүргізу мақсатында «AMANAT» партиясы жанынан республикалық және өңірлік «Жер аманаты» комиссиялары құрылды.

Бүгінде пайдаланылмай жатқан 5,2 млн гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды. Оның 3 млн гектардан астамы «Жер аманаты» комиссиясының араласуымен қайтарылды.

Өткен жылдың желтоқсан айында партиялықтар әрбір ауылдық елді мекендегі жайылым тапшылығын және мемлекет меншігіне қайтарылған жер учаскелерінің тізбесін көрсететін интерактивті карта әзірлеуді ұсынды.

Комиссияның «жедел желісіне» тұрғындар тарапынан 2,5 мыңнан астам өтініш келіп түсті. Оның барлығы жергілікті әкімдіктермен және бейінді министрлікпен бірлесіп мұқият қаралды.