Туристік саладағы кәсіпкерлер мен «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының мамандары шетелдік туристер үшін 5 пайыз мөлшерінде Bed Tax туристік жарнасына қатысты теріс қорытынды шығарды. Бірақ Мәдениет және спорт министрлігінің бастамасымен 2023 жылдың қаңтарынан бастап аталған жарнаға қатысты норма іске қосылды. Ал бизнес бұл жарна салаға кері әсер етеді деп қауіптеніп отыр.
Кәсіпкерлер қолданыстағы жарна жинау тетігін құптамайтынын айтып, туристік жарнаны 2024 жылға дейін кейінге қалдыруды сұрап отыр. Сондай-ақ 2024 жылға дейін жарнаны төлеу тетігін бірлесіп пысықтауды ұсынды.
– Кәсіпкерлер бұл практикаға қарсы емес, бірақ жарнаны төлеудің нақты тетігі жолға қойылуы керек. Бизнес өкілдері бірнеше рет ұсынысын айтты, ескерту жасады. Өкінішке қарай, олар ескерілмеді. Әкімшілендіру бойынша қолданыстағы жүктеме толығымен қонақүйлерге түседі. Сондықтан қағидаларды қайта қарап, нарықтың ескертулерін назарға алу керек, – деді «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы туризм департаментінің директоры Дамиля Құнанова.
«Қалалық туризмді дамыту орталығы» қауымдастығының атқарушы директоры Татьяна Верницкаяның айтуынша, жарна кәсіпкерлердің жүктемесін арттырады. Қазірдің өзінде «бухгалтерлік және салықтық есепте жарнаны қалай дұрыс көрсету керек» деген сұрақтар туындап отыр.
– Қағидалардың қазіргі нұсқасында туристік жарнаны пайдаланудың нақты белгіленген мақсаты мен міндеті жоқ екеніне назар аударған жөн. Бұл қаражат қайда және қалай жұмсалады және қандай орган оны бақылайды? Балалар мен зейнеткерлерге немесе қонақүйге туризм мақсатында емес, жұмыс үшін келген шетелдіктерге қалай салық салынады? Осындай сұрақтарға нақты жауап ала алмай отырмыз, – деді Т.Верницкая.
Сонымен қатар бизнес өкілдері халықаралық тәжірибені зерделеуді сұрап отыр. Онда жарна мөлшерлемесі бекітілген, мөлшерлеме қонақүй тарифіне, маусымға байланысты болмайды. Турист қанша төлеу керегін нақты біледі. Мысалы, Өзбекстанда жарна мөлшерлемесі 2 доллар мөлшерінде, Ресей Федерациясының үш аймағында 0-ден 100 рубльге дейін, ал Италия аймақтарында 5 еуро мөлшерінде белгіленген.
– Біз халықаралық тәжірибеге сәйкес Bed Tax енгізуді талқыладық. Бірақ Үкіметтің қаулысы нарық өкілдерімен талқылаусыз қабылданды. Салдарынан статистика мен тұру құны арқылы есептелетін күрделі нұсқа пайда болды. Әлемдік тәжірибеде қонаққа түсінікті тұрақты соманың оңтайлы тәжірибесі қолданылады. Ал қазіргі қағидалар туристерді шатастырып, салаға кері әсер етеді, – деді Қазақстан қонақүйлер мен мейрамханалар қауымдастығының президенті Рашида Шайкенова.
Мәдениет және спорт министрлігі Туризм индустриясы комитетінің төрағасы Дастан Рыспеков кәсіпкерлердің сұрағына жауап беріп, қағидалардың қолданыстағы редакциясын ұстануға тура келетінін мәлімдеді.
– Сомасы бекітілген мөлшерлемені енгізу деген мәселе талқыланбайды, өйткені бұл қолданыстағы қағидалар. Салық жүйесі бойынша бәріміз еңбекақымызға байланысты салық төлейміз. Егер біз сомасы бекітілген тарифтерді енгізсек, сұрақтар туындайды. Өйткені қонақүйлерде баға саясаты әртүрлі. Қазіргі кезде жергілікті атқарушы органдардың мәслихаттары еліміздің 28 қаласы мен ауданында мөлшерлемелер қабылдады. Тарифтер 1 пайыздан 5 пайызға дейінгі аралықты құрайды, – деді Д.Рыспеков.
«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы жауапты ведомство тарапынан кәсіпкерлердің сұрақтарына жауап болмағандықтан, нарықтың пікірін ескере отырып, 2023 жылға арналған нөлдік мөлшерлемені қолдану, жарнаны іске асыру тетігін пысықтау, пайыздық мөлшерлемені белгіленген мөлшерлемеге ауыстыру және енгізілген қағидаларды 2024 жылдан бастап Астана, Алматы қалаларында қанатқақты режімде сынақтан өткізуді қайта ұсынды.
Еске салайық, бұған дейін «Атамекен» палатасының Туристік сала комитеті ел Үкіметіне Bed Tax туристік жарнасын енгізу тәртібін қайта қарау туралы өтініш жолдаған болатын. Палатаның комитеті жарнаның ең жоғары мөлшерлемесін қолданыстағы нормамен енгізу туризмнің бүкіл саласы үшін қисынсыз әрі зиян деп санайды.