• RUB:
    4.81
  • USD:
    498.51
  • EUR:
    522.84
Басты сайтқа өту
Аймақтар 19 Қаңтар, 2023

Торайғырдағы қандыағаш тоғайы

608 рет
көрсетілді

Сұлтанмахмұт ақынның балалық шағы өткен Торайғыр жері кереметтей әсем өлке. Келушілердің көзін арбаған Баянауылдың тұмса табиғатының бір бөлшегі саналатын мұнда қара қандыағаш деп аталатын ерекше ағаш өседі. Қандыағаш – бұлақ бойын жағалай бітетін, сазды жерді, кермек суды жақтырмайтын, «Қызыл кітапқа» енген өсімдік.

Ертеде ата-бабамыз қанды­ағаш таласа өскен тау баурайла­рын­да бұлақ барын білген. Негі­зі Қазақстанда қандыағаш Баян­ауыл мен Қарқаралының тау­лы-орманды алқаптарында, Ерей­ментау тауларында, Елек өзені жағалауында, сондай-ақ Қоста­най облысындағы Құсмұрын ма­ңында кездеседі, дейді жер жағ­дайын жақсы білетіндер. Баян­ауыл тауларындағы бұл ағаштың түрі қанды қандыағаш типіне жатады екен.

Торайғырдағы қандыағаш то­ғайы – өте көрікті мекен. Дәл жанынан мөлдіреп Әулиебұлақтың суы ағып жатыр. Бұл жерде жазда ат шалдырып, тынығатындар, тоғай ішінде күрке тігіп, серуен құратындар көп. Тоғай ішіндегі жасыл алаңқайларға топ-тобымен туристер ағылып, ыстықта сая табады.

Баянауыл ұлттық табиғи пар­кінің инспекторы, белгілі өлкетанушы Алтынбек Құрманов қандыағаш топырақ минералы мол, суы тұщы жерлерді таңдайтынын айтады. Өсімдіктің бір ерекшелігі, күздігүні жапы­рағы мүлде сарғаймайды екен. Қарашаның қара суығында жа­пы­рағы жасыл күйінде үзіліп, жала­ңаштанады.

– Қандыағашты парк қыз­мет­­­керлері ғылыми индикатор ре­тінде пайдаланамыз. Жаз­ғы­тұрым төменнен жоғары қа­рай гүлдесе, жаздың сулы, жаң­бырлы болатынын білдіреді. Ал ке­рісінше, жоғарыдан төмен қарай көктесе, алдағы жазда қуаңшылық күтіп тұрғанын болжай беруге болады. Тағы бір кереметі, қанды қан­ды­ағаштың жапырағына құрт түссе, айналасындағы өсім­дік­терге де құрт түскенін білеміз. Ол құ­рамында химиялық зат бар қос­­палармен емделмейді, тек био­логиялық тұрғыдан са­уық­тыру ша­ра­лары жүргізіледі. Ол үшін құмырс­қаның илеуін күрек­пен төрт бөліп, бір бөлі­гін қан­ды­ағаштың түбіне апарып тас­таймыз. Құмырсқалар ағашқа өрмелейді де, өсімдіктің бойындағы барлық жыбырлаған құрттарды жеп қояды, – дейді өлкетанушы.

Қанды қандыағаштар кемі 150 жыл тіршілік етеді екен. Баян­­ауыл тауларының кө­біне теріс­­кей жағына біткен өсім­дік то­ғай­ларына қарап, бұл аумақ­тар­да бұлақтардың мол қоры бар еке­нін болжауға болатындай. Ағаш­қа қатысты биологтердің то­лық­қанды зерттеуі де жоқ. Жер­­гілікті өлкетанушылар мұ­қият зер­делеуге лайықты ботани­ка­лық-гео­графиялық құбылыс деп атап отыр.

 

Павлодар облысы,

Баянауыл ауданы