Мыңғыртып қой-ешкі асырағанмен, қырыққан жүні ысырап болып, күресінде жатыр. Рас, қолда бар тері мен жүнді кәдеге жарата алмай келе жатырмыз. Есесіне жүннен тоқылған киім-кешекті, былғары күртелерді шетелден жеткіземіз. Шығыста тері мен жүн өңдейтін бірде-бір кәсіпорын жоқ. Әйтеуір, Көкпекті ауданының тұрғыны Нұрилә Мақым халықтан жүн қабылдап, көрпе, жастық тігетін кішігірім цех ашыпты. Соған қуандық. Шаруаны дөңгелетіп әкету үшін мемлекеттен қолдау болса деп тіледік.
Естеріңізде шығар, тоқсаныншы жылдары соғым науқанында атшанамен үйді-үйді аралап, тері жинар еді ғой. Қой мен ешкінің терісіне дейін жинап алып кететін. Таразыға салып өлшеп, салмағына қарай құн төлейтін. Жүн жинау дәстүрі және бар-тұғын. Ол Семейдің тері-былғары комбинатының дүркіреп тұрған шағы шығар. Қазір бәрі құлаған, күйреген. Семейдегі трикотаж фабрикасы да тоқырауда тоқтап тынған. Қазір қылаяғы шұлықты да шеттен аламыз. Әсіресе іргедегі Моңғолияның түйе жүн шұлығына жапа-тармағай таласамыз. Төрт түлігімізді өргізіп отырғанымен, терісі мен жүнінің керексіз болып жатқаны жанға батады. Көкпекті ауданының тұрғыны Нұрилә Мақым секілді кәсіпкерлер әр ауданнан цех ашып, жүн қабылдаса, аз да болсын, өз өнімімізді тұтынар ма едік?!
2018 жылы күзде мемлекеттік «Еңбек» бағдарламасы арқылы сонау Талдықорған облысынан Көкпекті ауданына қоныс аударған бұл отбасы бүгінде кішігірім кәсіп бастап, нәпақаларын айырып отыр. Нұрилә Мақымның жолдасы мал саудасымен айналысса, өзі Көкпекті ауылының ортасынан тігін цехын ашқан. Жуықта цех жұмысын арнайы барып көрдік. Шағын ғана сұр ғимарат. Құрылысы толық аяқтала қоймаған ғимаратқа жылу тартып үлгермепті. Көрпе, жастық жиналған тігін цехының іші аңырап тұр. Табаннан өткен сыз маңдайды солқылдатады. Қыстың қақаған аязында күн ұзақ мұнда жұмыс істеу мүмкін емес. Айтуынша, әзірше ескі жүнді қайта түтіп, көрпе тігумен айналысады. Тапсырысқа қарай жастық қаптап, басқа да ұсақ-түйек тігін тігеді. Ал келер жылы халықтан жүн жинап, кәсіпті кеңейтуді көздеп отыр. Қазірдің өзінде жүн түтуге арналған екі аппарат алып қойған. Қос аппаратты қатар іске қосса, тонна жүнді әп-сәтте түтіп шығатын сияқты. Жүнді түткен соң көрпе басатын аппараты және бар. Көрпеге арналған бұлды керіп қойып, үлбіреген жүнді мөлшерлеп төсеп шығады екен. Содан соң көктеп тікті, сырып тікті... Әйтеуір, сүт пісірім мезгілде бір көрпенің жобасын жасап қойды. Айтуынша, пайдаланып отырған құрылғының бәрін өз қаражатына сатып алған. Екібөлмелі ғимаратты да өз күштерімен көтерген. Кәсіп ашу үшін берілген мемлекеттік грант 580 мың теңге. Бұл сома цех ашуға жетпегенімен, аз да болса сеп. Кейбір кәсіпкерлер грант арқылы алған ақшаны айналымға салып, шаруаларын шыр айналдырып отыр. Әрине, тапқан табыс таңдаған кәсіп көзіне байланысты.
– Біз 2008 жылы Қытайдан елге оралдық. Талдықорғанда тұрып, 2018 жылы «Еңбек» бағдарламасымен Көкпектіге қоныс аудардық. Аудан әкімдігі шақырған соң жолдасым келіп көріп кетті. Ұнады деді. Бірақ көшіп келген жылдары қиналдық. Балаларым ауырды, қысылдық... Әрине, қаржылай қолдау болды. Алайда кәсіп ашу үшін жер сұрап едік, ала алмадық. Ауылдың шет жақтарынан ғана ұсынды. Кейін өзіміз сатып алдық. Тігін цехын ашу үшін 580 мың теңге қайтарымсыз грант берді. Төртбалалы ана едім, тағы да жеңілдіктер бола ма деп ойласам, жоқ екен. Себебі бір балам кембағал, үкімет қарамағында. Сондықтан заң жүзінде көпбалалы ана емес екенмін, – дейді көкпектілік кәсіпкер Нұрилә Мақым.
Жалпы, Көкпекті ауданына 2017-2021 жылдар аралығында өзге облыстардан «Еңбек» бағдарламасы аясында 46 отбасы, яғни 171 адам қоныс аударған. Оларға мемлекет тарапынан тиісті көмек көрсетіліп, кәсіптерін дөңгелетуге бар мүмкіндік жасалған көрінеді.
Абай облысы
Көкпекті ауданы