• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Қоғам 20 Қаңтар, 2023

Малдың қамы – жанның қамы

268 рет
көрсетілді

Жазиралы Жаркентте малшылары малын қыстан шығынсыз шығару үшін табиғи жайылымдарды барынша тиімді пайдаланып, қолдағы жемшөп қорын да үнемдеу жолын қарастырып отыр. Ауданда қыс пен көктемгі мал төлдету науқанына жалпы 85 380 тонна шөп, 23 600 тонна жоңышқа, 23 мың тонна сүр­лем, 28 900 тонна сабан, 12 900 тонна пішендеме және 39 200 тонна жүгері жемі дайындалған.

Өңірде жалпы 470 мал қыс­тауы бар. Ауданда әзірлен­ген мал азығының 80 пайы­зы сол қыс­тауларға жеткізіліп, жиналған.

«Мал қыстату науқанын тұрақты бақылап отыратын ауылдық округ әкімдерінің жаны­нан арнайы штаб құрыл­ған. Оның құрамына ветеринарлар мен дәрігерлер, ІІБ қыз­меткерлері, округ әкім­дерінің мамандары сияқты жауапты тұлғалар енгізілген. Ай сайын кем дегенде екі мәрте штаб мүшелері қыстауларды аралап, мал мен малшылардың жай-күйімен танысып отырамыз», дейді аудандық ауыл­шаруашылық бөлімінің бас маманы Ермек Қонақбаев.

Өңірде кейінгі жылдары төрт түлік саны еселеп өсті. Бүгінгі таңда 284 мыңнан аса қой-ешкі, 89 мыңнан аса ірі қара, 20 мыңнан аса жылқы және 350 түйе бар. Осы орайда соңғы жылдары асыл тұқымды мал өсіретін шаруа қожалықтарының саны 10-нан 34-ке көбейгенін айта кеткен жөн.

Былтыр Талды ауылдық окру­гіндегі Нұрдәулет Най­ман­­баев 100 асыл тұқымды қал­мақ сиырын, Басқұншы ауы­лындағы Бақыт Жақыпбеков 58 «Симентал» асыл тұқымды құнажын сатып алып, қазір өз төлі есебінен көбейтіп отыр. «Көктал агро» ЖШС 1150 сауын сиырға лайықталған сүт фер­масын салып, іске қосты. Қазір мұнда Аустралиядан швед тұқымды 473 құнажын әкелініп, соның бұзаулаған 245-і сауы­лып, күн сайын 6 тонна сүт Талдықорғандағы сүт өңдеу зауытына жөнелтіледі. Осындай іс-қимыл «Ернар» ЖШҚ-да жасалады. Мұнда өткен жылы ағылшын тұқымды 523 «Jersi» сүтті сиырын әкеліп, 250-ден астамын сауып, аптасына 8 тоннадан аса сүт өткізіп отыр.

Мал шаруашылығындағы алда тұрған тағы бір маңызды мәселе – көктемгі мал төлдету науқаны. Күзде Жаркент өңірінде 130 мыңнан аса саулық асыл тұқымды қошқардан алынған ұрықпен қолдан қашырылды. Бұл саулықтар алдағы наурыз айында төлдей бастамақ.

Қорыта айтсақ, Жаркент өңіріндегі төрт түліктің қыс­тан шелді шығарына ма­ман­дар мен малшылар сенімді. «Шелді мал – төлді» дегендей, бұл да ел ырысын еселер береке бастауы.

 

Жетісу облысы