• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
29 Мамыр, 2010

БАДРИСАФА БЕЙНЕСІ

6886 рет
көрсетілді

Ахаңның жары Александра туралы белгілі жайлармен бірге беймәлім нәрселер де өте көп Өзінің ақыл-ойын да, күрескер қайсар рухын да елінің ертеңіне бағыштаған Ахаң – Ахмет Байтұрсынов түрмеге бес рет қамалған екен. Ақырында атылды. “Халық жауларының” қайсысының да отбасы, әйел, бала-шағасы қорлықты көресідей көрді. Соның ішінде Ахметтің отбасы мен туыстары шеккен зәбірдің жөні бөлек. Ахаңның асыл жары Бадрисафаны (Алек­сан­драны) да заманның қара дауылы аямады, қаңбақтай ұшырды. Ахмет тоңған суыққа ол да тоңды, Ахмет көрген азапты бірге тартты. Осы кезге дейін оның да сүйегінің қай сайда қалғаны белгісіз болып келеді. Жалпы, бүгінгі ұрпаққа Бадрисафаның бейіті ғана емес, оның өмір-деректері де анық емес. Ба­дри­сафа – Ахаңның әлі бізге беймәлімдеу жұмбағы. Оның туған жері, болашақ жарына кездесуі, жалпы адамдық келбет-кескіні, қадір-қасиеті туралы бірнеше нұсқа жазылып жүр, бірақ нақтылық аз. Ахмет Бай­тұр­сы­нов­тың 1924 және 1925 жылдары толтырған анкетасы бойынша Бадрисафаның туған жылы 1878 жылға тура келеді. Қағаз бетінде қалған дерек жоқтың қасы болғандықтан, Бадрисафаны көзі көргендердің айтқан, қалдырған естеліктері негізге алынған. Данабике Байқадамова мен Гүлнәр Дулатованың әңгімелеріне сүйенген жазушы Дүкенбай Досжанов Ахмет пен Бадрисафа Қарқаралыда танысқанда бірінің 34-те, екіншісінің 29 жаста болғанын жазады. Ахаң Қарқаралыда түрмеге түскенде Александра деген орыс қызы оған тамақ тасып, кір-қоңын жуып көмек қолын созады. Кейін арыс аға Семей түрмесіне қамалғанда да артынан іздеп барып, көмектеседі. Онда өзімен сыйластығы бар Мұхаметсадық деген татар саудагердің үйіне Ахмет әлгі өзіне тамақ тасып жүгіріп жүрген Александраны қызметші етіп орналастырады. Өзі түрмеден шыққан соң адамгершілігі мен адалдығына сүйсінген Ахаң Александраға үйленеді. Ол Мұха­мед­са­дықтың аурудан қайтыс болған Бадрисафа есімді қызының атын Александраға алып, мұсылмандыққа өткізіп, татар қызы деп некеге тұрады. Бұл жерде ақи­қаттан гөрі жазушы қиялына ерік берілген сыңайлы. Ахмет Байтұрсынов шығармаларынан алғаш ғылыми еңбек қорғаған ахметтанушылардың бірі Өмірзақ Әбдиманұлының “Өмірден көргені көп, түйгені мол, әрі өзіне үлкен азаматтық міндет жүк­теген қайраткер, кемел ақыл, кең парасат иесі өзіне болашақ жар таңдауға біздіңше, бұлай жеңіл қарамауға тиіс” деуі көңілге әбден қонады. Ахаң Се­мей, Қарқаралы өңірінде жүргенде Нәзипа Құлжановаға арнап жазған “Н.Қ-ханымға” деген өлеңінде өзінің биік тұлғасы мен парасатын ешкім ештеңе алып, қоса алмайтындай, қоладан құйғандай сомдайды. “Тағдырдан, бұйрықтан асып кетпейсің” деген қазақы түсінікке қарайласақ та, осындай интеллектуалдық биіктегі жан біреудің есігінде жүрген үй қыз­мет­ші­сі­мен көңіл жарастыра алар ма еді? Әлгіндей өзінің өмірлік мұраттарын көркем айтып берген өлеңін неге кез келген төмен етектіге, тіпті замандас жігіттердің біріне емес, тек Нәзипа Құлжановаға арнап жазды? Өйткені, сол кезде орысша-қазақша білімі бар, сұлу да, сымбатты, қазақтың аса зиялы қызы Нәзипа Ахаңның парасат таразысына сай келді. Осындай қисын тұрғысынан келсек, Ахмет үй сыпырушы, қаң­ғып жүрген жетім қыз Александраға үйлене салған жоқ, ақылын бағалаған, көркіне сүйсінген Александраға жүрегін ұсынды. Бұл жердегі тағы бір қисын, біздің Ахметтің 34 жасқа келіп, орыстың біреудің есігінде жүрген жетім қызына кезіккенше салт бас, сабау қамшы жүрді дегенге күмәнмен қарайтынымыз. Өйткені, жүрегін жаулаған Іңкәрге арнаған атақты “Аққұм”, Гүлнәр апай Ахмет атамның әні деп көрсететін, кейін “Қыз Жібек” опе­расына пай­даланылған “Қаракөз”, тағы басқа да әндер шығарған өзі ақын, өзі композитор, сері көңіл жігіттің әйел баласына икемі жоқ деуге бола ма? Ахмет Байтұрсыновтың өмір деректерін зерттеген марқұм Бай­тұрсын Ілияс Ахаң мен Бадри­сафаның Қостанай қаласынан жүз шақырымдай жердегі Әулиекөл кентінде кездескенін жазды. Оның іргесінде Аманқарағай орманы созылып жатыр. Александра Ивановна сондағы қорықшының қызы екен. Ахмет Байтұрсынов ақталған жылдары оның, Ба­дри­сафаның көзін көрген, құйынды уақыттың сұмдықтарын бастан өткерген бірсыпыра куәлардың көзі тірі болатын. Ахметтің ағасы Қалидың баласы Әмірдің келіні Нүрзипа, Ахаңмен аталас Қасымхан деген кісінің кемпірі Зибаш әжелеріміз Бадрисафаның көзін көрген жандар еді. Ол екеуі де беріде қайтты. “Ахаңды көзімен көрген, туыстықпен араласып тұрған адамдардың қай-қайсысы да Ба­дри­са­фа­ны орыс қызы еді дейді. Бадрисафаның өзін көріп, сөзін тыңдаған Нүрзипа да осылай дейді”, деп жазды Байтұрсын ағай. Ал Мұхтар Әуезов “Ахаңның елу жыл­дық тойы (юбилейі)” атты мақа­ласында 1892 жылы Ахмет Орынбор учи­тель­дік школасын 19 жасында бітірген соң алдымен “Ақтөбе уезі, Батпақты бо­лысындағы Ахметкерей Қопсыбақовтың ауы­лындағы ауылнай школаға барып оқытушы болған. Мұнда біраз уақыт болған соң Қостанай уезінде Әулиекөл деген жердегі болыстық школында екінші рет оқытушы болған. Әулие­көл­ден үшінші рет ауысып барған школы Қостанай қаласының уездік екі сы­ныф­тық орыс-қазақ школы” деп жазды. Ғалым Өмірхан Әбдиманұлы жазғандай, “Ахаңның асыл жары Бадрисафа туралы екінші желінің әңгімесін шыға­р­у­шы­ларға” ұлы жазушының мақаласындағы осы жолдар мұрындық болды ма, әйтеуір, зерттеушілер де, ұлы адамның көзін көргендер де Ахмет пен Бадрисафа Әулиекөлде табысқан деген ойға құлайды. Әулиекөлдегі көлдердің бірінің “Мұғалімкөл” (“Учительское озеро”) атануы да осы ойды орнықтыра түскендей болады. Осы көлдің жағасында жас учитель Ахмет пен қорықшының ақ сары, көк көз сүйкімді қызы Александра мәңгілікке қол ұстасады. “Әулиекөлде ұстаздық жолын жалғаған Ахаң онда да өлмес ескерткішін қалдырған. Ол–Мұғалімкөл! Халық өзінің жер-суының атын кімге қия алады? Осы Әулиекөлде Ахаң бір жылдай ғана еңбек еткен. Олжасы – Бадрисафа!” деп толғанады Ахметтің жерлесі, Торғай-Қостанай жерінің бедерін, елін бес саусақтай білген Байтұрсын ағай. Екі жас Қостанайға келген соң қазіргі қаланы ортасынан қақ бөлетін Абай даңғылы мен Павлов көшесінің қиылысында бүгінге дейін сақталып тұрған асты қызыл кірпіш, үсті ағаш екі қабатты үйді жалдап тұрады. Мұны Бәкең 90-шы жылдары “Алтын бесік” кітабын жазу барысында көзкөрген, құймақұлақ үлкен кісілерден сұрап жүріп тиянақтайды. Оның сұрастырған кісілерінің барлығының да Абай даңғылы бо­йындағы 145-үйде Ахметтің тұрғаны жөніндегі пікірлері бір бірінен алшақ кетпейді. Ахмет Троицк қаласындағы Зейнолла ишанға барып, жас келіншегі Александра Ивановнаға мұсылман дінін қабылдаттырып, некеге отырады. Мұсылманшылықтың шарты бойынша Александра Ивановна Бадрисафа Мұхамедсадыққызы деген ныспы қабылдап, Зейнолла ишанның жанында екі ай қалып, намаз үйренеді. Алматы қаласындағы қазіргі Байтұрсынов және Шевченко көшелерінің қиылысында жалғыз қабатты ағаш үй бар. Ол қазір Ахаңның табаны тиген, алақанының табы қалған ағаш үй түрколог, қазақ тіл білімінің негізін салған ға­лым­ның, еліміз тәуелсіздігі жо­лын­дағы ірі қайраткердің, ұлт ұста­зының музей-үйіне айналған. Бұл үйдің қалай музейге ай­нал­ғаны, ол тұрған жерге көзін қадаған ал­па­уыт­тар ұмты­лы­сынан әупіріммен аман қалғаны бөлек әң­гімеге желі боларлық. Рухани құндылықтар ақшаның ая­ғының астында қалған 90-шы жылдары Ахаңның қызы Шол­пан апайдың қасынан табылып, шырылдап жүріп, осы үйде Ахмет Байтұрсыновтың тұр­ға­нын дәлелдеп, көп­шіліктің игілігіне айналуына еңбек сіңірген Райхан Има­ханбетова қазір музей-үйдің директоры. Басқышынан шаңырағына дейін ұлы адамның рухы жебеп тұрғандай көрінетін қасиетті орынға мек­теп оқушылары, студенттер және ахметтанушы ғалымдар, жалпы Ахаңды пір тұтатын жандардың жиі бас сұғатыны сүйсінтті. Ахметтің немересі Айман Байсалова да жасының келіп қалғанына қарамастан, атасының рухына бас июшілерге қызмет етуден шаршамайды. Музейге Қа­зақстан Республикасына еңбегі сіңген қайраткер, профессор Күнімжан Байқадамова да жиі соғып тұрады. Күнімжан апай – Алаш ардағының бірі Байқадам Қаралдиннің қызы, белгілі композитор Бақытжан Байқадамовтың қарындасы, қазақ қыздарының арасынан шыққан тұңғыш стенографист Данабике Байқа­да­мо­ва­ның сіңілісі. Алматыға барған сапарымыздағы Бадрисафаға байланысты басты олжамыз да осы Күнімжан апай болды. Ол Ахмет пен Ба­др­и­са­фаның көзін көрген аға ұрпақ өкілі арамызда екеу болса, соның біреуі де, біреу қалса өзі. 1934 жылы жазда Ахаң мен Бадрисафа Томнан оралғанда жасы онға қарап қалған бүлдіршін қыз туған анасы Үрзипаның қасына еріп, осы үйге түнделетіп келген екен. –Онда Ахмет атам мен Бадриса апай осы үйдің жер­төле қабатында тұрады екен. Менің анам Үрзипа мен Бадрисафа айқайлап жылап көрісті. Ахмет атам кө­зіл­ді­рі­гін біресе шешіп, біресе киіп отырды, кө­зінің жасын көрсеткісі келмеген шығар. Ба­дрисафа апай далаға самаурын қойып, лездің арасында қайнатып әкелді. Оған көмектесіп, көтерісейін деген Ахмет атама “не надо, сама” деп орысша тіл қатты. Кешкі шай іштік. Мен ол кезде бала болсам да есімді біліп қал­ғанмын ғой, барлығы да күні бү­гін­гі­дей көз алдымда. Менің анам Үрзипа, Ахмет ата, Ба­дри­сафа апай үшеуі көбіне орысша сөйлесті. Менің 1930 жылы атылып кеткен әкемді еске алып жыласты. Атай бізді “түн ішінде қорқасыңдар, қонып кетіңдер” деп жі­бермеді. Түнде Ахмет атама бөлек төсек са­лын­ды да, біз Бадрисафа, мамам, үшеуміз бірге жаттық. Олар түнде ұзақ әңгімелесті, мен тыңдап жатып ұйықтап кетіппін. Бадрисафа ақсары келген, орта бойлы, әдемі әйел екен,–деп бастады әңгімесін Күнімжан апай. Ол кісі бұл жөнінде өткен жылдың аяғында жарық көрген “Бай­қа­да­мов­тар әулеті” деген деректі хикаят­тардан тұратын мемуарлық кітабында да жазған екен. –Менің анам Үрзипа Бадри­сафаның Санкт-Петербургте де, Челябі жағында да туыстары көп деп отыратын. Ахаңа беріктігі, адалдығы сондай, басына қиын-қыстау іс түскенде солардың біріне де бармай, өз ұстанымында қалды ғой. Әкесінің дәулеті мен өзінің білімге ынтасы, алғырлығы арқасында анам Санкт-Петербургтегі Бестужев курсында оқып, қазақтың алғашқы еуропаша білім алған қыздарының бірі болды. Оқудан қайтып келгесін 1904 жылы 17-ге толғанда өзіне 14 жа­сында құда түсіп қойған Бай­қа­дам­ға тұрмысқа шығады. Аласапыран заманға дейін елде әлеуметтік қам­сыз­дандыру бө­лімінің тө­райымы бо­лып қыз­мет істеп тұрды. Үрзипаның Бадри­сафамен бірге оқыдық деген сөзін мен өз құлағыммен естіген адаммын. Енді мұндай шындықты мен о дүниеге алып кет­пе­спін,–деді Күнімжан апай. –Онда Бадрисафа білімсіз болды деген пікірді де жоққа шығаратын боларсыз? –Бадрисафа апайды білімсіз болды деп кім айтып жүр? Мен шешеме еріп келгенде ол кісінің Құран, Библия туралы айтқаны есімде қалып қойыпты. Менің анам мен олардың арасындағы достықтың, сыйластықтың белгісіндей ыстық сағыныштың болғанын бала болсам да байқағанмын. Олар дастарқан үстінде бір жыласып, бір күлісіп, шер тарқатысқан еді. Мен кейде Ахаң мен Бадрисафаны анам таныстырған да болар деген ойға да қаламын. Әттең, анамның тірі кезінде мұндай әңгімелер айтылмайтын. Ол кезде заман да, мүдде де басқа болды ғой. Әйтпесе, анам 1980 жылы 93 жасында қайтты, осының барлығын сұрап алсақ айтар еді. Себебі, көзі жұмылғанша ақылы, есі кемімеген күйінде кетті емес пе. Айдаудан қайтқан Александраны Екпінді ауылына апарған ақын, аудармашы Қасым Тоғызақовтың және оның қарындасы Ағымжанның балалары қазір Алматы қаласында тұрады. Қасым ағаның үйінен оның артында қалған жазбаларын ақтару, ішінен Александра-Бадрисафаға қатысты жазып-сызып кеткені табылып қала ма, Ахаң ақталғаннан кейін қайтқан ақын балаларына ештеңе айтып кетпеді ме екен деген үміт жібін үзгіміз келмеген еді. Әттең, “Бадрисафа” экспедициясының атынан арнайы Алматыға барғанда Қасым То­ғызақовтың балаларына жолығудың сәті түспеді. Жоғарыда айтқан Ақкөл ауылының азаматы, Ахметке ағайын болып келетін Ибра­гим Ағытай “Бадрисафа” экспе­дициясының белсенді мүшесінің бірі. Оның сұрау салуымен жақында Том облысы бойынша ішкі істер басқармасынан: “Сообщаем, что проведенной проверкой архивных материалов, Байтұрсынова Шолпан Ахметовна (г.р не указано) на учете спецпоселения в Томской области не выявлено. В картотеке учета спецпоселенцев, расселенных на территории Томской области, имеется карточка в отношении Байтурсыновой Бодрисафы, 1878 г.р. Из которой следует, что Бодрисафа передано Могочинскую участковую комендатуру (так в карточке). В настоящее время это с.Могочино Молчановского района Томской области. Точный адрес места жительства и состав семьи не указаны. Сведениями о ее дальнейшей судьбе не рас­по­лагаем” деген жауап келді. Бізге Ба­дри­са­фаның Томск губерниясындағы Кривошейн ауданының Жуково деревнясында тұрғаны белгілі. Ішкі істер басқармасының берген жауабындағы бұл мекен Бадрисафа шешеміз Кривошейн ауданына барып тұрғанға дейінгі мәлімет болуы мүмкін. Оны “Бадрисафа” экспедициясының мүшелері ары қарай анықтай түсетін болады. Бадрисафа туралы айтқан сайын еліміз тәуелсіздігі үшін күрескен, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсыновтың заманынан көрген қорлығы қалыңдай түскендей болады. Ал бұл әйелдің бар “жазығы” Ахаңды сүйгені, Ахаңды күткені, оның жолында адалдықтан айнымағаны еді. Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, ҚОСТАНАЙ.