Әлемнің 25-ші ракеткасы Елена Рыбакина әлемдік рейтингегі көрсеткіштерін жақсартты. Қазақстан спортшысы әйелдер теннис қауымдастығының топ-20 LIVE-рейтингіне кіріп, 16-шы орынға тұрақтады. Қазір оның еншісінде 1945 ұпай бар, деп хабарлайды Egemen.kz.
Елена бұл нәтижеге Австралияда өтіп жатқан ашық чемпионаттың 1/8 финалында әлемнің үздік теннисшісі Ига Швентекті жеңгеннен кейін қол жеткізді.
Ол әлемнің бірінші ракеткасын алғаш рет жеңді.
«Мен Иганы қатты құрметтеймін. Ол керемет ойнайды, бүгін де жақсы ойын көрсетті. Ойын барысында сабырлы болуға тырыстым және эмоцияларымды көрсетпедім. Тәлімгер маған кейде сезімдерімді босатуға кеңес береді, мен оған жету жолындамын. Бүгін үлкен жеңіске жеттім, AusOpen ширек финалына өткеніме қуаныштымын», деп Елена Рыбакина ойыннан алған әсерлерімен бөлісті.
Енді Қазақстанның бірінші ракеткасын Латвиядан келген Елена Остапенко жартылай финалға шығу жолында күтіп тұр. Жекпе-жек 24 қаңтарға жоспарланған.