Павлодар облысы орын тепкен аумақтың ортағасырлық тарихын қарастыратын болсақ, бұл жердің шежіресі Қимақ қағанатымен тікелей байланысты. Тарихшылардың дерегінше, Қимақ бірлестігі 656 жылы Батыс Түрік қағанаты құлаған соң құрылған. Өкінішке қарай, Керекудегі көптеген көне топонимикалық атаудың сыры әлі күнге ашылмай отыр.
Биыл Ертістің бойын ен жайлаған Павлодар өңірінің облыс ретінде құрылғанына 85 жыл толып отыр. Осы ретте Потанин атындағы тарихи-өлкетану музейінде Ертіс-Баян өңірінің әкімшілік-аумақтық құрылысының жалпы тарихын және елді мекендер атауларының өзгерісін қамтитын деректі көрме ашылды.
Келушілерге аталған музейде және өңірдегі мемлекеттік мұрағат қорларында сақталған ескі карталар, қаулылар мен шешімдер, топонимикалық географиялық жер атауларының тізімдері бар құнды кітаптар мен қолжазбалар ұсынылды.
Теріскейде Ресеймен шектесетін Кереку жұрты үшін көне атаулардың сырын ашу, тарихи атауларды қайтару өте маңызды мәселе екені әмбеге аян. Потанин атындағы тарихи-өлкетану музейіндегі өлке тарихының ғылыми зерттеуін қамтамасыз ету бөлімінің басшысы Рүстембек Қалымқұлов аймақтың әкімшілік-аумақтық құрылысының жалпы тарихы және елді мекендер атауларына қатысты ұзақ жылдардан бері ізденіс үстінде жүргенін айтады. Оның сөзінше, Павлодар облысының әкімшілік басқарылуы мен аумақтық құрылысы 1822 жылғы үш әкімшілік аумақтық құрылым: округ, болыс, ауылдарды ұйымдастыруды қарастыратын «Сібір қырғыздары туралы» Жарғы негізінде жүзеге асқан. Соның негізінде 1833 жылы Баянауыл сыртқы округі құрылды. Ал 1868 жылы «Старшиндардың жерді бірігіп пайдалануы», «Қыстық қоныстарының көршілес орналасуы» жағдайларына сәйкес әкімшілік аумақтық реформа жүзеге асып, облыс орталығы Семей қаласы атала отырып, Павлодар үйезі пайда болған. Үйезге қарасты рулық атаулар жер-су аттарымен алмастырылған. Ал әкімшілік-аумақтық құрылымды түбірімен қайта құру жұмыстары кеңес өкіметі жылдарында қолға алынды. 1920-1921 жылдары Семей облысына губерния мәртебесі беріліп, Павлодар үйезі өзгеріске ұшыраған. Нәтижесінде, бұл жерде 62 болыстық орналасады. Кейін келе әкімшілік аумақтар өзгертіле отырып, Павлодар облысы 1938 жылы 15 қаңтарда құрылады.
– Облысымыздың құрылуы мәселесін қозғағанда өңірдің көне тарихынан бастап бүгінге жеткен құрылымына қатысты көптеген сұрақ туындайды. Ата-бабаларымыз қоныс тепкен елді мекен атаулары тарихи кезеңдерді өткерді. Енді тарихи атауларды неге қайта жаңғыртпасқа? Әсіресе, облыс атауына байланысты көкейімізде сан сауал жүр. Ғалымдарымыздың зерттеуі бойынша бұл жерлерде Қимақ дербес мемлекеті болғандығы туралы дәлелденген. Араб тарихшысы Әл-Идрисидің мәліметі бойынша қимақтарда 16 қала болған. Олар таулы, жазық, көлді, табиғи байлығы мол құнарлы жерлерде орналасқан. Бүгінгі археологтер балбал тастар арқылы ата-бабаларымыздың жазбалары болғандығын, жалпы мәдениеті дамыған мемлекет болғанын айғақтап отыр. Осы деректерді жас ұрпаққа кеңінен танытып, өлкетану бағытында көп шаруа атқаруымыз қажет, – дейді Р.Қалымқұлов.
Жалпы, бүгінде Павлодар облысының Железин, Успен, Тереңкөл, Шарбақты, Ертіс аудандарында жер-су атауларына қатысты мәселе баршылық. Бұл жерлерге кезінде Ресей империясының бекіністері пайда болуымен және кеңес өкіметі жылдары тың игерудің легімен өзге ұлт өкілдері көптеп қоныстанды. Сәйкесінше бұрынғы жер атаулары өзгеріске ұшырап, тарихи атаулардың көбі ел аузында мүлде сақталмай қалған. Мәселен, Железин ауданының атауына қатысты тарихшылардың пікірі екіге жарылады. Аймақтағы өлкетанушылардың бірқатары Железин – «Желөзен» деген қазақ атауынан шыққан, кезінде өзге ұлттың зерттеушілері оны бұрмалап жазып жіберген болуы мүмкін дейді. Жеңіс Марданов атындағы өлкетанушылар қоғамының мүшесі Мұрат Багжиков бұл пікірмен келісіп отыр. Ақсақал аудан орталығында Железин (Желөзен) атты өзен бар екенін, өңірдегі желдің негізгі бағыты осы өзен бағытынан соғатынын ауа райын болжаушылар баяғыда негіздеп бергенін айтады. Сондықтан орыс тіліне бейімделіп жазылып кеткен мұндай атауларды қайта қарап, мүмкіндігі болса қазақы көне атауларды қайтару мақсат етілуде.
Атап өтерлігі, облыстың 85 жылдығына орай «Ertis» мультимедиялы музейінде «Киелі елім – қасиетті жерім!» атты көрме де ұйымдастырылды. Музей басшысы Гүлжайнат Әлиева атап өткендей, мұнда мекеме қорындағы белгілі фотограф Д.Багаевтың, фотожурналист В.Бугаевтың және өзге де авторлардың тарихи фотосуреттері қойылған. Барлығы 50-ге жуық экспонатта Павлодар қаласы мен облысының құрылу тарихы баяндалған. Өңір шежіресінен сыр шертетін құжаттар арасында 1978 жылы Қазақстан компартиясы ұсынған түрлі деректемелер бар. Аймақ экономикасы мен өнер-мәдениетіне еңбегі сіңген тұлғалар жайында да көптеген қызықты жәдігерді тамашалауға болады.
Павлодар облысы