ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Италияда қайтыс болған 27 жастағы Салерно университетінің докторантура студенті Әсем Жарбосынның денесі аптаның соңына дейін Қазақстанға жеткізілетінін хабарлады, деп жазады Egemen.kz.
Айбек Смадияров Сыртқы істер министрлігі шетелде қиын жағдайға тап болған азаматтарымызға көмек көрсету үшін қаражат қарастырғанын айтты.
Оның айтуынша, форс-мажор немесе күтпеген жағдайлар болған жағдайда барлық шығындарды мемлекет төлейді.
«Өткен аптада қайғылы оқиға болды. Біздің азаматша жол-көлік оқиғасы салдарынан қайтыс болды. Әсем Жарбосынның туыстары бізге өтініш білдіріп, марқұмның денесін елге жеткізуді сұрады. Қазір бұған қаражат бөлініп жатыр. Құжаттар жақын арада ресімделеді, менің ойымша, марқұмның денесі аптаның соңына дейін Қазақстанға жеткізіледі», деді Айбек Смадияров.
Еске сала кетсек, 17 қаңтарда Италияда Салерно университетінің докторантурасында оқыған 27 жастағы студент Әсем Жарбосын жол-көлік оқиғасы салдарынан қайтыс болды. Қызды Верди театрының жанында 20 жастағы Peugeot 308 жүргізушісі қағып кеткен.