Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың былтырғы Жолдауда айтқан тағы бір тапсырмасының ойдағыдай орындалғанына куә болдық. Дәлірек айтсақ, кеше өткен жылдың 1 қыркүйегіне дейін елімізге әкелінген шетелдік көліктерді заңдастыру басталды. Осылайша, жүздеген жүргізушінің жанын жеген маңызды мәселенің түйіні тарқай түсті.
Ел Президенті Жолдауда шетелдік көліктерге қатысты мәселеге назар аударғаны есімізде.
– Кейбір жақын шетелдерден әкелінген автокөліктерге қатысты түйткілдер баршаға мәлім. Заң аясынан тыс қалып отырған мұндай көліктер қоғамдық қауіпсіздікке қатер төндіруде. Заңсыз көлік әкелетін амал-тәсілдің бәріне тосқауыл қою үшін батыл шаралар қабылдау қажет. Ал биылғы 1 қыркүйекке дейін елге әкелінген автокөліктерге қатысты ахуалды реттеу керек. Оларды заңдастыру мақсатында утилизация және алғашқы тіркеу үшін төленетін қаржы көлемін 200-250 мың теңгеден асырмай, бәріне бірдей және бір реттік алым алуды ұсынамын. Бұл – іздеу салынбаған және кеден рәсімдерінен өткен көліктерге ғана қатысты шара, – деген болатын Мемлекет басшысы.
Президенттің тапсырмасынан кейін көлік жүргізушілері үніміз жоғарыға жетті деп қуанған еді. Солардың қатарында алматылық Сейілбек Олжабеков те бар. 39 жастағы тұрғын кеше шетелдік көлікті заңдастырған алғашқы тұрғын атанды. Ол тақымындағы Toyota Alphard-ты 2019 жылы Армениядан әкелген екен.
– Көпбалалы әкемін. Табысымды дәл осы көлікпен табамын. Жолаушылар тасымалдаймын. Мемлекеттің мен секілді жүргізушілер бетпе-бет келген мәселеге назар аударғанына қуаныштымын. Бүгін алғашқылардың бірі болып көлігімді заңдастырдым. Бұл – халыққа берілген тамаша мүмкіндік, – дейді Сейілбек Олжабеков.
Осы орайда «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы шетелдік автокөліктерді заңдастыру жұмыстарын жылдам әрі дұрыс орындаудың тиімді тетіктерін ұсынды. Ол үшін ең алдымен көлік иесі eGov.kz порталы арқылы деректерді тексеруге өтініш беруі қажет. Мұны дербес компьютер арқылы істеуге болады. Компьютер жоқ болса, еліміздің кез келген Халыққа қызмет көрсету орталықтарындағы өзіне-өзі қызмет көрсету секторы арқылы өтініш беруге мүмкіндік бар. Бұл ретте аталған қызметті екінші деңгейлі банктердің қосымшалары («Kaspi», «HomeBank») арқылы алу тетіктері пысықталып жатқанын еске саламыз. Сондай-ақ автокөліктің тіркеу деректері қатесіз толтырылуы қажет.
Берілген өтінімді Ішкі істер министрлігі қарайды. Көлік иесінің жеке кабинетіне өтініштен бас тарту туралы хабарлама келсе, себебін білу үшін Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтарына барудың қажеті жоқ. Дұрысы тікелей мемлекеттік органға хабарласқан абзал. Ал өтініш қабылданған болса, автокөлікті тексеру үшін Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығына онлайн кезекке тұру қажет. Ол үшін мәртебе парағында «кезекке тұру» батырмасын басып, мекенжайлар тізімінде көрсетілген орталықтардың бірін таңдап, соныңда күні мен уақытын белгілеу керек. Алдын ала онлайн кезекке тұрмаған жағдайда, азаматтарға қызмет көрсетілмейді. Осыны қаперде ұстаған абзал.
Заңдастыруға рұқсат алған автокөлікті Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығының тексеру пунктіне белгіленген уақыттан 20 минут бұрын әкелу керек. Талонды тексеру пунктінде немесе Халыққа қызмет көрсету орталығының мобильді қосымшасы арқылы алуға болады.
Тексеруді толық өткеннен кейін, автокөлікті тіркеу үшін Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығының ғимаратына өту керек. Одан әрі қызметкерге автокөлікке меншік құқығын растайтын құжаттың түпнұсқасын және көліктің шетелдік техникалық паспортын тапсыру маңызды. Осыдан кейін алғашқы тіркеу үшін 200 мың теңге, техпаспорт үшін мемлекеттік баж (4 313 теңге), мемлекеттік нөмір үшін 9 660 теңге мөлшерінде қаржы төлейсіз. Төлемді QR арқылы орталықта төлеуге мүмкіндік бар. Төлем жүргізілгеннен кейін сол күні көлік иесіне техникалық паспорт және Қазақстан Республикасының мемлекеттік нөмірлік белгілері беріледі.
Өздеріңіз білетіндей, шетелдік автокөліктерді заңдастыру жұмыстары бір реттік акция ретінде ұйымдастырылып жатыр. Бұл ережелер 2023 жылдың 1 шілдесіне дейін күшінде болады және жеңіл автокөліктерге, шағын, орта автобустарға (толық салмағы 5 тоннаға дейін) және шағын жүк автокөліктеріне (толық салмағы 3,5 тоннаға дейін), оның ішінде басқару органдарының оң жақта орналасуына қатысты қолданылады. Тіркелетін шетелдік автокөліктерге жасына және экологиялық сыныбына талаптар қойылмайды.
Өткен жылдың қазан айында Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов 2022 жылдың 1 қыркүйегіне дейін елімізге 300 мыңнан аса шетелдік көлік келгенін айтқан еді.