Кеше Орталық сайлау комиссиясы 2023 жылы 19 наурызда өтетін Мәжіліс пен мәслихаттар депутаттарын сайлау мәселелеріне қатысты кезекті отырысты ұйымдастырды.
Ортсайлауком төрағасы Нұрлан Әбдіров сайлаушылар тізімдерін жасау және онымен жұмыс істеу сайлау үдерісінің маңызды элементі екенін атап өтті. Себебі азаматтар осы тізім негізінде сайлауда дауыс беруге қатысуға конституциялық құқығын жүзеге асырады. Сондықтан Орталық сайлау комиссиясы сайлаушылардың толық тізімін жасау мәселесін сайлауға дайындық жұмысының маңызды бағыттарының бірі ретінде қарастырады.
Бұл науқанның ерекшелігі – республиканың барлық аумағында, сондай-ақ аумақтық сайлау округтері шегінде өкілді органдардың депутаттарын сайлауды бір мезгілде өткізу. Осыған байланысты уәкілетті органдардың алдында азаматтарды тіркеу орны бойынша сайлаушылар тізімдерінің толықтығы мен дұрыстығын қамтамасыз ету және оларға азаматтардың өтініштері негізінде әрбір сайлау округі шегінде заңнамада белгіленген тәртіппен өзгерістер енгізу міндеті тұр.
Әкімдер келіп түскен барлық өтініштерді ескере отырып, сайлаушылардың дұрыс және өзекті тізімдерін қалыптастыруды қамтамасыз ету бойынша барлық түбегейлі шараларды қабылдауы қажет.
Ортсайлауком төрағасының орынбасары Константин Петров Парламент Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының бір мезгілде өткізілетін сайлауын ескере отырып, сайлаушылар тізімін жасау мәселесін құқықтық реттеуге және осы үдерістің ерекшеліктеріне егжей-тегжейлі тоқталды. 2023 жылғы 1 қаңтардағы мәлімет бойынша республика сайлаушыларының тізіміне белсенді сайлау құқығы бар 11 млн 976 мың 406 азамат енгізілді. Азаматты сайлаушылар тізіміне енгізу үшін оның сайлау учаскесінің аумағында тұрғылықты жері бойынша тіркелуі, азаматтардың жергілікті атқарушы органға сайлаушылар тиісті тізіміне енгізу жөнінде жазбаша өтінішпен жүгінуі назарға алынады.
Уақытша тіркелген азаматтар; тіркеусіз азаматтар, сондай-ақ сайлауға дейін отыз күннен кешіктірмей оның тіркелген жері бойынша дауыс беруге арналған үй-жайға сайлау күні келуге мүмкіндігі болмайтыны белгілі болған сайлаушы сайлау тағайындалған сәттен бастап тиісті жергілікті атқарушы органда сайлаушы ретінде тіркелуге құқылы. К.Петров сайлаушылардың жекелеген санаттарын – уақытша тіркелген азаматтарды, студенттерді, вахта әдісімен жұмыс істейтіндерді, әскери қызметшілерді, тіркеусіз азаматтарды сайлаушылар тізіміне енгізу мәселесіне ерекше назар аударды. Орта арнаулы және жоғары оқу орындарында, сондай-ақ жатақханаларда тұратын күндізгі оқу нысанында жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің кәсіптік оқу бағдарламалары бойынша білім алушылар жатақхананың орналасқан жері бойынша сайлаушылар тізіміне енгізіледі. Жергілікті атқарушы органдар өңірлер оқу орындарының басшыларымен бірлесіп студенттерге болу орны бойынша дауыс беруге мүмкіндік беруі қажет. Вахталық әдіспен жұмыс істейтін азаматтар да жазбаша өтініштер негізінде сайлаушылар тізіміне енгізілуі мүмкін. Вахталық әдіспен жұмыс істейтін азаматтардың тұратын жері бойынша дауыс беруге мүмкіндік беру жөнінде алдын алу шараларын қабылдау қажет. Олар сондай-ақ жазбаша өтініштер негізінде сайлаушылар тізіміне енгізілуі және Мәжіліске бірыңғай жалпыұлттық сайлау округі бойынша, сондай-ақ егер осы аймақта тіркелген болса, бір мандатты аумақтық сайлау округі бойынша дауыс беруі мүмкін.
Әскери бөлімдерде сайлаушылар тізіміне ондағы әскери қызметшілердің барлығы, сондай-ақ олардың отбасы мүшелері және әскер бөлiмдерi орналасқан жерлерде тұратын басқа да сайлаушылар енгiзiледi. Әскер бөлiмдерiнен тыс жерлерде тұратын әскери қызметшiлер сайлаушылар тiзiмiне тұрғылықты жерi бойынша жалпы негiзде енгiзiледi. Әскери бөлімдердегі сайлаушы-әскери қызметшілердің, сондай-ақ олардың отбасы мүшелері және әскер бөлімдері орналасқан жерлерде тұратын басқа да сайлаушылар тізімдері әскери бөлімдер командирлері ұсынатын мәліметтер негізінде жасалады.
Азаматтарды сайлаушылар тізіміне енгізу туралы жазбаша өтініштері тиісті әкімдіктерге осы жылдың 17 ақпанына дейінгі мерзімде, яғни дауыс беру күніне отыз күн қалғанда ұсынылуға тиіс. Жергілікті атқарушы органдар азаматты өзі дауыс беретін учаскенің сайлаушылар тізіміне енгізуді қамтамасыз етеді және азаматты тіркеу орны бойынша сайлаушылар тізімінен шығаруды ұйымдастырады.
Дауыс беру күніне 15 күн қалғанда, яғни 4 наурыздан кешіктірмей азаматтардың тұрғылықты жері бойынша құрылған сайлау учаскелері бойынша сайлаушылардың тізімдері сайлаушыларға танысуға ұсынылады. Азаматтарға тиісті сайлау комиссияларының үй-жайларында сайлаушылар тізімдерімен танысу, оларға енгізілген сайлаушылар туралы деректердің дұрыстығын тексеру мүмкіндігі қамтамасыз етіледі. Әрбір азамат сайлаушылар тізіміндегі өзі туралы деректерді тексеруге және тізімге енгізілмегеніне, дұрыс енгізілмегеніне немесе тізімнен шығарылмағанына, сондай-ақ тізімде сайлаушы туралы деректерде жіберілген дәлсіздіктерге шағымдануға құқылы. Өзіңізді тіркеу орны бойынша сайлаушылар тізіміне енгізуді тиісті әкімдіктің сайты немесе Call-орталығы арқылы тексеруге болады.
Сайлау туралы Конституциялық заңда көзделген өкілеттіктерге сәйкес өңірлердің жергілікті атқарушы органдары мен сайлау комиссияларына тапсырмаларды қамтитын «Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі мен мәслихаттары депутаттарының 2023 жылы 19 наурызға тағайындалған кезектен тыс сайлаудағы сайлаушылар тізімімен жұмысты ұйымдастыру туралы» Ортсайлауком қаулысы қабылданды.
«Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі мен мәслихаттары депутаттарын сайлау жөніндегі науқан кезеңінде сайлау комиссияларының мүшелерін және басқа да сайлау үдерістеріне қатысушыларды оқытуды ұйымдастыру туралы» екінші мәселе бойынша Ортсайлауком мүшесі Сәбила Мұстафина баяндама жасады. Ол сайлау жүйесі кадрларының кәсібиленуін, сондай-ақ заңнаманың жаңа нормаларына сәйкес өтетін ағымдағы сайлау науқанын ескере отырып, Орталық сайлау комиссиясы қызметінің бірінші кезектегі бағыты сайлау үдерісіне қатысушылардың барлық санаттарының құқықтық сауаттылығы мен сайлау мәдениетін арттыру болып табылатынын хабарлады.
Осыған байланысты ол электоралды оқыту бойынша тиісті жоспарды ұсынды, оған сәйкес бірінші кезекте барлық деңгейдегі сайлау комиссияларының мүшелерін келесі бағыттар бойынша әртүрлі нысандарда даярлау және оқыту көзделген: бейнеконференц-байланыс режимінде сайлау науқанының нақты кезеңдері мен бағыттарының өзекті мәселелері бойынша аумақтық, округтік сайлау комиссиялары үшін Ортсайлауком онлайн семинар-кеңестері; комиссия мүшелері мен аппарат қызметкерлері өңірлерде өткізетін көшпелі оқыту және инспекциялық семинар-кеңестер. Аталған іс-шаралар шеңберінде сайлау комиссиялары іскерлік ойын нысанында «Дауыс беру күні» тренингтерін ұйымдастыруға тиіс: қашықтықтан оқыту және тестілеу. Сайлау жүйесі, округтік комиссиялардың құрылуын ескере отырып, барлық деңгейдегі сайлау комиссияларының 86 мың 440 мүшесін қамтитынын ескерсек, оқытудың бұл түрі өте ыңғайлы; Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының өңірлік филиалдары базасында сайлау комиссияларының мүшелеріне арналған семинарлар; төмен тұрған аумақтық, округтік және учаскелік сайлау комиссиялары үшін облыстардың және республикалық маңызы бар қалалардың АСК мүшелерінің көшпелі оқыту семинар-кеңестері мен тренингтері; Қазақстан Республикасының шетелдегі өкілдіктері жанынан құрылған 69 учаскелік сайлау комиссиясының мүшелері үшін Сыртқы істер министрлігі және Астана қаласының аумақтық сайлау комиссиясының қолдауымен семинарлар.
Электоралды оқыту жүйесінің әдіснамалық негізі сайлау жүйесінің барлық деңгейлері бойынша сайлау үдерісін ұйымдастырушыларды даярлаудың ОСК енгізілген каскадтық әдісі болып табылады, ол алдыңғы науқандар барысында өзінің тиімділігін көрсетті. Бірінші кезеңде өкілеттіктерін кәсіби тұрақты негізде жүзеге асыратын аумақтық сайлау комиссияларының мүшелері жан-жақты оқытылатын болады. Екінші кезеңде аумақтық, округтік сайлау комиссияларының мүшелері, учаскелік сайлау комиссияларының төрағалары, төрағалар орынбасарлары мен хатшыларын оқытады. Үшінші кезеңде учаскелік сайлау комиссияларының мүшелері шеберлігін арттырады. «Hard skills», яғни кәсіби дағдыларды, сайлау заңнамасын білуді жетілдіру ғана емес, сонымен қатар «soft skills» – сайлау үдерісіне қатысушылармен қарым-қатынас жасау, белгісіздік жағдайында және ықтимал сыни жағдайларда жедел шешім қабылдау құзыреттерін дамыту маңызды болып табылады. Бұл дағдыларды жетілдіру «заңды, ашық, әділ сайлау» өткізудің негізгі субъектілері ретінде барлық деңгейдегі сайлау комиссияларының жұмысын жақсартуға, әлеуетін дамытуға мүмкіндік береді. Оқытудың әдістемелік базасы ретінде Мәжіліс және мәслихаттар депутаттарын сайлау жөніндегі сайлау заңнамасының жаңалықтары ескерілген Оқу-әдістемелік кешен пайдаланылады. Олар өткен сайлау науқандарында орын алған сыни жағдайларды талдай отырып, жаңа кейстермен толықтырылады. Дауыс беру күні учаскелік сайлау комиссиялары мүшелерінің жұмысы туралы, интернет-ресурста қолжетімді болатын оқыту фильмі, сондай-ақ науқан кезеңінде ұйымдастырушылық-құқықтық рәсімдер бойынша барлық деңгейдегі сайлау комиссиялары мүшелеріне арналған әдістемелік құралдар дайындалады. Сондай-ақ науқан аясында Ортсайлауком онлайн және офлайн режимде: саяси партиялардың өкілдеріне; сайлауалды штабтардың өкілдеріне; кандидаттар мен саяси партиялардың сенім білдірілген адамдарына; мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қорғау бойынша қоғамдық ұйымдардың өкілдеріне; жергілікті атқарушы органдарына қарасты қаржы қызметкерлеріне; өңірлік колл-орталықтардың қызметкерлеріне; прокуратура және құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне арналған оқыту семинарларын ұйымдастырады.
Ақпарат және қоғамдық даму министрлігімен бірлесіп, алдыңғы науқандардағы тәжірибе қолға алынып, сайлауды бақылауды жүзеге асыруға бағытталған республикалық, өңірлік бұқаралық ақпарат құралдарының, сондай-ақ қоғамдық бірлестіктер мен өзге де коммерциялық емес ұйымдардың өкілдері үшін семинарлар ұйымдастырылатын болады. Әдістемелік сүйемелдеу мақсатында сайлау үдерістерінің құқықтық рәсімдерін түсіндіретін саяси партияларға, кандидаттарға, БАҚ-қа, сенім білдірілген адамдарға, мүгедектігі бар адамдарға, халықаралық ұйымдар мен шет мемлекеттердің байқаушыларына арналған әдістемелік құралдар әзірленіп, ОСК интернет-ресурсында орналастырылатын болады. Бұдан басқа, ақпараттық, түсіндіру және жұмылдыру сипатындағы сайлау үдерісіне қатысушылар үшін аудио, бейнероликтер мен өзге де көрнекі өнімдердің үлкен көлемі дайындалады.
Отырыс барысында Денсаулық сақтау вице-министрі – Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Айжан Есмағамбетова кезектен тыс сайлауда Мәжіліс пен мәслихаттар депутаттығына кандидаттарды ұсыну кезінде короновирустық инфекцияның таралуының алдын алу шаралары туралы хабардар етті. Ол республикада коронавирус инфекциясы бойынша эпидемиялық жағдай тұрақты екенін айтты. Соңғы екі аптада сырқаттанғандардың саны азайған. Тәулігіне COVID-19-ға ПТР-дің оң нәтижесімен 120 жағдайға дейін және COVID-19-ға ПТР-дің теріс нәтижесімен 10 жағдайға дейін тіркеледі. Алдыңғы аптамен салыстырғанда соңғы аптада сыртқаттанушылық деңгейі 1,7 есеге (782 жағдайдан 461 жағдайға дейін) төмендеді. Эпидемиялық жағдайды бағалау матрицасына сәйкес республика және барлық өңірлер жасыл аймақта тұр. Сонымен қатар 7 өңірде (Шымкент қаласы, Алматы, Атырау, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Маңғыстау, облыстары) R көрсеткіші бірден жоғары. Осыған байланысты Бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің қаулысына сәйкес R көрсеткіші 1 жоғары болған кезде адамдар көп жиналатын орындарда маска тағу ұсынылады.
Республикада коронавирус инфекциясы бойынша ағымдағы жағдайды, сондай-ақ ЖРВИ және тұмаумен сырқаттанушылық бойынша эпидемиялық маусымның ағымын ескере отырып, кандидаттарды ұсыну жүргізу кезінде: кандидаттарды ұсыну бойынша съездер мен конференциялар өткізу кезінде кең үй-жайларды пайдалану; үй-жайларда үздіксіз жұмыс істейтін желдету/ауаны баптау жүйелерінің болуы; R көрсеткіші бірден жоғары аймақтарда маска кию режимін сақталуын қамтамасыз етуге назар аударылады.
Отырыс соңында Нұрлан Әбдіров өңірлердегі санитарлық-эпидемиялық жағдайды ескере отырып, бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің ұсынымына сүйене отырып, сайлау үдерісіне қатысушылардың осы сайлау үдерісі кезеңінде санитарлық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қажетті шараларды ұйымдастыру қажеттігіне назар аударды.