Адам өз уақытын тиімді жұмсаған сайын жұмыс өнімділігі де арта түседі. Ал бұған мазасыздық, күйзеліс пен тамақтанудың бұзылуы да кері әсер етеді. Мұндай жағымсыз күйге түспес үшін мінез-құлықты өзгертудің маңызы зор. Ал сіз өнімді өмір сүруге кедергі келтіретін психологиялық кешендерді когнитивті мінез-құлық терапиясымен шешуге болатынын білесіз бе?
Когнитивті мінез-құлық терапиясы дегеніміз не және оның көмегі қандай? Адам өмірге және өзіне деген көзқарасты өзгерту, теріс ойлардан арылу арқылы өміріне оң өзгеріс енгізе алады. Ол үшін логикалық қателіктерді, когнитивті бұрмалануларды өз бойыңыздан таба білуіңіз керек. Мәселен, мазасыздық АҚШ-тағы ең көп таралған психикалық денсаулық жағдайына жатады. Американың Мазасыздық және депрессия қауымдастығының мәліметінше, ондағы адамдардың 37 пайызы осы мазасыздықтан ем алады екен. Мамандардың айтуынша, мазасыздықты тез жою мүмкін емес. Дәрі-дәрмектер емдеудің бір бөлігі саналғанымен, онымен күресуге когнитивті мінез-құлық терапиясының тиімділігі дәлелденген. Бұл терапия эмоционалдық бұзылулардың кейбір түрлеріне қысқамерзімді емдеу нұсқасын іздейтін адамдар үшін де қолайлы. Ал ең үлкен артықшылықтарының бірі клиенттерге пайдалы дағдыларды дамытуға көмектеседі.
С.Ж.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ Жедел медициналық көмек көрсету кафедрасының мұғалімі, GlobalMed компаниясының директоры, терапевт Нұрила Бердуаш когнитивті мінез-құлық терапиясы адамның ойы, сезімі мен мінез-құлқы арасындағы байланысты зерттейтін психотерапияның бір түрі және терапияны психосоматолог пен психотерапевт мамандар жүргізетінін айтады. Сондай-ақ ол терапия кезінде дәрігер «сау емес немесе дұрыс емес» ойлау үлгілерін және өзін-өзі жоққа шығаратын сенімдер мен мінез-құлықтарды анықтайтынын және белсенді өзгерістерді қалпына келтіру мақсатында жұмыс істейтінін алға тартады.
– Когнитивті терапияның ерекшелігі – психотерапевт науқасқа дұрыс ойлауды үйретпейді, керісінше науқаспен бірге үйреншікті ойлау түрі көмектесе ме, әлде кедергі келтіре ме, соны бірге анықтауға тырысады. Барлық уақытта пациент терапияға белсенді қатысып, үй тапсырмасын орындауы және бұл процеске жауапкершілікпен қарауы керек. Осы арқылы дәрігер науқас немесе терапияға мұқтаж адамды шытырман, қорқынышты, болашаққа деген күмәнді ойларды жеңуге көмектеседі. Терапияның негізгі мақсаты кез келген жағдайда ауыр күйзеліске түсіп кетуден сақтайды және күйзелістен тез шығуға ықпал етеді. Емдеу процесінде психотерапевт науқасқа практикалық мәселелерді шешуге, яғни ойлардың эмоция мен мінез-құлыққа әсерін анықтау, автоматты жағымсыз ойларды анықтау және оларды бақылау, қате танымдарды, ойларды неғұрлым ұтымды ойлармен ауыстыруға көмектеседі, – деді Нұрила Бекбосынқызы.
Ал ғалымдардың айтуынша, ауыр мазасыздық, клиникалық депрессия, психотерапияны тек дәрі-дәрмектің көмегімен емдеудің қиын екенін айтады. Бірақ когнитивті мінез-құлық терапиясы мәселені оңай шешуге үйретеді. Яғни терапевт сізге эмоциялардың түрлерін ажырата білуге, санаңыздың олардың арасында қалай ауысатынын түсінуге және позитивтерге назар аударуға көмектеседі. Мысалы, сізді салтанатты кешке шақырды. Сізде «Бүгін сүйікті сериалдың жаңа эпизоды шығады, жіберіп алғым келмейді. Үйде болғаным дұрыс. Кешке барсам, достарым тағы да тілек айтуға мәжбүр етеді. Не тілек айтарымды білмеймін, олар маған тағы да күледі» деген теріс ой келуі мүмкін. Мұндай жағымсыз ойлар мүлдем басқа эмоцияларға әкеледі. Дұрыс таңдау жасау адамның өзіне байланысты. Осындай мазасыздықты сезіне бастағанда бірден дұрыс ой қалыптастырған жөн. Мұндай жағдайда «мені күлкі етеді» деген теріс тезис мәселені қиындатады. Мұндай қобалжуларды когнитивті мінез-құлық терапиясы анықтайды. Егер психологиялық мәселеңіз аз болса, дәрігермен екі-үш кездесудің өзі жеткілікті. Психотерапевпен онлайн кездесудің өзі жүзбе-жүз кездескенмен бірдей екенін айтады мамандар.
Иә, мазасыздықты әр адам әртүрлі дәрежеде бастан кешіреді. Қатты алаңдаушылық, қорқыныш, сағыныш сезімдері көбінесе теріс ойлардан туады. Сондықтан қандай жағдайға тап болсаңыз да, сабырмен позитивті ойлай білсеңіз, оның да денсаулыққа берер пайдасы мол.