Атышулы қаржы пирамидасы алданғандардың ақшасын қайтарып жатыр. «Қайтқан малда қайыр бар» десек те, өкінішке қарай, жұртты зар илетіп кеткен қаржы пирамидаларына алданып жүргендер әлі де бар. Таныс туыстарымыздың арасынан да мұндай алаяқтардың ықпалына астындағы көлігін, үстіндегі үйін сатып кіріп кеткендер табылады. Тіпті ана дүниеге қайғыдан қаржы пирамидаларына салған миллион қарызымен аттанып кеткендерді білеміз. Сонда мұның атын қарапайым түйсіксіздік дейміз бе, әлде дүниеқоңыздық адамның екі көзін байлап қоя ма?
Қаржы алаяқтарын ауыздықтауға қатысты жақсы жаңалықтарды алға тартпас бұрын, оның түрлері көбейгенін, «жетіліп», тіпті әлеуметтік желілерге, телеарналарға шығып кеткенін елдің қаперіне салып отыру – парыз. Қазір адамдар жоғарыдағыдай жайттармен бетпе-бет келген жағдайда, сол мезетте компанияларда қаржы пирамидасының белгілерінің бар-жоғын тексере алады. Яғни Қаржылық мониторинг агенттігі өздері әзірлеген Telegram мессенджеріндегі азаматтарға қаржы пирамидаларына тартатын алаяқтардың әрекеттерінен қорғануға көмектесе алады деген ресми ақпарат таратып отыр.
Пайдаланушыға компанияның, ұйым сайтына, Instagram парақшасына, Vkontakte тобына немесе Telegram арнасына https://internet.zzz (com, ru, kz және т.б.) немесе интернет.zzz (com, ru, kz және т.б.) форматта сілтеме енгізу жеткілікті. Сонымен қатар сізге табысқа кенеліп қаласыз дейтін компанияны БСН арқылы тексеруге болады. Іске қосудың бірінші кезеңінде Telegram мессенджерінде бір аккаунттан тәулігіне 5 реттен көп сұрау жіберу мүмкін емес.
Қаржылық мониторинг агенттігі өткен жылы қаржы пирамидаларын ұйымдастыру фактісі бойынша 85 қылмыстық істі аяқтаса, биыл 29 қаржы пирамидасы ауыздықталды деген мәлімет таратып отыр. Қылмыстық 15 іс бойынша үкім шығарылып, 23 адам сотталған.
Қайтарылған қаржы – 300 миллион теңге
Елді қуантатын ең басты жаңалық – осыдан бірнеше жыл бұрын атышулы «B2B Jewelry» қаржы пирамидасына алданған салымшылардың ақшасы қайтарылып жатыр. Бүгінге дейін 230 адамның 300 миллион теңгеден аса қаржысы өтелген. Бұл туралы Алматы қалалық экономикалық тергеу департаменті мәлімдеді.
Естеріңізде болса, «B2B Jewelry» компаниясы алғашында зергерлік бұйымдар сататын дүкендер желісі ретінде танылған болатын. Алматы қалалық экономикалық тергеу департаменті өзгелерге де сабақ болсын деп, өз келісімдерімен осы пирамида құрбандарының аты-жөндері мен байланыс телефондарын берген еді.
Алдағы уақытта алтын-күміске көміліп қаламын деп ойлаған сондай құрбандардың бірі Ақмарал Асқарова да компанияның уәдеге толы жарнама қағаздарын алып, кейіннен сан соғып қалатыны ол кезде қаперіне кірмеген. Оңай олжаға қызыққан ол 2019 жылы 1 миллион 350 мың теңге ақшасын салып жіберген.
«Тіркелген кезде 5 мың теңгеге бонус береді. Бонустарды жинап зергерлік заттар алуға болады деген соң, соған қызығып барғанбыз. Сол кезде ақша салдық, ақпанның аяғында барғанда компанияның кабинетінде ешкім болмады. Наурызда жабылды», деді салымшы Ақмарал Асқарова.
Көп ұзамай алданғанын аңғарған Ақмарал өзге де зардап шеккендермен бірге Алматы қалалық экономикалық тергеу департаментіне арызданған. Тергеу амалдары мен сот процестерінің нәтижесінде салынған қаржыны үш жыл өткен соң өндіріп алып отыр. Кейбір азаматтар 10-15 млн теңгеге дейін қаржы құйған.
«Ақшамызды алдық. Алаяқтар жазасын алсын десек, өзіміз де жүгіруіміз керек, ерінбей, жүгірсеңіз ақшаңыз қайтады. Шындығында іс алға жылжып, жазған өтініштердің барлығы қаралып жатыр. Сол үшін департамент қызметкерлеріне рахмет айтамыз», дейді «салымшы» А.Асқарова.
Елдің ақшасын шетел асырмақ болған компания бүгінде ресми түрде қаржы пирамидасы деп танылып, тергеу барысында жобаның 2 миллиардтан аса қаражаты бұғатталып, дүние-мүлкі тәркіленген.
«Бастапқыда 197 азамат 123 миллион теңгеге жуық қаражатын қайтарды. Бүгінгі таңда 230 азамат, яғни 300 миллион ақшасын қайтарып алды. Бұл жұмыс әлі жалғасады. Департамент қызметкерлері қаржы пирамидаларын әлеуметтік желілерге шыға бастағаннан бастап шектеу қойып, жұмысты белсенді жүргізіп жатыр», дейді Алматы қалалық экономикалық тергеп-тексеру департаментінің өкілі Жақсылық Мырзахан.
Жалпы, дәл осы компанияның арбауына елімізде 10 мыңға жуық адам ілінсе, соның ішінде тек 2 мыңнан аса азамат арыз түсірген. Ал 2022 жылы Алматы қаласында 8 қаржы пирамидасы анықталып, жолы кесілген.
Қаржы пирамидасының келесі құрбаны Дина Оңғарбаева да 2020 жылдың қаңтар айында «B2B Jewelry»» компаниясына қомақты қаражат құйған. Кейін алданғанын білген ол да Алматы қалалық экономикалық тергеп-тексеру департаментінен көмек сұрауға мәжбүр болады.
«Екі жыл бойы сандалып жүріп, тергеу әрекеттерінің арқасында 2022 жылдың желтоқсанында ғана ақшамды қайтарып алдым. Құқық қорғау мекемелерінің барлық қызметкеріне, экономикалық тергеп-тексеру департаментіне, прокуратура мен сот жүйесіне осы қылмыстық істе кәсіпқойлық танытып, қаражатымызды қайтарып алуға көмектескені үшін алғыс айтамын», дейді Дина Оңғарбаева.
Қысқасы, қазір «B2B Jewelry» қаржылық пирамидасын құрған адам жеті жыл арқалап, абақтыда отыр. Алайда әлмисақтан оңай жолмен байығанды құп көретін көрсеқызарлар барда алаяқтар да қылмысын тыя қоймасы анық. Ақпараттық технологиялардың арқасында жүздері мен әрекеттерін мың құбылтып, олжаға оңай бата саламын дегенді қақпанға түсірудің қырық түрлі айласы шығып жатыр.
Телеарнаның пирамидаға қатысы бар ма?
Осы мәселеде шыққан түп-төркіні дүдәмал дәрі-дәрмектерді жарнамалауға дәндеген «Асыл арна» телеарнасын да айналып өте алмаймыз.
Бұл күндері Алматыда Astex.kz және Mudarabah Capital қаржы пирамидасына байланысты істегі сотталушыларға қатысты сот процесі жалғасып жатыр. 12 қаңтарда іс бойынша жәбірленушілерден сотта жауап алынды. Сотталушылардың арасында танымал вайнерлер Мейіржан Төребаев пен Мейірхан Шерниязов та бар. Алайда қаржы пирамидасына 10 миллион теңге салған әйелдің жарнаманы вайнерлерден емес, «Асыл арна» телеарнасынан көрдім дегенін құзырлы мекемелер естіді.
«...Жарнаманы «Асыл арна» телеарнасындағы бағдарламадан, тікелей эфирден көрдім. Ол жерде Руслан Бұрқанов (Mudarabah Capital ЖШС директоры, сотталушы) пен Тимур Рүстемов (сотталушы) осы компания туралы айтты. Содан кейін еш күмәнданбастан ақша салдық. Сол кезде үйімізді сатқан едік, содан 10 миллион теңге салдық. Ол жерде («Асыл арна» телеарнасындағы бағдарламада) бәрі адал әрі ашық екенін, ақша халал жолмен келетінін айтты. Ақша медицина мен білім беру саласына салынатынын айтты. Табыстың бір бөлігі мұқтаж жандарға, ал қалған бір бөлігі бізге, бір бөлігі ұйымдастырушыларға беріледі деп түсіндім», дейді Алма Бердібаева.
Айтуынша, бағдарламада Бұрқанов пен Рүстемов Mudarabah Capital-дың тендермен айналысатын басқа компаниямен жұмыс істейтіндерін айтқан. Жәбірленуші Алма Бердібаева өзі салған 10 миллион теңгенің 1,5 миллион теңгесін екі бөліп алған.
Айтқандай, зардап шеккендер арасында 2022 жылдың сәуірінде Астанада көшеде өзін-өзі өртеген Бағила Досмаилова да бар. Ол да сотта мұндай әрекетке баруға не мәжбүрлегенін баяндады.
«Бұған Рустам Абдрахмановтың (Алматы қаласы полиция департаменті бастығының орынбасары болған) істі немқұрайлы жүргізгені, іс бойынша Құрманғалиев пен Дания Рахимованы қорғағаны себеп болды. Өз-өзімді өртегеніме вайнерлердің қатысы жоқ. Өзімді өртеудің алдында бірнеше күн бұрын видео жариялап, менің өліміме Рустам Абдрахмановты кінәлі деп тануды сұрадым», дейді жәбірленуші Бағила Досмаилова.
Мейлі олар ақшаны өз қолымен апарып салды, жауапкершілік өздерінде, оңай олжа табамыз деп ұрынды делік. Бірақ имандылық жолындағы жалғыз телеарнаның күмәнді қаржы ұйымын жарнамалап, елді адастырғанын қалай ақтап алуға болады? Әріптестеріміздің «тергеу әділ жүрсе, бұл БАҚ өкілдерінен де бір жауап алынуы керек, олардың вайнерлерден несі артық», дейтін уәжі бекер емес.
Қалай арбайды, қалай алдайды?
Таяу күндері бізді «70 миллиондық үй» деген Whatsapp желісіндегі чатқа қосып қойыпты. «Админ» 200 жүздің үстінде адам отырған чатқа адамдарды үсті-үстіне кіргізіп отыр. «Пәлен деген ғажайып табиғи дәрі-дәрмекті алсаңыз ауру-сырқауыңыздан құлан-таза айығасыз. Ішкен сайын керемет боласыз, артыңыздан пәлен адам, пәлен адамның артынан тағы түген адам әкелсеңіз, байыған үстіне байып, керемет пәтер, шетелдік сапар, қымбат көлік береміз» деп сандуғаштай сайрап отырғандар сұрақтарға жалтармай жауап беріп отырған сияқты көрінгенімен, күмәнді тұстары өте көп. Жұрттың бәрі осы дәріні ішіп жазылып жатса, онда неге ауруханалар науқасқа толы? Бұл компаниялар қымбат көлік, шетелдік жолдама, зәулім үйлерді қандай ақшасына сатып әпереді? Егер сұрағыңыз көбейе бастаса, онды чаттан сізді шығарып тастайды. Бұл – бір ғана мысал.
Ал «алаяқтар салымшыларын қалай арбайды және адамдар оларға қалай алданады?» деген сұраққа келсек, бәріне ортақ бірнеше белгісі бар. Алдымен олар қарапайым халықты ресми мекемелер мөрлеген құжатпен сендіреді. Жауапкершілігі шектеулі серіктестік (ЖШС) ретінде заңды тіркелген ұйымының құжатын көрсетеді. Әдетте, мұндай құжаттардың түр түрі ұйым кеңсесінде ілулі тұрады. Оның қайсысы шын, қайсысы өтірік, өздеріне ғана аян. Алайда елімізде заңды тұлғаны тіркеу www.egov.kz сайты арқылы 5-10 минутта жүзеге асатынын көпшілік біле бермейді. Білсе де, оған негізгі құжат ретінде сенеді.
Мысалы, жоғарыдағыдай «70 миллиондық үй» деген чатта осы дәріні ішіп, жазылып кеттім деп жұрты иландырып отыратын арнайы адамдар бар. Салымнан мол табыс тапқан, шетелге саяхаттаған, қымбат көлік не өзге бұйымдарға қол жеткізген олар өзгелерді «нақты мысалымен» иландырады. Адамдар бейсаналы түрде олардың орнына өзін қойып көріп, көңілі ауады. Психологиялық, материалдық тұрғыда байланады. Алдау мен арбауға сыни көзбен қараудың орнына, басын сұғып алғаннан кейін салған ақшасын қайтарамын деген дәмемен өзгелерді де үгіттей бастайтынына күдігіңіз болмасын.
Әбден әккі болып алған алаяқтар елдің әлсіз тұстарын дөп басады. Материалдық еркіндік, сұлулық, салмақ тастау, кәсіп ашу, өзіңді жетілдіру, өзіңе сенімді күшейту сынды бүгінгі заманның сәнді құндылықтарын ұсынады. Осылайша, салымшылардың басын айналдырып, қосымша кеңес, тренингтер жүргізеді. Әлеуметтік желі арқылы жарнама жасайды.
Адамның ең қымбат капиталы – сенімді қолданады. Ақиқатын айту керек, қаржы алаяқтарына қызмет ететіндер алдымен өз таныстары мен туыстарын құрбандыққа шалады. Бастапқыда өзі де сенеді, сосын өзгелерді азғырады. Қаржылық қылмыскерлер пысық клиенттерін қалай дәніктіріп қоюдың да тәсілдерін меңгерген. Құдды бір қасиеті бар дерсіз, бірақ бұл – адамдарды зар илетіп, қарызға батырып, қан қақсатып қоятын қара талант!
АЛМАТЫ