Бюджет қаржысының тиімсіз жұмсалғанын көргенде амалсыз бармағыңды тістейсің. Әсіресе ауызсуға бөлінген қыруар қаржы мақсатты жұмсалмай, құмға сіңген судай боп із-түзсіз жоғалып жатыр.
Өңірде қаншама жылдан бері сапалы ауызсуға жарымай отырған жер – облыс орталығы. Жаза-жаза жауыр болған тақырып. Тағы бір айтсақ деп едік – халық үніне құлақ асатын үкіметтің назарын аудару мақсатында. 250 мыңнан астам тұрғыны бар шағын қала тұрғындары көктем мен күзде сасыған сары су ішіп отыр. Өзге уақытта да өңі күмәнді, сапасы сын көтермейтін су ішеді. Басқа амалы қайсы?
Бұл тарапта талай шаруа жүзеге асырылуға тиісті еді. Негізінде судың сапасыз болуы облыс орталығындағы су тазалайтын стансаның әбден тозығы жетіп, ескіруінен болып отыр. Оны анықтау үшін маман болудың тіпті де қажеті жоқ. Мемлекетке өкпелеудің қисыны келмейді. Бюджеттен миллиондаған қаражат бөлінді. Бірақ жергілікті биліктің берекесіздігінен шаруа оңғарылмай жатыр. 2011 жылы су желілерін тазарту құрылғыларын жаңғыртып, бастапқы қалыптан әлдеқайда кеңейту арқылы 60 мың текше метр су өткізуге қуаты қаптал жететін су тазалау қондырғысының құрылысы басталған болатын. Жағымды жаңалықтан құлақтанған қала тұрғындары «әп, бәрекелді!» деп желпінісіп қалды. Стансаның құрылысы аяқталған соң аузымызға таза су тиетін болды-ау деп әлгі құрылғы орнатылатын Бұқпа тауының баурайына қарап телмірген.
Тапсырыс беруші қалалық әкімдіктің құрылыс бөлімі еді. Жұмысты «AEGISinc» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қолға алды. Мемлекеттік сатып алу келісімшарты бойынша 1,623 млрд теңгенің келісімшарты жасалды. Алғашқы жылғы қарқынмен қомақты қаржының 538,1 млн теңгесі игерілді. Мердігер ұйым цехтың, су сапасын сараптайтын зертхананың ғимараттарын жарым-жартылай көтерді. «Қырсыққанда қымыран іриді» дегендей, келесі жылы конкурс жұмысынан кінәрат шығып, қалалық сот жұмысты тоқтату туралы шешім шығарды. Ел де елеңдей бастады. Әйтсе де үміт үзілген жоқ.
2012-2013 жылдары конкурс қайта өткізілді. Бұл жолы «АП Импекс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жеңімпаз болып танылды. 2013 жылы 181,24 млн теңге игерілгенімен, әуел баста берекесіз ұйымдастырылған жұмыс кілт тоқтап қалды. Сөйтіп, жалпақ жұрт үміт еткен жақсы бастама сүттей іріді. Міне, арада он екі жыл өтсе де жақсылықтың желі есетін емес.
Таяуда облыс әкімдігіндегі отырыста өңірдегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдар мәселесі талқыланды. Мемлекеттік аудиторлар қаржылық бұзушылық көп анықталғандығын айтып отыр. Өңірлік сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басшысы Арман Рахимовтың мәлімдеуінше, экология және сумен жабдықтау мәселелері ерекше назар аударуды қажет етеді. Біз бұл тақырыпты бірнеше мәрте ел газеті «Егеменде» жазып, дабыл қаққанбыз.
– 2021 жылдың басынан бастап соңғы мердігер келісімшартты орындамаған. Бұл ретте Көкшетау қаласының құрылыс бөлімі шартты бұзу жөнінде тиісті шаралар қабылдамаған. Демек оған негіз болған жағдайда міндетті түрде қайтарылуға жататын алдын ала жасалған төлемақы бюджетке қайтарылмай отыр. Енді жобаның құнын түзету керек. Ол 1,5 млрд теңгеге ұлғайтылуы мүмкін. Құжаттар мемлекеттік сараптамаға тапсырылған. Осылайша, кезінде дұрыс атқарылмаған жобаның құны енді төрт есе қымбаттап кетуі мүмкін. Жауапкершіліктің жоқтығынан облыс орталығының тұрғындары ондаған жылдар бойы таза ауызсу іше алмай отыр, – дейді А.Рахимов.
Сумен жабдықтау тарапындағы өткір мәселелер облыс орталығымен қатар аудандарда да тұнып тұр. Мәселен, Зеренді ауданының Алексеевка, Бұланды ауданының Никольское, Аршалы ауданының Жібек жолы, Жарқайың ауданының Шойындыкөл, Есіл ауданының Заречное ауылдарында су құбыры желілерін жаңғырту жұмыстары әлі аяқталған жоқ. Бұл жобаларға қыруар қаржы бөлінген. Осы арада айта кететін бір жайт, аталған елді мекендердегі су құбырларын қайта жаңғырту жұмыстарының барлығын бір мердігер ғана ұтыпты. Осы арада неліктен бұлай болды деген сауал туындайтыны анық. Әлгі жемсауы толмайтын жемқорлықтың құлағы осы жерде қылтиып тұрған жоқ па екен?!
– Бұл нысандар бойынша жұмысты жүргізуге тиісті мердігер «Монолит» серіктестігі Алматы облысында тіркелген. Мекеменің шартты міндеттемелерді орындауға қажетті материалдық-техникалық базасы мен білікті мамандары жоқ. Алматы мен Қостанай облыстарында да аяқталмаған нысандар бар болып шықты. «Дәнекер» серіктестігі де бірқатар аудандардағы сумен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстардың орындалу мерзімін ұзартып, өз міндеттемелерін талапқа сай орындамаған. Осы арада мердігерлердің адалдығы туралы сұрақ туындайды, – дейді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басшысы А.Рахимов.
Ендігі бір түйткілді мәселе – мемлекеттік сатып алу. Кей тұста бір көзден заңсыз келісімшарттар да жасалып жатады. Айталық, өткен жылы «Көкшетау Жылу» коммуналдық кәсіпорны мемлекеттік сатып алуды заңсыз жүзеге асырған. Мемлекеттік сатып алу нормалары қолданбай, көмірді тасымалдауға тікелей шарт жасасқан. Ал алдыңғы жылдары дәл осы қызмет заңнамада белгіленген тәртіппен жасалған. Лауазымды адамдардың осы тараптағы іс-әрекеттері белгілі бір өнім тасымалдаушыларға артықшылық беру, оның ішіндегі мемлекеттік аудиттің камералдық бақылау жүйесін айналып өту түріндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін аңғартады.
Көкшетау қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автожолдар бөлімінің басшысы Әділет Рахымжановтың тарапынан да мемлекеттік сатып алу заңсыз жүзеге асырылып отырған. Тек 2022 жылы ғана осындай заңсыз әрекеттері үшін шенеунік 2 млн теңгеден астам сомаға 14 рет жауапкершілікке тартылған. Белгіленген тәртіп бойынша айыппұл жеті күн ішінде төленеді. Миллиондаған айыппұлды төлеу үшін қажетті аткөпір қолма-қол ақша қайдан құйылып жатыр деген сауал өз-өзінен туындайды емес пе?! Мұндай жағдайлар өңірдің басқа аудандарында да кездесуде. Мәселен, Бұланды ауданының құрылыс бөлімінің басшысы С.Сыздықов Макинск қаласында 253 млн теңге сомасында жылумен жабдықтаудың инженерлік желілерін салуға арналған конкурс комиссиясының төрағасы бола отырып, 10 өтінім берушінің өтінімдерін заңсыз қабылдамай, тек 2 серіктестікті ғана таңдаған. Тексерісті күтпестен зияткерлік меншік нысаны ретінде олардың біреуімен заңсыз келісім жасаған. Сөйтіп, 2021 жылы ол 3 млн теңге көлемінде 21 рет әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Обалды ұмытқандар оңдырмайтыны көрініп-ақ тұр. Облыста мемлекеттік аудиторлар 10 млрд теңгенің бұзушылықтарын анықтады. Қаржылық бұзушылықтың негізгі бөлігі құрылыс-монтаждау жұмыстарына тиесілі. Атап айтқанда, мемлекеттік органдар жалпы көлемі 2 млрд теңгеден астам қаржыны нақты орындалмаған жұмыс үшін негізсіз төлеген. Мұндай сорақы фактілер Целиноград және Аршалы аудандарында орын алып отыр.
Мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру ережелерін бұзу фактілері де кездесуде. Мектепке дейінгі мекемелердің есепшоттарына нақты көрсетілмеген қызметтер үшін жалпы көлемі 518 млн теңгенің қаражаты аударылған. Осындай өрескелдікке жол берген бұзушылықтар үшін 123 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылып, мемлекеттік аудиторлар лауазымды тұлғаларға әкімшілік құқық бұзушылық туралы 377 хаттама жолдаған.
Мемлекеттік қызмет істері департаменті 479 бұзушылықты анықтап, 32 нұсқама енгізіп, 26 мемлекеттік қызметшіні тәртіптік жауапкершілікке тартқан. 19 мемлекеттік қызметші мен квазимемлекеттік сектор қызметкерлері сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жасағандары үшін кінәлі деп танылған, 6 басшы тәртіптік жауапкершілікке тартылса, 3 басшы қатаң сөгіс алған. Олардың қатарында Степногор қалалық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы Дархан Оспанов пен Бурабай ауданының әкімі Әсет Мұздыбаев бар.
Індетіп іздесеңіз, қай тараптан да дәл осындай берекесіздіктің бейнесін көрер едіңіз. Егер осы ысырап болған қаржы желге ұшып, жерге сіңіп кетпегенде, өңір ендігі иранбағындай құлпырып тұрмас па еді. Сол күнге жеткізбей жатқандар – обалды ұмытқандар. Оңала алмай жатқанымыз да бәлкім содан шығар.
Ақмола облысы