Ел астанасында Мәдениет және спорт министрлігінің мәдениет, архив, баспа ісі салаларына арналған кеңейтілген алқа отырысы өтті. Алқалы жиынға Премьер-министрдің орынбасары Алтай Көлгінов, мәдениет саласының қызметкерлері және зиялы қауым өкілдері қатысты.
Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов ең алдымен 2022 жылы атқарылған жұмыстардың қорытындысын баяндап, алдағы жоспарларды да атап өтті. Сала басшысының айтуынша, биыл мәдениет саласы қызметкерлерінің мәртебесін арттыруға баса назар аударылмақ. Еске салсақ, былтыр ұлттық мәртебесі бар мәдениет ұйымдары қызметкерлерінің еңбекақысы екі есеге өскен еді. Қазір елімізде осындай бес ұйым бар. Министрлік ұлттық мәртебесі бар нысандардың санын көбейтуді жоспарлап отыр. Сондай-ақ биыл мәдениет саласының мән-маңызын арттыру үшін өңірлерде жүйелі жұмыстар жүргізілетін болады. Мәселен, сала қызметкерлерінің – ЖОО концертмейстерлерінің, үрмелі музыкалық аспаптарда ойнайтын мәдениет ұйымдары қызметкерлерінің, би ансамбльдері әртістерінің және басқа да өнер адамдарының еңбекақысы артуы мүмкін. Ол үшін министрлік заңнамалық өзгерістерді қабылдау бойынша жұмыс жүргізу керек.
А.Оралов жас жазушылар мен ақындар үшін де жағымды жаңалықты жеткізді. Осы жылдан бастап тұңғыш рет Президенттің әдеби сыйлығы тапсырылады. Әр аталымның жеңімпазына 4 млн теңге көлемінде сыйақы берілмек. Министр жас таланттарды қолдау мақсатында бастау алған игі жобаның заманауи әдебиеттің қалыптасуына мүмкіндік беретінін айтты.
Сонымен қатар мәдениет қызметкерлеріне де айрықша көңіл бөлу жоспарланған. «Мәдениет қызметкерлерінің шетелдік әріптестермен танысып, тәжірибе алмасып, жаңа білім алуына арналған халықаралық форум өткізу жоспарланып отыр. Бұл басқосуға аға буын өкілдерінің бас болып атсалысуы аса маңызды. Олардың тәжірибесі мен білімі жастарға үлгі болатыны сөзсіз», деді Асхат Оралов.
Алқа отырысында Премьер-министрдің орынбасары Алтай Көлгінов Мәдениет және спорт министрлігіне бірқатар тапсырма берді. Солардың бірі – монументалды өнер, археология саласындағы мемлекеттік бақылауды күшейту. Оған қоса монументтер жөніндегі комиссияның жұмысын жолға қойып, әкімдіктермен бірлесіп көрнекті тұлғаларға ескерткіштер орнату бойынша бақылауды күшейту керек екенін атап өтті. Сондай-ақ тарихи мұраны қорғау жөніндегі өңірлік инспекциялардың қызметін күшейту, өңірлерде мониторингтік тексеруді ұйымдастыру қажет деді.
Премьер-министрдің орынбасары театр өнерін дамытуға ерекше назар аударды. «Театр өнері қоғамның мәдени дамуында, адамның рухани баюында айрықша рөл атқарады. Сондықтан министрлік азаматтарымыздың, әсіресе жастардың театрға баруын арттыру үшін барлық жағдайды жасау қажет», деді Алтай Көлгінов.
Министрлік отандық театрлар мен киностудияларды жаңғырту және қалпына келтіру мақсатындағы жоспарларымен бөлісті. Мәселен, бұл жұмыстар, ең алдымен Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясында, одан соң қалпына келтіру жұмыстары 2026 жылы 100 жылдық мерейтойын атап өтетін М.Әуезов атындағы Ұлттық академиялық қазақ драма театрында да жүргізілмек.
Мәдени ағартудағы бұл өзгерістерден бөлек туризмді дамыту үшін де жағдай жасалады. Атап айтсақ, тұрғындардың жазғы демалыстарын ұйымдастыруға арналған төрт сапар-орталық құрылады. Биыл «Ордабасы», «Сауран», «Сарайшық» және «Есік» визит-орталықтарының құрылысы аяқталмақ. Сапар-орталықтар барлық заманауи стандарттарға сай. Сонымен қатар Астанада «Бозоқ» ұлттық паркін салу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
«Алматыда Орталық мемлекеттік архив жанынан архив қоймасын салу – алға қойылған маңызды міндет. Орталық мемлекеттік архив қоймасын кеңейту – тарихи-мәдени мұраның бай қабатын сақтау және оған тың құжаттардың қосылуына жағдай жасау үшін жасалып отыр», деді А.Оралов.
Сондай-ақ кітапхана қорларын толықтырып, оқырман жинау үшін, жалпы заманауи кітапхана жүйесін қалыптастыру жолында бірқатар іс-шара ұйымдастырылмақ. Былтыр өңір кітапханаларына 506 мың дана кітап таратылды. Биыл бұл бағыттағы жұмыс күшейтіледі. Әсіресе, министрлік оқушылар арасында кітап оқуды насихаттауға ерекше назар аударып отыр.
Өткен жылы аталған ведомствоның жүйелі жұмысының нәтижесінде 7 000 тарихи құжат шетелден елге жеткізілді. Бағалы құжаттарда ұлт тарихындағы түрлі кезеңдегі оқиғалар туралы ақпарат бар, олармен қазір тарихшылар мен ғалымдар жұмыс істеп жатыр. Айта кетейік, құжаттар Германия, Италия сияқты еуропалық мемлекеттерден әкелінді.
Бұдан бөлек былтыр 18 археологиялық зерттеу жүргізіліп, еліміздің түрлі өңірлерінде 30 ескерткіш қалпына келтірілген. Оның ішінде Әзірет Сұлтан музей-қорығы, Отырар қаласы, Жаркент мешіті, Ботай кенті, Бөкей ордасы, Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйі, Бекет ата жерасты мешітінің нысандары бар.
«Министрлік шетелден әкелінген тарихи құжаттардағы ақпаратты ғалымдардың зерттеулерінен кейін жариялайды. Бұл оқушылардың еліміздің тарихы туралы жаңа білім алуына жол ашады. Сонымен қатар министрлік сапалы кітаптар шығаруға да көңіл бөлмек. Біз еліміздің кітапханаларына сапалы әдебиеттер жеткізетін боламыз», деді министр.
Алқа отырысы барысында сала өкілдері архив қоймаларының жүктелу мәселесін шешу жолын саралап, 500 мың сақтау бірлігіне 20-ға жуық мемлекеттік архив ғимаратын салу ұсынылды.
Жиын соңында А.Оралов аталған орган Мәдени саясатты дамыту тұжырымдамасын қабылдайтынын айтты. «Мәдени саясатты дамыту тұжырымдамасының жобасында Ұлттық жоба мен Президенттің сайлауалды бағдарламасындағы көрсеткіштер интеграцияланып, халықаралық тәжірибеге шолу жасалды және мәдени саясаттың басым бағыттары қамтылды», деді ол.